ҚАСИЕТТІ ҚАРА ҚАЗАН

1  572 көрілім

Өткен күнді еске алу ғанибет. Оны еске алып сыр етіп әңгімелесем:
Айналайын ата бұл айтып отырғаныңыз ертек пе, әлде таусылмайтын
жыр дастан ба?! – деп едің.
Шырағым балам, ертек те емес, дастан да емес, Кешегі өмір тынысы, тіршіліктің қайнар көзі.
Ал, балам тыңда,- деп тіршілік тынысын Тыныштық ақсақал көрген білгенін иненің көзінен өткендей сабақтап бастап кетті.

– Ел басына күн туған сұрапыл соғыстан кейін халық есін жиып өз шаруашылығын дөңгелете бастады. Ол кезде бір атаның балалары, бір рулы ел ұжым болып еңбек ететін. Біз қазыналы Қаратау қойнауындағы жері көк майса шалғын, суы тұнық, балдай тәтті мөлдір «Егіз қара» елді мекеннің «Қос күрең» қонысының «Ақ ши» бұлағынан сусындап, өз шаруашылығымызды қамдап игеріп елмен бірге күн көріп еңбек еттік.

Уақыт өте атақонысымыз елді мекен «Қос мезгілге» қайта қоныстандық. Егін ектік, дихан болдық, мал бағып күн көрдік. Біздер бір топ ағайын- туыс болып, «Қарсақты» өңіріне қоныс тептік. Елде әлі де жоқшылықтың белгісі көрініп тұрды. Күн көрістің қамы үшін егістіктен масақ беріп, оны алаша үстіне жайып, қырман етіп ат- есекпен бастырып, масақтан айырылған бидай дәнін суырып, қаптап, «Бабайқорған» ауылындағы су диірменге тарттырып, ұн етіп қыстай нан пісіретінбіз.

Көршіміз Қатира апам мен Ағман көкем, анам Науша, әкем Тілеулі жай қамыспен жабылған қоржын үйде отыратынбыз. Қатира апам мен Ағман көкем өте балажан жандар еді. Жалғыз ұлы Мейірбек Алматыда жоғары оқу орнында оқитын. Баласын сағына ма, ауылдың кішкентайлары, Ысқақтың Өтегенін, Ертіштің Құдакешін және мені өздеріне шақырып алып:

– Ал балалар нан тәтті жесең жеген сайын жегің келеді. Нан күш береді. Қане қайсысың мықты екенсіңдер- деп қара табаға піскен ыстық нанға күбіде піскен қойдың майын жағып береді.

Жеп болған соң: «Ал қәне күресіңдер, қайсысың мықтысыңдар білейік.

Серейген ұзын бойлы Өтеген қайсымызды болсын жығып, «Сый» таба нанды сол еншілейтін. Шіркін балалық тағы да белді буып күресе кететінбіз.

Ол кезде сенікі менікі деген жоқ. Кешкілік қара қазанда қайнап піскен жұқпа, қатырма, сыр күріш, май қамыр, бес бармақты таласып тармасып бір дастарханда мәз мейрам болып тамақтанатынбыз. Наурызда жылы көже қайнатып үй- үйге бөлсек, қысқа дайындаған соғымызды әр үйде кезек кезекпен қонақ етіп күтетінбіз. Қысқы отынымыз, қойдың қорасынан ойып алған көң, жазда жинап алған жусан түбіртегі. Оның жылуын айтсайшы. Таңға дейін көңнің оты сөнбейді шоқ болып тұрады. Жұқпа, сыр күрішпен тамақтанғанымызда әкем Тілеулі «Біздің ауыл бұлай көшті деп ортада тұрған майды өзіне қарай ағызады. Өйстіп жеңдер- деп бізге де майлы қасықпен ілегенге із салушы еді.

Ой астың дәмдісін-ай, аузыңнан дәмі кетпейді. Ошақта, қара қазанда қайнап піскен астың дәмі тәтті.

Айтпақшы он шақты уақ малдан ет, сүт, айран, күбі пісіп құрт майымызды да айырып отырамыз. Күбіде піскен айран жазда шөліңді қандырса, қыста құртын ағаш аяққа езіп, малтасын жеп, айранын ішсең жаурап тоңуды білмейсің.

Жазда « Қос мезгіл» ауылының жоғарғы күнбатыс жағынан «Қара-құм Сидақта» егістігіміз болатын. Бабайқорғанның «Абай» өзенінен ағын су келетін. Сол суды пайдаланып, қауын- қарбыз егетінбіз. Ол қауынның дәмін айтсаңшы, ақ қауын, қара қауын басыбалды езіліп піскенде жесең тіліңді қуырып тәттілігінен тілің ойылып кетеді. Шешелеріміз одан қақ дайындайтын. Оразада қақ пен май, сөк қарынды ашымайды. Мұның бәрі қара қазанда қайнаған астың құдіреті: Өрісте өрген қойымыздың күзем мен жабағы жүнін жыңғылдан алған түзу сабау қамшымен сабалап оны түтіп, бояп, киіз басып, жіп иіріп алаша тоқитын апаларымыз.

Ол күндердің бәрі ертегі сияқты артта қалды. Қасиетті қара қазанның кереметі әсте естен кетпейді. Өмір қашанда қозғалыста. Біреулер келеді, біреулер кетеді. Ел тойынғасын жұмыс бастылықпен біреулер қалаға қоныс аударса, тұрғылықты адамдар ауылда өсіп-өніп жатыр. «Бармаса ағайын жат, келмесе жегжат жат». Аллаһ содан сақтасын. «Дүниеге келмек бар, дүниеден кетпек бар». Қалаға қоныс аударған Тілеулі қария мың айдың жүзін көріп о дүниеге аттанды.

Құдайы қоңсысы болған, туыстай сыйласқан Ағман көкем мен Қатира апам: «бауырым, ағатайым» – деп егіліп жылап, ақтық сапарға шығарып салды. Бұл ненің құдіреті әрине ошағы сөнбеген, қазаны оттан түспеген ырзық-несібені бірге бөліп жеген ынтымақ пен сыйластықтың қасиет құрметі.

Бұл әңгімені ермек үшін сыр етіп айтып отырған жоқпын. Шүкір өстік-өндік, дамыдық көркейдік. Тоба дейік. Сіз болып біз болып өткенді еске алып ұмытпасақ деймін. Қазіргі ұрпақ дайынға ие. Қара қазанда қайнаған қатырманы, күбіде піскен құрт майды, малтаны, келіде түйген сөк пен талқанды, диірменде тартқан ұнды білмейді, көргенде емес. Қасиетті қара қазанды қастерлейік,- деп ойын түйіндеді Тыныштық ақсақал.

Иә, ошағымыздың оты сөнбесін, қазанымыз оттан түспесін. Қара қазанымыздың қасиеті жоғалмасын. Қарнымыз тоқ, уайымымыз жоқ болып, тәңір беретін несібесі таусылмасын. Сізден әрекет, Алладан берекет болсын деп дұға тілек етейік, ағайын.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,
зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы