Шаһар басшысы Р.Аюпов қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бекзат мөлтек ауданы, Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінде өткен жүздесуге 20-дан аса тұрғын өз өтініштері бойынша шақырылды.
«Біздің халыққа қызмет етуіміз, осындай қызметте отыруымыз – сіздердің арқаларыңыз. Сіздерге қолайлы жағдай жасап, өтінімдеріңізді қарау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті де, сіздердің көкейлеріңіздегі сауалдарды тыңдауға барынша көңіл бөліп отырамын», – деген Рашид Абатұлы жауапты басшыларға тұрғындардың мәселесі шешілуі үшін тапсырма беріп, жедел қолға алуды ескертті.
Тұрғындар өз кезегінде біршама уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан газ, су, электр және тұрғын үй мәселесі бойынша сауалдарын қойды. Кей азаматтар жауаптарын алып, тиісті сала мамандарымен тілдесті.
Одан өзге, Рашид Абатұлы келер жылы бюджеттегі қаржылардың қайда жұмсалып жатқанын ашып көрсететін жүйе жұмыс бастайтынын атап өтті. Сондай-ақ, алда қала көлемінде салынатын аллеялар, саябақ пен скверлер де қала тұрғындарының жобаға атсалысуы нәтижесінде жүзеге асатынын жеткізді. Жалпы, жеке қабылдаулар әр аптаның сәрсенбі және бейсенбі күндері жалғасатын болады.
Түркістан-ақпарат.