Саяхатшыларға қолайлы үздік елдердің қатарынан біздің мемлекет шеттеп қалды. Оны US News & Word Report басылымының дәстүрлі рейтингіндегі 73 мемлекеттің ішінде 70-ші орынға жайғасқанынан байқауға болады. Туристер санының кемуін сала мамандары коронавирустық пандемия салдарынан деп топшылайды.
Иә, көрсеткіштер осылай дейді. Десе де мұндай жағдайды уақытша дейік. Бірақ, алдағы уақытта біз көздеген межеге қандай сапамен қол жеткіземіз. Әлемдегі 73 мемлекеттің соңынан санағанда төртінші орынды місе тұтқан қазақ топырағына туристерді көптеп тартуға не кедергі? Осы мәселені түркі жұртының түп мекені – Түркістан қаласының тынысымен талдап көрсек.
Төрт қақпалы Түркістан тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі шағын және орта бизнес. Соның ішінде қызмет көрсету саласында нәпақасын тауып жүргендер аз емес. Атап айтсақ, такси қызметі, қоғамдық тамақтану, сауда-саттық орындарындағы тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер арқылы келетін табыс көздері. Осы бағытта біз қасиетті қалаға келетін саяхатшыларға да қызмет көрсетіп жатырмыз.
Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Бірақ, осы топтың ішінде деңгейі төмен, қызмет сапасы сын көтермейтін кәсіпкерлердің үлесі айтарлықтай екені жасырын емес. Осындай мардымсыз тірліктердің кесірінен Түркістанға келушілер тарапынан оң пікір қалыптаспай отыр. Мәселенің бәрі осында. Егер үйіңізге қонақ келсе, оған сіз дұрыс құрмет көрсетпесеңіз, оның қайтадан сіздің босағаңызға табан тіреуі екіталай емес пе? Бұл жерде де дәл сондай жағдай. Қарапайым ғана мысал. Түркістан қаласында қолжетімді бағадағы асхана немесе мейманханалардың біріне барсаңыз бірінші сізді даяшы қарсы алады. Кейбірінде даяшыларды бірден ажырата алмауыңыз мүмкін. Себебі, киімдері бір үлгіде емес. Бұл бір. Екіншіден дастарханға отырған соң сіз берген тапсырыс өз уақытында келуі сирек кездеседі және санитарлық талаптар да өз деңгейінде сақтала бермейді. Үшінші, даяшы сіз шақырмайынша тұтынушылардан өздігінен хабар алып тұрмайды. Осылай тұтынушы сұранысына сай келмейтін дүниелер жалғасып кете береді. Солай бола тұра, көптеген мейманханалар сіздің тұтынған заттарыңыздан бөлек, өз қызметі үшін 10 пайыз үстемақы алады. Осыдан соң келушілер үшін қолайлы жағдай жоқ жерде наразылықтың орын алатыны заңдылық. Сол кезде тұтынушы ретінде өз құқығыңызды талап етсеңіз сіздің алдыңызда мекеме әкімшілігі өз кемшілігін айып санамауы ғажап емес. Сол сияқты такси қызметіне жүгінсеңіз де көңілді күпті етер жайлар жеткілікті. Көлік сапасы, жүргізуші тәжірибесі сіздің көңіліңізден шықпағанымен ақысына келгенде қызмет көрсетуші өз дегенінен таймайды. Міне, тізбектей берсек күнделікті тұрмыста кездесетін үйреншікті жағдай осы. Бұның барлығы біздің тұтынушыларға қызмет көрсету мәдениетіміздің толық қалыптаспағанының белгісі. Осылай бола тұра халық тұрмысын жақсартуды көздеген жергілікті билік шағын және орта бизнес саласында мол табысқа кенелуді көздейді. Тіпті қазына қаржысының негізгі бөлігін осы бағытты дамытуға ынталы. Дегенмен оның ішіндегі қызметшілердің деңгейі билік өкілдері күткен нәтижеге жетуге елеулі кедергі келтіріп отыр десек артық айтпаған болармыз. Мұнда барлық жерде осылай екен деген түсініктен аулақ болуымыз керек. Қызмет көрсетіп мол табысқа қол жеткізудің сырын меңгерген кәсіпкерлер де бар. Бірақ, олардың саны аз болып тұр. Өкініштісі осы.
Туралығына келсек, кәсіпкерлерге мемлекет барынша жағдай жасауы қажет. Себебі, осы бағытта көптеген азамат жанұясының несібесін арттырып, өзін-өзі жұмыспен қамтып күн көріп жатыр. Олар билікке алақан жайып отырған жоқ. Керісінше тірлігін одан әрі өркендету үшін барын салып жүр. Бірақ, сапа өз дәрежесінде емес. Мақаламызға арқау болған қызметтерді әлі күнге дейін қоғам яғни, түркістандықтар тұрақты жұмыс көзі ретінде қарастырмайды. Сондықтан дәмхана иесі де уақытша келіп-кететін жалдамалы жұмысшылар үшін артық шығын жасап көп қаржы шығындағысы келмейді. Таксисттеріңіз де дәл солай. Ендеше, билік кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, сервистік қызметтің сапасын арттыру мәселесін түбегейлі шешпейінше Түркістанға қызығушылық танытатын және келген күнде де қона жататын саяхатшылардың қатары едәуір арта түсуі екіталай.
Мәлік ӘЛМАХАН.
