КӨПІР САЛУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ

702 көрілім

«Былай тартсам, өгіз өледі, Бұлай тартсам, арба сынадының» кері келіп тұр. Түркістан қаласындағы Бекзат мөлтек ауданының батыс бөлігінде «түрік елдімекені» деген бейресми атауы бар төрт мыңнан астам халық тұрады. Мұндағылар темір жолды жағалай қоныс тепкен. Сол жерде осыдан үш жыл бұрын адамдардың қауіпсіздігі үшін темір жолдың екі жақ беткейі темір шарбақпен қоршалған. Сөйтіп, аталған мекеннің әсіресе мектеп жасындағы балалары иегінің астындағы 400-500 метр қашықтықтағы мектебіне ат арылтып 2-3 шақырым жүріп айналып баратын болды.

Ата-аналар балаларының мектепке (Н.Төреқұлов, Қ.Сәтбаев, С.Ерубаев атындағы мектептерге) қиындықсыз баруы үшін жолаушылар көлігін де жалдапты. Оған әр балаға ай сайын 3000 теңгеден ақы төлейтін көрінеді.

Бұл жөнінде редакциямызға шағым арқалай келген қария Мәдібек Тілеубайұлы «бәрінен бұрын балаларға обал болды»,- дейді. Осы маңдағы тұрғындар әлгі қоршау жұмыстары басталған кездің өзінде-ақ мәселе көтерген. Сонымен бірге, қала әкіміне ұсыныс хатта жолдаған. Оған 2019 жылдың 6-желтоқсанында Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Б.Оразбековтен және сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ж.Байырхановтан №01-01.21/13252 санды хаты келген. Онда негізгі мәселе теміржол бойында 3 жерден жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу жоспарланғанын, алайда, тұрғындардың мәселесі сол жоспар күйінде қалып отырғанын жазыпты. Десе де тұрғындар игі істің кешеуілдегеніне «бұған кедергі болған елдегі пандемияның салдары да болуы мүмкін», – деп түсіністік танытып отыр. Оның үстіне індетке байланысты мектеп оқушыларының қашықтан оқуы да көңілге медеу болып тұрғанын айтады. Ал, алдағы уақытта дәстүрлі оқу жүйесі қайта басталса, тұрғындардың да мәселесі арта түспек.

Аталған мәселеге салғырттық танытып, немқұрайлы қарауға болмайтыны анық. Себебі, өткен жылдарда әлеуметтік желіде бейнекөрінісі кең таралған Алматы облысындағы Шамалған бекетіндегі оқиға көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ. Тіпті жаға ұстатарлық мәселе халықтың көңіл түкпірінде мәңгі сақталары анық. Ендеше, осындай келеңсіз оқиға болмасын десек, мәселені көп кешіктірмей шешу қажет дейді теміржол бойындағы тұрғындар.

Редакция тарапынан аталған жауапты бөлім яғни, қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Б.Оразбековке хабарласқанымызда көпір салу үшін бүгінгі таңда жоба жасалып жатқанын естідік. Жоба дайын болған соң арнайы зерделеу жұмыстарының қорытындысы алынып, қаржы қаралмақ. Нәтижесінде 2021 жылдың соңына қарай жағымды жаңалықтың шеті көрінуі ықтимал. Демек, теміржол бойындағы тұрғындары әлі де сабырлық танытып, күтуден басқа амалы жоқ. «Сақтықта қорлық жоқ»,-дегендей тұрғындарды мазалаған мәселе орынды болғанымен бірақ та түйіткілдің түйіні тез арада ағытылмайтыны тағы бар. Әрбір іс заң аясында жүзеге асырылуы тиіс. Тек жауапты өкілдер жұмысында жауырды жаба тоқып, жайбасарлық танытпаса болғаны.

 М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы