Ел аумағында діни көзқарас төңірегінде мәселелер аз емес. Сәждеге бас қойғандар-дың ішкі сеніміне селкеу түсірмей, тура жолға бастай білу заман талабы. Бұл ретте имамдарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Осы талаптардың үдесінен шығуды бірізге салу бағытында ҚМДБ тарапынан оңтайлы шешімдер қабылданып келеді.
Осыған орай, Түркістан облыстық өкілдігінде жылдық есепті жиын өтті. Имамдар ҚМДБ-ның төрт бағыты бойынша есеп беруі шарт. Атап айтсақ, ЖАНТ, зекет, халал даму, пәтуаларды насихаттау, халықтың діни сауалдарына жауап беру бойынша есеп алынды. Мешіттердің жай-күйі мен кадр даярлау, маман тарту мәселелерін де пысықтау жайы күн тәртібінде қаралған. Сонымен қатар, имамдардың есебі бейнекөрініс, слайд және қағаз түрінде қабылданды. Аймақтардағы шешілмей жатқан өзекті мәселелерге де басымдық берілді. Осылайша имамдардың жұмысы рейтингтік жүйемен бағаланып, жыл көлемінде атқарылған тірліктерге мониторинг жүргізу мәселелері де қарастырылған.
Бұған қоса өңір өкілдігіндегі елеулі жаңалықтарды да атап өтсек. Облыс имамы Мұсабек Ақтамберді жылдық есепті жиынға жиналған аудан имамдарын биыл қызметке жаңадан тағайындалған әріптестерімен таныстырды. Облысқа наиб имам болып Мұхамеджан Жұмаділлаев пен Абдулкарим Абдукамал, Түркістан қаласына бас имам болып Нұрлан Абдоллаұлы Тәжібаев тағайындалды. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының бас имамы Мансұр Аймұхаммедов, Жетісай ауданының бас имамы Жорабай Дулатбаев, Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаевтар жалпы ортаға таныстырылды.
Қорыта келгенде, Түркістан қаласы наиб имамы қызметімен «Нәзір Төреқұлов» атындағы мешітінің бас имам қызметін қатар атқарып келген жерлесіміз – Мұхамеджан Ергешбайұлы да Түркістан облысы наиб имам қызметін абыроймен атқарады деген сенімдеміз және сәттілік тілейміз.