АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АСЫЛ АРМАН

1  166 көрілім

Тәуелсіздік тарихының алғашқы беті жазыла бастағанына да, міне, бір жылы кем 30 жыл болды. Бұл көп уақыт емес. Алайда, аз екен деп тоқмейілсуге ерік беретін шақ деп те баға бере алмаспыз. Десек те, қазақ елі осы уақыт аралығында сан-қилы жолды артқа тастап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Шекара шегенделіп, жер бетіндегі елдерімен тату қатынас құрған Қазақстан бүгінде өз ұстанымы бар, өзге елдермен терезесі тең кемел шағына аяқ басып келеді.

Тәуелсіздік ұғымын Елбасы есімімен байланыстыруды заңдылық десек, Түркістанның қайта түлеуін де осы ұстанымнан алыстата алмаймыз. Міне, екі жылдан асты облыс орталығы атанған қасиетті мекен күн сайын түрленіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Қазір мұнда жұмысы қайнаған құрылыс алаңдарында еңбек етіп жатқан жандардың бір-біріне қарауға мұршасы жоқ деп бейнелесек қателеспейміз. Билік басындағылар да қала тынысын кірпік қақпай назарда ұстап отырғаны көрініп тұр. Міне, тарихи мекенге деген осындай көзқарастың қалыптасуы және оған айрықша мәртебе берілуі Елбасы есімімен тікелей байланысты.

Ел егемендігін алып, еңсе тіктеуге бет алған шақта Тұңғыш Президенттің ой түкпірінде Түркістан тұрғанын білу әсте қиын емес. Соның дәлелі Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға 17 рет келіп, бауырлас 6 мемлекет басшысын осында қабылдады. Әрдайым өңіріміздің қасиетін тілге тиек етіп, Түркістанды түлетуге ерекше ықылас танытты. Нәтижесінде Тәуелсіздікпен қатар бой көтерген Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде түркі әлемінің білім орталықтарының біріне айналды.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 29 жылдық даталы мерекесі. Осы орайда, азаттық алған жылдар ішінде қала аумағында көптеген игі істер атқарылды. Соның ішінде 1991-93 жылдары шеттен келген қандастарымызға арнап «Достық» елді мекені бой көтерді. Сонымен бірге, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. Одан кейін, 2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы Түркістанда өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, қасиетті тайқазанды ұлықтау рәсімі де Түркістаннан бастау алып, ел бірлігінің мызғымастығын тағы да бір паш етсе, 2017 жылғы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркістан түркі халықтарының мәдени астанасы мәртебесін жоғары деңгейде атап өтті.

Халық саны 1991 жылы шамамен Түркістанда жалпы 80 мыңдай тұрғын болса, қазір бұл 180 мыңға жуық адамды құрап отыр. Бұл кезде мемлекеттің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды арттыру еді. Осыған орай білім, денсаулық, спорт тағы басқа да салаларды жетілдіру әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 20 мектеп ғимараттары салынды. Сондай-ақ, 103 балабақша ашылып, медицина саласында 20-ға тарта денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Ал, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 30-дан астам спорт нысаны пайдалануға берілді. Осындай шаралармен қатар, ауылшаруашылығы саласында да 1991 жылдан бермен қарай еселенген көрсеткіштерді атауға болады. Түркістанда шамамен 20 түрден астам тұрмысқа қажетті өнімдер шығарылады.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1991 жылы бүгінгі бағаммен есептегенде 56 млн. теңге болса, 2020 жылдың осы мерзімінде 264 млрд.159 млн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнім көлемі 1991 жылы 253,2 млн. теңге болса, қазір 12 млрд. 644 млн. теңге болды.

Өнеркәсіп саласын жетілдіру мақсатында қаламызда ауқымды жұмыстар жасалуда. Шаһарымыздың бас жоспарына сәйкес, индустриалды аймақ құрылған. Сонымен бірге, өңірде сауда-логистикалық орталығы бой көтерді. Осы жұмыстармен қатар, бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны тіптен бөлек. Қас қағым уақыт ішінде яғни, соңғы екі жылда көне шаһардың шығысынан бүгінгі заманның талабына сай жаңа қала бой көтеріп үлгерді.

Әуелде Елбасының Түркістанға қанша рет келгенін атап өттік қой. Енді осы «Түркістан» газетінің бетінде сақталған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаламызға жасаған сапарларынан деректер ұсынсақ.

1992 жыл.

1992 жылдың 1 мамырында Қазақтан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирел Түркістан қаласында кездесіп, бауырлас елдің басшылары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Қала жұртшылығымен кездесті. Бұл сапар Түркістан қаласындағы жаңадан құрылған мемлекеттік университеттің (бүгінгі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ) жарқын болашағына негізделген десек болады.

1995 жыл.

1995 жылы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркістанға табан тіреді. Осы сапарында Елбасы Ескі Иқан ауылында да кездесу өткізген болатын. Сол кездегі басты оқиға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті үшін жаңа ғимараттың іргетасы қаланатынын жеткізіп, қала жұртшылығын қуантқан болатын. Міне, Тұңғыш Президенттің осы сөзі 1995 жылдың 14 маусымында іс жүзіне айналды. Яғни, аталған күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті С.Демирел Түркістан қаласында болып, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратының іргетасын қалауға арналған рәсімге қатысты. Сол шарада қазақ елінің Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан мен Орта Азиядағы айтулы білім ордасына Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің іргетасын қалауға арналған рәсімге түбі бір туысқан, Түрік елінің Президенті С.Демирел ағамыздың қатысуы ең зор қуаныш. Түрік елінің 300-ден астам құрылысшылары мен сәулетшілері еңбек ететін бұл құрылысқа, едәуір мөлшерде тиісті қаражат жұмсалмақ»,- деп сөз сөйлеп, Түрік елінің Президенті С.Демирел мырзаға туысқандық қамқорлығы, ізгілік көмегі үшін бүкіл қазақстандықтар атынан алғыс айтып, ізгі ниеттер білдірді.

Салтанатты рәсімде сөз алған Түрік елінің Президенті С.Демирел: «Бүкіл әлем таныған көрнекті саяси қайраткер, қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бауырымыз, бұдан бес жыл бұрын қазақ пен түрікке ортақ халықаралық білім ордасын ашуға ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысты қуаттап, қолдап шынайы ризалық пейілмен қарсы алдық»,- деп жүрекжарды лебізін жеткізген екен. Осылайша Қазақстан мен Түрік елінің Президенттері университет қалашығының алғашқы іргетасын қалауға арналған алқызыл лентаны қиған болатын.

2000 жыл.

Елбасының Түркістанға сапарлары одан кейінгі жылдарда да жалғаса берді. Соның ішінде 2000 жылдың 22 сәуіріндегі қадамына тоқталсақ. Бұл уақытта қасиетті шаһардың 1500 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқан болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға сапарын Қ.А.Ясауи кесенесіне келіп, ұлы баба рухына тағзым етуден бастады. Түрік елінің «Вакиф-Иншаат» фирмасының жөндеу жұмыстары және қаланың бас жоспарына сай салынатын құрылыс жобасы, сызбаларымен танысты. Н.Назарбаев жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, республикамыздың ішкі, сыртқы жағдайынан хабардар етіп, елімізде бірлік пен татулық, ауызбірлікті нығайта түсуге шақырды. Сондай-ақ, даталы мерекені яғни, 1500 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында біршама көңілге күмән ұялатар, сол кезде көптің көңілін күпті етіп отырған түйінді сауалды тарқатып, Түркістанның тойы болатынын және ол ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен аталып өтілетінін сөз етті. Бұған қоса, Н.Ә.Назарбаев қала тойына әзірліктің барысына қанағаттанғанын білдіріп, мұнда көптеген мәдениет ошақтары мен жоғары оқу орындары болатынын атап өтіп, Қ.А.Ясауи кесенесіне Сауд Арабиясынан әкелген Құран мен үнтаспаны сыйға тартқан. Айтпақшы бүгінде ел аузында жатталып қалған Елбасының «Он бес ғасырлық тарихы бар бұл қаланың мерейтойы – тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады», – деген қанатты сөзі осы тұста жария етілсе керек-ті.

Міне, осылайша 2000 жылдың күзі де келіп жетті. 20 қазан күні Түркістан той құшағында еді. Қала түрленіп, Тәуелсіздіктің туына жүдеу тартып қол жеткізген тарихи шаһардың мерейтой тұсындағы келбеті ажарланып, сол кездегі көзқараспен жаңа кейіпке енген-тін. Алтын күн осылай сәулесін шашқанда Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған Түркия Республикасының Президенті Ахмет Неждет Сезер, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Диду Диен, түркі тілдес елдердің жетекшілері мен Парламент мүшелері, Үкімет басшылары, өзге де ресми адамдар кесене қарсысындағы алаңға бағыт алды. Күлтөбенің етегіндегі 600 орындық мешіттің орны белгіленген жайды көріп, танысты (Қазір мұнда сол кездегі уағдаластықтың нәтижесінде Түркия Республикасы тарапынан салынған 2000 орындық «Түркістан Ахмет Ясауи» мешіті тұр).

Кесене алдындағы жұртшылықпен кездесу кезінде Н.Назарбаев:

– Қадірлі халайық! Асыққанды көрдік, аңсағанға жеттік. Кие қонған көне шаһарымыз Түркістанның 1500 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде аталып отыр. Баршаңызды осынау Ұлы мерекемен құттықтауға келдім.

Түркістан дін-исламның киелі орындарының бірі. Түркістан – түркі әлемінің бастау алар түбі. Түркістан – қазақ даласының рухани төрі, – деді. Осылайша жалғасын тапқан той күні «қала тұрғындары «Елбасы Түркістан тойының алғашқы күні кештетіп Астанаға қайтады» деп жүрген-ді. Президент Түркістанда бір түнеді. Тойдың екінші күні сағат тілі онды «орағанда» барып «атқа» қонды. Бұл да Елбасының Түркістанға деген ерекше ықыласын білдіріп тұрды», – деп «Түркістанның» сарғайған парақтары сайрап тұр.

2001 жыл.

Мемлекет басшысы араға бір жыл салып 9 қарашада Түркістанға қайта табан тіреді. Ол сапарда қалада аквапарк, Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, қандастарға арналып салынған 100 үй және жаңа мектеп ғимараттарының ашылу салтанатына қатысқан.

2005 жыл.

Сонымен 2005 жылдың 2 қыркүйегінде ат басын тіреген Н.Назарбаев облыстың зиялы қауымымен кездесуінде былай деген екен:

«Қасиетті Түркістан жеріне келген сайын ерекше тебіренемін. Мұнда иісі қазақтың елдігі мен ертеңін ойлап тер төккен хан да, би де, батыр да мәңгіге тыныстап жатыр. Олардың өшпес рухы, халық үшін атқарған қайрат-жігерге толы қызметінің қасиеті әрбірімізді желеп-жебегей дегім келеді».

Бұл кездесуде Түркістан сазды драма театрының (Бүгінде Р.Сейтметов атындағы театр) көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметов Елбасыға «Алматыда отырып емес, кіндік қаның тамған ауылыңды көркейтуге барып атсалысыңдар» деген қағидаңызға сәйкес Түркістанға түбегейлі көшіп келдім, театр аштым, өзіңіз ашып берген халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек етіп келемін», – деп жүрекжарды лебізін білдірген екен.

2010 жыл.

Ал, 2010 жылдың 24 мамырындағы Президент сапарының жөні бөлек еді. Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен келген Түркия Республикасының Президенті Абдуллах Гүл мырза Түркістан төріне қадам басты. Мәртебелі меймандарды университеттің ұстаздары мен қаланың зиялы қауым өкілдері қарсы алды. 1992 жылы 31 қазанда халықаралық мәртебеге ие болған, түркі тектес халықтар үшін бірден-бір оқу орны саналады. Екі мемлекет Президенттері университет қалашығының макетімен, клиникалық-диагностика орталығының тыныс-тіршілігімен таныстырылды. Мәртебелі Президенттер жалпы құрылыс көлемі 24.827 шаршы метрді құрайтын, 1850 студентке арналған оқу корпусының, сондай-ақ, 400 мың кітап қоры бар кітапхананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Осы білім ордасында Абдуллах Гүл мырза тебіреністі сөз сөйлей келе, «Нұрсұлтан Назарбаев – түркі текті мемлекеттердің көшбасшысы! Мен бұл бағалау пікірімді Н.Ә.На­зарбаев Түркияда ресми сапарда болған кезінде де айтқанмын, бүгін де қайталап айтамын!» – деді де би­лік символы асатаяқ сыйлаған еді. Бұл – Қазақстан Республикасы Пре­зидентіне Түркістан қаласында берілген тарихи баға болатын.

2011 жыл.

Араға бір жыл салып 14 наурыз күні Президент Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші күні – қасиетті жұмада қаламызға келді. «Әзірет Сұлтан» тарихи – мәдени қорық мұражайын аралаған соң жаңадан ашылған мәдени-тарихи этнографиялық орталықта болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Алқалы басқосуда Елбасы үш міндетке назар аударды. Оның біріншісі, ұлттың тарихын зерттеу, оны терең түсіндіру арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Екіншісі, Ахмет Ясауи ілімі арқылы Ислам дінінің қазақ халқының ауызбіршілігін нығайту. Үшіншісі, Абай шығармалары арқылы Қазақстан халқын еңбексүйгіштікке, бірлік пен ынтымаққа баулу, жаман әдеттерден арылуға ықпал ету еді.

2015 жыл.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған 2015 жылдың 17 сәуірі күні Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Қазақстан мен Түркия Республикаларының Мемлекет басшылары қаламызда бой көтерген 2 мың орындық жаңа мешіттің ресми ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшылары мешіт құрылысын жүргізу жөніндегі келісімге 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аясында қол қойған еді. Жалпы аумағы 2 га, жерді алып жатқан мешіттің құрылысы Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылды.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Р.Ердоған жаңа мешітке Құран кітабын сыйлады. Жаңа мешітте қос ел басшылары жұма намазын оқыды.

2018 жыл.

Елбасының бұл жолғы сапары (29 қыркүйек) Түркістанның жаңа тынысын ашып, Түркістанды дамыту жөніндегі жарлыққа қол қойған сәт еді. Тарқатып айтсақ, «Түркістан – біздің халқымыз үшін үлкен маңызға ие. Орта Азиядағы көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Мұнда қазақ халқының ұлы тұлғалары мен қайраткерлері жерленген. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде бұл жерде ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы, Түркістанның тарихы – күллі қазақ халқының тарихы», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі. Жиында Түркістан облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының бұл Түркістанға 15-сапары екендігін айтып, ел үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріне алғыс білдірді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласына ресми сапары барысында әуелі Түркістан қаласының даму концепциясымен танысып, салтанатты түрде жаңа әкімшілiк – іскерлік орталықтың капсуласын салды.

Жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша өткізген кеңесте: «Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды», – дей келе Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген мәселе төңірегінде комиссия жұмысының есебін тыңдады.

2019 жыл.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға екі күндік іс-сапармен келді. Сапары барысында тұрғындармен кездесіп, «Түркі дауысы» мерекелік кешіне қатысты. Салтанатты шарада сөз алған Елбасы облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталып, бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.

«Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Қазіргі таңда бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде», – деген ұлт көшбасшысы облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді. «Еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді», осылай деген Елбасы түркі жұртының темірқазығы саналған көне қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысып, бірқатарын пайдалануға берді.

Сонымен Елбасы Түркістанға сапарының қорытындысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, журналистер алдында сөйлеген сөзінде Түркістан аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өтті.

– Өткен жылы облыс орталығын көшіру туралы жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр, – деген болатын Елбасы.

2020 жыл.

28 қыркүйек күні еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қала-мыздағы жаңа нысандардың тұсаукесер шараларына қатысып, сонымен бірге өңірдің даму перспективаларымен танысу үшін арнайы келген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, бабалар рухына тағзым етуі де Елбасы сапарының негізгі бағыты екенін айта кету керек. Сапарының соңында Нұрсұлтан Әбішұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте 2018 жылы Түркістанды түлету туралы қабылдаған шешімді Қазақстан халқы қолдағанын баса айтты.

«Бүгін біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар қаланың жаңа көрікті жерлеріне, бүкіл Қазақстан мен әлем азаматтары мен туристерінің назарын аударатын орынға айналады. Түркістанның ауқымды құрылысы бүкіл аймақтың экономикалық дамуына түрткі болады», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың аймақтық орналасуы, сондай-ақ оның түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесі Орталық Азия интеграциясының болашақ алаңы болатындығына да тоқталды.

«Біз түркітілдес елдердің Саммитін Түркістанда өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда әлемдегі жағдайға байланысты ол кейінге қалдырылды. Егер бәрі ойдағыдай болса, оны наурыз айында өткіземіз деп ойлаймын», – деді Елбасы. Елбасы сонымен бірге Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. «Мен қаланың және қала халқының саны өсетініне сенімдімін. Мұнда түрлі форумдар, жастарға арналған іс-шаралар және спорттық шаралар өткізу қажет. Осылайша, біз қаланы бәріне таныстырып, көрсетуіміз керек. Түркістанды қайта түлету біздің халқымыз үшін ерекше маңызға ие», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Міне, тарихи сәттерге шегініс жасап, Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан қаласына жасаған сапарларының біршамасын шолып өтуге тырыстық. Байқап қарасақ, Тұңғыш Президенттің Түркістанды түлетуге деген айрықша ықыласын аңғару қиын емес. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының есімін Түркістаның түлеуімен тығыз байланыстыруға толық негіз бар деп тұжырым жасап, Елбасының көңіл түкпіріндегі асыл арманның ақиқатқа айналғанын айтқымыз келеді.

М.ӘЛМАХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы