Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен шаһарымызда «Шаңырақ сазы» атты өнер фестивалі өтті. «Жастар жылы» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқауға түрлі ұлт өкілдері қатысып, қазақ өнері мен шығармашылығынан шашу шашты.
Түрлі этностармен достықты нығайту, ынтымақ пен бірлік, татулық пен тұрақтылықты сақтау мақсатында өткен іс-шара 1-мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орайластырылды.
Аталмыш байқау қатысушыларының жасына шек қойылмады. Сондай-ақ, жалғыз және топ болып та өнер көрсетуге мүмкіндік берілген. Атап айтсақ, Түркістан жоғары медицина колледжі, Е.Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі, Ескі Иқан, Бірлік ауылдарынан арнайы келіп, шығармашылық қарым-қабілеттерін көрсете білді.
Қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Шәмет, облыстық әкім аппаратының қоғамдық келісім мекемесінің маманы Ақмарал Әбдінәбиева, мәдениет үйінің би жетекшісі Шұғыла Джумашева қазылық етіп, нәтижесінде қаламыздағы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің хор ұжымы бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, өзге де сайыскерлер арнайы орындармен, номинациялар мен қала әкімі атынан дипломдар және қаржылай сый-сыяпаттармен марапатталды.
Лиза Төлегенқызының айтуынша, байқауға қатысуға 30 адам өтініш білдіріп, ақтық сынға 19-ы жолдама алған. Ал, 1-мамыр мерекесі күні «Шаңырақ» монументі алдында өтетін концерттік шараға байқауға қатысқан өнерпаздар да өнер көрсететін болады. Биыл екінші мәрте орын алған сайыс алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тауып отыратын болады.




