ӘЛ-ФАРАБИ ТУРАЛЫ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

1  184 көрілім

Қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына екі жыл толуына орай «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы көпшілікке ұсынылды. Фильмді Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-сі мен «САҚ» киностудиясы түсірген.

Бұл фильмде әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген.  Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойылған.  3D форматта әзірленген фильмнің ұзақтығы – 25 минут.  Режиссері – Нуриддин Паттеев, сценариін жазған Бақытжан Құлжабай, композиторы Әйтеке Көптілеу, қоюшы суретшісі Самат Нұралиев.
Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру. Ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту.

Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған жиында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт руханиятына оң серпін беретін іс-шаралар бойынша көшбасшылар қатарында. Сонымен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындау бағытында да жұмыстар қолға алынған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына арналып өткізілген басқосуда Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева жастарға, жалпы азаматтарға патриоттық тәрбие беретін жобаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

Айта кетейік, «САҚ» киностудиясы өткен жылы облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін, «Ордабасы – бірліктің туы» фильмдерін жұртшылыққа ұсынды.  Жақында «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая да көрерменге жол тартады.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы