Қазақ киімі құлазыған кең даланың үскірік аязы мен аптап ыстықтығының, салқын самалы мен аңызақ желінің әсерімен қалыптасқан, өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекше. Қазақтың дәстүрлі киім топтамасында, соның ішінде аса жоғары бағаланатын бас киімдердің бірнешеуіне тоқталып өтпекпін.

Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған.
Ел арасында: «Шала туып, тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туылған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Шала туылған сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды.
Біреуге бас ұрғанда аяғына тымағын тастайтын әдет бар. «Тымақ ұры» немесе «Тымақ тастап кешірім сұрау» бітімге шақырудың ең үлкен көрінісі немесе айыпкер жағының беделді адамдары мен жасы үлкен, жөн білетін ақсақалдарының құныкердің ауылындағылардың алдына барып «Құдай кешсе кеш! Білместік, оқыс кездейсоқтық іс болды, кешір!» деп өтінген кезде ортаға ең үлкен ақсақалды бас киімін тастап сөзге, мәмілеге шақырады. Қызды алып қашу үрдісінде қыз жағының «Аяғына жығыла» барған кездейсоқ құдалар да баскиімін жерге, алдына тастайтындығы тағы бар.

Қарқара – қазақта сирек те болса кездесетін баскиімнің ерекше түрі. Құс қауырсынымен сәнделген мұндай ерекше баскиімді әлеуметтік деңгейі жоғары әйелдер мен қыздар киген. Құс қауырсындары әрі сән береді, әрі тіл-көзден сақтайды деген. Көшкен кезде түйе үстіне қырғауылдың құйрығы мен тырнаның мойын жүнін қосып байлаған затқа байланысты «Қарқаралы көш» деп даралаған. Дегенмен, қазақ ұғымында қарқара ерекше дара бас киім дегенге саяды.

Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асылтас, алтын, күміс әшекейлермен безеп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасаған қыз тақиясының бір түрі. Көне түркі бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді,-деп айтқан этнограф Ө.Жәнібеков. Оны үйлену тойына кейде қалыңдық сәукеленің орнына да киген.

Мұрақ – оны кез келген адам кие бермеген. Мұрақ тек хан-сұлтандарға, ел билеуші лауазымды тұлғаларға арнап жасалатын бас киім. Мұраққа қарап халық оның мансабын, дәрежесін анықтайтын болған. Қазақ даласының әр жерінде мұрақты әр түрлі атаулармен: мәселен, айыр қалпақ, сәукеле қалпақ деп те атаған. Екі жағы қошқар мүйізденіп келетін, лайықты оюлармен әсемделіп, алтын және күміс түстес жіптермен зерленіп тігіледі. Пайдаланылған жіп түрлеріне қарай мұрақтың ою-өрнегі алыстан-ақ жылтырап көрінетін болған. Кию тәсілі де өзгеше: шошақ қалпақтың сыртынан киеді. Мұрақты кез келген жерде кие бермеген, әр түрлі салтанатты жиындарда, ас пен тойларда және ғұрыптық шараларда киген. Ел аузында бас киімге қатысты «Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты», «Қалпақ абзалы – мұрақ, көрпе абзалы – құрақ» деген мақал-мәтелдер сақталған.
А.РАХИМЖАНОВА,
тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың қызметкері.