- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Барша мұсылманның қасиетті айы Рамазанға да санаулы күндер қалды. Бес парыздың бірі болған оразаны ұстауға дайынсыз ба, жамағат?
Алла Тағала адамға бір амалды парыз етсе, онда оны орындау үшін күш-қуат пен мүмкіндікті қоса беретінін ұмытпаңыз. Қорқынышыңызды сейілтіп, сауап алуға деген құлшынысыңызды оятуға, жүрегіңізге үміт сыйлап, Рамазанға деген сағынышыңызды арттыруға түрткі болар деген ниетпен бірнеше мәлімет берсек дейміз.
Бүгінгі сұхбатымыз ҚМДБ-ның өкілі, Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамбердімен болмақ.
– Әуелі сөз басын ораза ұстауға ең бірінші ниет қажет екендігінен бастасақ.
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау, мадақ жалғыз Аллаға тән және де оның сүйікті құлы Мұхаммедке (с.а.у). Алланың барлығын, бірлігін танып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) қасынан табылған ұлы сахабаларға, отбасымен қазіргі уақытта Алланың құлы, пайғамбармыздың (с.а.у) үмбетімін деп жүрген баршамызға Алланың нұры мен берекеті жауған болсын деп тілеймін.
Мұсылман баласының мойнында Алла Тағаланың міндет еткен бес парызы бар, әрбір мұсылман баласы балиғат жасқа жеткеннен кейін орындауы міндетті болған амалдар: бірінші Алла Тағаланың бар және бір екендігіне, оның соңғы елшісі Мұхаммед (с.а.у) екендігіне тілмен айтып жүрекпен сенуі, екінші бес уақыт намазы, үшінші ұстаған оразасы, төртінші берген зекеті, бесінші қажылығы деген. Яғни, ислам бес ұстынның үстінде құрылған деген пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисі бар. Ал енді, әрбір мұсылман баласы ақыл есі бүтін, дені сау, балиғат жасқа жеткеннен кейін қыз бала, ер бала құлшылық ғибадатты орындауы парыз болып табылады. Парыз – ол Алланың бұйрығы. Парызды орындамау күнахарлық, ал енді мойындамау күпірлікке апаратын жағдай. Қазіргі қоғамдағы үлкенді-кішілі азаматтардың барлығы діни сауаттанып қалды. Бұл сауаттылықтың да бір қыры мен сыры бар шығар. Бұл да болса Алла Тағаланың бір құдіреті деп білеміз. Мұсылман баласы денсаулығына қарап ораза ұстауға ниеттенеді. Әрбір амалды орындау үшін ең әуелі ниет қажет. Ораза тұтып жатқанда, мұсылман адам Аллаһтың әміріне бағынамын және Оған жақындаймын деген сенімге ие болу керек. Ораза ғибадат, ал ғибадат дұрыс болу үшін ниет шартты етіледі. Ниет – жасалатын құлшылықтың алғы шарты. Ниетсіз жасалынатын ғибадат жоқтың есебі. Өйткені, пайғамбарымыз (с.а.у) «Амалдар ниетке байланысты» деп маңыздылығын білдірген. Оразаның да басты шарты – ниет ету. Ниеттің талабы жүректен өткізу болып табылады. Яғни, ораза ұстауға іштей дайындалу. Ал, оны тілмен бекіту сүннет.
– Оразаға дайындық ретінде адам өз ағзасын тазартып, қандай шаралар орындауы қажет? Бір хадисте оқығаным бар «Рамазан алдындағы Шағбан айында Айша анамыз пайғамбарымыз (с.а.у) оразаны көп күн ұстайтын» деген. Бұның сыры неде?
– Сұрағыңыз өте орынды, сондай хадисте бар. Рамазан айына дейінгі екі ай өте қатты ескеріледі. Оның бірінші айы Ережеп айы. Бұл қасиетті Құранда ескерілген құрмет айларының бірі. Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзі «Ережеп, Шағбан айларын берекелді етіп, Рамазан айына амандықпен қауыштыр» деп дұға жасаған. Сондықтан, бұл айларда ораза ұстап, құлшылық жасап Шағбан айына өткеннен кейін пайғамбарымыз (с.а.у) турасында Айша анамыздың жеткізген хадисі бар: «Мен бұрын соңды көрген жоқпын пайғамбарымыздың (с.а.у) Шағбан айында оразаны көп ұстағанын» деп риуайатта келтіреді. Сондықтан, бұл екі айда пайғамбарымыздың (с.а.у) сүндеттеріне лайықты оразаны ұстап, Рамазан айымен қауышатын болса, шындығында ол бір жағынан тәнін тазаласа, екінші жағынан бұл жан дүниесін тәрбиелеп Рамазанға дайындықпен барады. Ғалымдарымыздың келтірген деректерінде Ережеп айы бұл егінді егу айы, Шағбан айы өнімді жинау айы, Рамазан азықты пайдалану айы деген. Сол себепті, пайғамбарымыз (с.а.у): «Ережеп бұл Алланың айы болса, Шағбан менің айым, Рамазан үмбетімнің айы» деген. Рамазан айында Алла Тағаланың пенделерінің дұға тілектері мен истиғфар тәубелерінің, ғибадаттарының қабыл болатын айы екендігі ақиқат және де ол – Құран айы. Енді осы сәуір айында, ораза ұстауға ниет еткен жамағат өз денсаулығынан күмәнданатын болса, дәрігерге көрініп, тексеруден өткені қажет. Дәрігердің кеңесін алып барып ораза ұстағаны абзалырақ, себебі Алла Тағалада, пайғамбарымыздың (с.а.у) сүндеттерінде де адам өз денсаулығына қиянат жасауға болмайды деген. Денсаулығы дұрыс болып, дәрігер рұқсатын алса сол құлшылық ғибадатты орындауы қажет.
– Ораза тұтқан адам қалай тамақтанғаны абзал? Көп адам панкреатит диагнозымен ауруханаға түсіп жататыны да рас. Оразаның денсаулыққа қандай пайдасы бар?
– Ораза ұстаған адам пайғамбарамыздың (с.а.у) айтқан сүннетімен ауыз ашып, ниет етуі керек. Яғни, құрма, сумен ашқан дұрыс. Ағзаға кішкене ғана күш-қуат беру арқылы үйретіп алғаны дұрыс. Ас суды қомағайлықпен ішпеген абзал. Дегенмен оразаның қасиеті адам баласы ақырын-ақырын тамаққа деген құштарлығы тоқтайды да азға қанағатты үйренеді. Ораза кезінде Алла Тағала адамзатқа зиянды нәрселерді әмір етпейтіндігі бесенеден белгілі.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады» деген болатын. Қазір тіпті мұсылман емес медицина саласының ғалымдары да осы бір ақиқатты мойындап, адамдарды ашығу жолдарымен емдеу үшін сан түрлі клиникалар ашуда. Бұл ораза ұстаудың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екендігін көрсетеді. Ораза, яғни ашығу қант ауруына тосқауыл болып, қанның қоюлануының алдын алады. Ашығу арқылы жаңа жасушалар пайда болып, ескілері жойылады.
Алайда, кейбір мұсылмандар өрескел қателікке барып, оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп ұстауы дұрыс емес. Неге о бастан ниетіңізді түзеп, жалғыз Алланың әмірі парыз болғандығы үшін деп ораза ұстамасқа? Сонда Алланың разылығын да алады, деннің саулығы да сақталады.
– Биыл қасиетті Рамазан айы біздің күнтізбе бойынша қай күнге тұспа тұс келмек?
– Қазіргі бекітілген күнтізбеге байланысты 6 мамыр деп белгіленіп отыр. ҚМДБ міндетті түрде арнайы пәтуа береді, сонымен қатар айдың тууына байланысты, ғалымдардың берген көзқарастарына сүйене отырып жарияланатын болады. Өзгертілуі де мүмкін, өздеріңіз білетіндей ораза кейде 29 кейде 30 күнмен де бітіп жатады. Сіздердің газет беттеріңізге арнайы ораза кестесін беріп, хабардар етеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әсем ӘМІРЕЕВА,
«Түркістан».