КӨПТЕН КҮТКЕН ӘУЕЖАЙ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАМАҚ

1  164 көрілім

Түркістан облыс орталығы аталғалы қалада көптеген нысандар пайдалануға беріліп келеді. Соның ішіндегі басты жаңалық Түркістан әуежайы десек болады. Бұған дейін тарихи шаһарда әуе қатынасын қалыптастыру жөнінде бірнеше рет ұсыныстар жасалып, тіпті аталмыш жоба қолға алынған да болатын. Алайда, мәселенің түйіні ағытылмай көпшілік көңілі көпті болған жайы бар еді. Енді игі істің сәті осы шаққа түсіп, жаңа әуежай әлемде ең жылдам салынған нысан ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енбекші.

Сонымен бұл нысанды 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап іске қосуды көздеп отыр. Өңір тұрғындары тиімді бағада, бас қалаларға ұшақпен қатынай алатын болады. «Fly Arystan» әуе компаниясы Нұр-Сұлтан – Түркістан, Алматы – Түркістан бағыты бойынша алғашқы рейстері іске қосылды. Рейс аптасына 2 рет орындалады. Алдағы уақытта сұранысқа қарай рейстер санының ұлғайтылуы да қарастырылған. Аталған компания рейстеріне әуе билеттерінің бағасы Нұр-Сұлтан және Түркістан қалалары арасында 6999 теңгеден және Алматы мен Түркістан қалалары арасында 5999 теңгеден басталады. Рейстерді қазақстандық үш авиакомпания – Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air жүзеге асыратын болады. 4 қарашадан бастап «Fly Arystan» компаниясы аталған бағыттар бойынша әуе билеттерін сата бастады. Аймақтың туристік әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін туристер санын 5 миллионға дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта, Түркістаннан Меккеге әуежайдан екі күнде бір рет тікелей рейстер ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, халықаралық стандартқа сай әуежай 900 гектар аумақты қамтиды. 341 құрылысшы мен 106 арнайы техника жұмылдырылған нысан Түркістан қаласынан 20 шақырым қашықтықта Шаға елдімекені тұсынан салынған. Kaz.tengritravel.kz порталының мәлімдеуінше, ұшу кестесі Нұр-Сұлтаннан сейсенбі мен жұма күндері, ал Алматыдан дүйсенбі мен сенбі күндеріне белгіленген.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы