Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Баян Бекетова түркістандық оқырмандарымен кездесті. Туған өлкеге аңсары ауып келген ерке қызды жыр сүйер қауым зор қошеметпен қарсы алды.
Оның бірде алмастай өткір, бірде сыршыл да сыншыл шығармалары оқырманның жүрегінен жол тапқан. Қалалық мәдениет үйі мен орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған шарада жыр сүйер қауым, жас ақындар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Ол отандық эстрада жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы «Ақмаржан», «Саған гүлім», «Балапан бақыт» сынды хит әндердің авторы.
Поэзия әлемінде өзінің дара да дана жолын қалыптастыра білген сыршыл ақынның кешінде Тұрар Тілеулиев ақын қызға арнау арнады:
Дәл бүгін інің келіп арнау айтсын
Әрине туған елді сағындыңыз
Асқақтап алатауда жүргенменен
Қаратаудан нәр алған қадірлі қыз,- деп жырдан шашу шашты.
Расымен де, қадірлі қыздың кешінде қадірлі қонақтардың қарасы қалың болды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ақжарма көңілдерін білдіріп, ізгі лебіздерін жеткізді.
Жырға толы, кеш соңында, «Құрмет» орденінің иегері, журналист, ақын Баян Бекетованың «Шолпы» атты кітабының тұсауы кесілді.
Ш.ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.