ҒАСЫР ТӨРІНЕ ТӨРЛЕТ «ТҮРКІСТАН»

573 көрілім

Үнқағаз халықтың айнасы, көзі-құлағы әрі тілі деп үн қосып еді ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов. Бала кезімде мектеп қабырғасында оқып жүргенде мектеп өмірінің тыныс тіршілігін республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» сонымен қатар, жергілікті «Коммунистік еңбек» үнқағаздарына жазып тұрушы едім. Жолдаған мақалаларымның бірі жарық көріп, бірі шықпай қалып жүрді.

Мектепті бітіріп, үлкен өмір жолын бастадық. Еңбек ете жүріп көрген білгенімді, өнегелі жандардың өміржолын сүйікті үнқағазымыз «Коммунистік еңбекке» жазып беретінмін.

Бұл 1967 жыл еді. Міне, содан бері «Коммунистік еңбек» басылымы екінші еншілес еңбек үйім болды. Сол кездері қоғамның белсенді қайраткері, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі Тұрабай Мырзахметов басқаратын үнқағаз қызметкерлері тіс қаққан азулы журналистер болатын.

Сонау 1970 жылдың басында бір топ жас журналистер легі келіп қосылды. Олар Тілеуқабыл Мыңжасаров, Балтабай Нұржанов, Төрехан Рамбердиев. Жыл сайын 5-мамыр баспасөз күні аталып, үнқағазға белсене қатысқан тілшілер тобы сый-сияпатқа, мақтау қағаздарына ие болатын. Сондай сыйдан мен де құр қалған емеспін.

Бірде Тұрабай ағамыз маған Жекен Жұмахановтың «Мен жұмысшымын» атты әңгіме, повестер жинағын тапсырып тұрып: «Айтарың ақиқат, жазарың шынайы шындық болсын» -деп ізгі ниетін білдірді. Мәдени үгіт тобымен Тілеуқабыл Мыңжасаров ауыл өмірі мен малшылар тұрмысымен танысу үшін бізбен бірге сапарға шықты. Ол жүрген жері сырға толы, ізгі ниетті, кішіпейіл азамат. «Қайрат» футбол командасының жанкүйері болатын. Көпті өзіне қарату үшін футбол ойынынан репортаж жүргізетін. Төрехан да көпшіл, сезімтал ақын еді. Екеуіміз бірлесіп III- интернационал колхозының үздік шопаны, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері Нұрым Мұсаев туралы «Ақтылы қой өргізген» атты көлемді очеркті жазғанымыз есімде.

Жастар тобына ілесе келген журналист Балтабай Нұржанов жұмысқа «Ынтымақ» ауылынан келуші еді. Еңбекқорлығы өзгеше, ерекше азамат болатын.

Табан ақы, маңдай тердің жемісі болар «Түркістан» газетінің редакторы қызметіне тағайындалды. Ұлы Жеңістің 60- жылдығына орай басылым ішінен 200- ден астам соғыс ардагерлерінің өміржолы жайлы арнайы кітапша шығарды. Үнқағаз ұжымының қай қызметкері болсын өз істеріне ұқыпты іскер жандар еді. Тіпті бас есепші Рысқожа Құттықадамов орайы келгенде өлең де жазатын. Бір уақыттарда ұжымда Әмидулла Көпбаев екеуміз қатар келіп қалдық. Ойын-шыны аралас Рысқожа ағасына, мен ұжымнан енші алған емеспін бір қабырғам сіздер деп бұрып тұрады,- деді.

– Онда еншібасыңа қаламсап, кітапша берейік – деп Рысқожа стол суырмасынан алып берді. Бұл бір бұйымтай сыйлық емес, өзара ынтымақ, сыйластық, қадір-қасиеттің белгісі еді.

Ұжымда газеттің өзбек бөлімінде Өктем Анарбаева, Фазыл Әлиев, Ғазихан Мәжитов бір кісідей ынтымақта еңбек етті.

Үнқағаздың тірегі тілшілер қауымы. Сол кезде Үшқайық ауылынан ұстаз Закира Оразымбетова, Ынтымақ ауылынан Сағит Шакиров, саурандық Тұрғанбек Нұржанов, құшаталық Есен Байтуов, түркістандық Иса Әмиров үнқағазға өзіндік үн қосқан сайыпқырандар еді.

Есімде қалған еңбекқор қызметкерлердің арасында фотосуретші Үркінбек Елеубеков, Өмірзақ Пірімбетовтың еңбектері ерекше. Үркінбек «Восход» мотоциклімен ел- елді аралап, еңбек озаттарын жұмыс орнында суретке түсіретін.

Айта берсең қарымды қаламгерлердің еселі еңбегін халық жырлап айтып тауыса алмайды. Олар халықпен бірге, халық олармен бірге болатын.

Бүгінгі күні 90- жылдық тарихы бар сүйікті үнқағазымыздың көшін жастар легі иеленіп отыр. «Жас келсе іске» – деген. Мәлік Дәулетов осы үнқағаздың 18-інші редакторы және ең жас тағайындалған басшы.

Айта кететін өзекті мәселе үнқағаздың шығу мерзімі аптасына бір рет емес екі-үш рет шығып тұрғаны жөн. Тираж саны халық санына қарағанда аз. Бұдан да жаман күнімізде тойға барып той тойлап едік. Тәуелсіз елміз, одан кейін рухани астанамыз облыс орталығы болды. Бар мәселені шешетін қаржы.Сондықтан үнқағаз құрылтайшысы осы мәселені ойластырса екен. Түркістандықтардың төл газеті «Түркістанның» 90 жылдық мерейтойы құтты әрі баянды болсын.

М.ТІЛЕУБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы