«5-10-20» БАҒДАРЛАМАСЫ ТИІМДІ МҮМКІНДІК

813 көрілім

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Жобаны тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асыруда. Ол «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты ретінде қарастырылады. Атауы неге 5-10-20 деуіңіз мүмкін. Себебі, онда сіз ипотекалық несиені жылына 5 пайыздық мөлшерлемемен, алғашқы жарна ретінде баспана бағасының 10 пайызын төлеп, 20 жылға дейін ала аласыз.

Алайда, мұндай мүмкіндік ел азаматтарының барлығына берілмейді. «Әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар 28 қазаннан бастап баспанаға мұқтаж жан ретінде құжат тапсыра алады. Бұл жобаға 1986-2017 жылдар аралығында кезекке тұрған адамдармен қатар 2018, 2019 және 2020 жылдары өтініш тапсырғандар да қатысуға құқылы», – бұл туралы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «www.hcsbk.kz» сайтында мәлімдеді.

Бағдарлама аясында тұрғын үйге мұқтаж болып кезекке тұратын адамдардың санаты да бекітілген. Мәселен, толық емес отбасылар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 18 жасқа толмаған мүгедек балалалар, оларды асыраушы азаматтар және бюджеттік сала қызметкерлері. Кезекке тұрудың өз тәртібі де бар. Ол үшін сіздің атыңызда соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік тіркелмеуі тиіс. Сондай-ақ, үй алғыңыз келген шаһарда кемі 3 жыл есепте тұруыңыз керек. Бұдан өзге, бағдарлама талаптарына сәйкес ипотекалық несие алу үшін отбасының табысы да есепке алынатын болады.

Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек?

-www.hcsbk.kz банк сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй – «Шаңырақ» пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;

-Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттары мен бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады;

-Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;

-Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;

-Банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй тауып (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ның үлестік құрылысқа қатысу туралы кепілдігі бар келісімі болған жағдайда), кепілзат бойынша банк мақұлдауын алып, сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау.

Бұл бағдарлама бойынша қалай баспаналы бола алатындығына тоқталсақ. Әуелі, міндетті түрде тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымыңыз болуы шарт. Екіншіден, минималды салымда бастапқы жарна 10 пайыз болуы тиіс. Үшіншіден, бұл бағдарлама конкурс жүзінде өткізілетін болғандықтан кім салымын тұрақты түрде толықтырып отырды, кімнің депозитінің мерзімі үлкен сол азамат-тардың үйлі болуға мүмкіндігі көбірек болады. Соңғысы, жан басына шаққанда бір адамның табысы 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы