- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Осыдан 13 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, дінтанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлінің иқандық ғалым Қауамад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани туралы ғылыми көлемді мақаласы жарық көрген. Осыған дейін көпшілікке белгісіз болған ұлы тұлғаның ауылдастары, атап айтсақ жаңалыққа жаны құмар Даныш Маннатовта үлкен қызығушылық туады. Содан ауыл ақсақалы Халибек Исмаилов екеуі Алматыға Әбсаттар Бағысбайұлына арнайы барады. Сол жылдары Бас Мүфти Ә.Дербісәлі иқандық ғалым жайлы көпжылдық ғылыми ізденістерін жинақтап кітап етіп шығару туралы өз ұсынысын жеткізеді. Даныш Маннатов 1286 жылы туылып, 1357 жылы өмірден өткен иқандық ғалым, Отырар, Тегеран, Бағдат, Дамаск, Каир, Мадина мен Меккеде еңбек еткен Қауамад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани туралы кітапқа демеуші болуға шешім қабылдайды. Бас Мүфтидің Иқанда мешіт салынса оған ұлы ғұламаның есімі берілсе деген ұсынысына қолдау көрсетеді.
2007 жылы 27 желтоқсанда Ескі Иқанда жұртшылық үлкен жаңалықтың куәсі болып, ағайынды Даныш, Ергеш, Бабахан Маннатовтар сауапты іске мұрындық болып, үлкен мешіт ашылады. Алланың үйі саналатын мешіттің ашылу рәсіміне Бас Мүфти шейх Әбсаттар Дербісәлі, қоғам қайраткері Розақұл Халмұратов, қала әкімі Бейбіт Сыздықов және көптеген зиялы қауым өкілдері қатысады. Ғалымға арналған кітап 2013 жылы баспадан шықса, зейнеткер ұстаз Тохтаполат Тілеулиев және «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің ұсынысымен осы жылдың жаз айларында қарнақтық тәржиман Далымжан Сайфуллаевтың қажымас еңбегінің арқасында өзбек тіліне аударылады. Тарихқа құрмет, келешекке сенім, адамзаттың ішкі әлемінің байлығы болып табылатын руханият сынды ұлы құндылықтарды дәріптеген аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізу туралы ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау табады.

Осы ізгілікті істің жалғасы іспетті қараша айының 14 жұлдызы күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы өкілдігі мен мәдени мұраны қолдау қоры «Асыл мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қауамад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) өмірі мен мұрасы» атты Халықаралық онлайн-конференция Ескі Иқанда жоғары деңгейде өтті. Астанадан келген құрметті қонақтар – шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, дінтанушы ғалым, профессор Досай Кенжетай, Түркістан және Кентау қаласынан келген көптеген дін өкілдерін «Ұлы қақпа» кешені алдында жұртшылық салтанатпен қарсы алды. Қонақтар алдымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен, ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен ауласы абаттандырылған Жүсіп ата кесенесіне зиярат етіп, көптеген тарихи мәліметтерге қанықты. Ауыл орталығындағы «Иқан қалашығы» деп аталатын тарихи төбеде ағарту ісінің ардагері Марат Ергешов қалашықтың тарихы мен қызықты ақпараттарды жеткізді. Содан кейін қонақтарға биыл 110 жылдық мерейтойы онлайн түрде Халықаралық деңгейге аталып өтілген ақын Міртемір Тұрсыновтың өткен ғасырда салынған музейі экспонаттарын музей меңгерушісі Элбек Турсунов жан-жақты таныстырып өтті. Жиналған қауым Қауамад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани атындағы мешітте шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді, теолог ғалым Досай Кенжетайлардың ұлы ғұлама туралы қызықты мәліметтерге ие болып, соңында Мәуліт оқылды. Шейх Әбсаттар қажы кітап шығаруға мұрындық болу мен ауылда сәулетті мешіт салған, бүгінгі шараның өтуіне тікелей атсалысқан Даныш Маннатовқа көпшілік атынан дұға оқып, табыс тіледі. Шараның келесі бағыты Қауамад-дин әл-Итқани атындағы 6 гектар алма бауы болды. Мұнда қонақтар жеміс ағаштарын өсіру мен күтіп-баптау туралы терең мағлұматтар алды.

Түстен кейін шараның маңызды бөлігі Халықаралық онлайн-конференция өз жұмысын бастады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтар бүгінгі шараның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына жолдаған арнайы құттықтаулары тапсырылды. Халықаралық онлайн-конференцияда фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшәддин Керім, дін зерттеулері орталығы директорының орынбасары Медет Халиқов, Өзбекстаннан академик Наим Каримов, филология ғылымдарының докторы Самихан Аширбаев, Низами атындағы университеттің проректоры Азизхан Абдазимов, ақын Міртемірұлы Мирзатай Тұрсынов, Түркияда туылып АҚШ-тың Мичиган штатында Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығы басшысының орынбасары, ғалым Темир Хожаоғлы онлайн баяндама жасап, өздерінің ұсыныстары мен тұшымды ойларын жеткізді. Атап айтсақ, мұндай конференцияларды тұрақты түрде ұйымдастыру, жастардың тарихты терең білуі үлкен маңызға ие екендігі айтылды.
Тарих әлі көп ғылыми ізденісті, терең зерттеуді қажет етеді. Ендеше, Ескі Иқанда өткен Халықаралық онлайн-конференция осы жолдағы алғашқы қадам болды. Шара соңында жақсылыққа жаны құмар Даныш Маннатов конференцияға келген барша ғалымдар, дін өкілдері мен қонақтарға өз алғысын білдірді.
Р.ӘЛІБАЕВ.