Түркістан қаласы бойынша үй кезегінде 11796 азамат бар. Бұл шаһарымыздағы баспанаға зәру осынша отбасы бар деген сөз. Сол үшін мемлекет қазынадан арнайы қаржы бөліп, тұрғынүйге мұқтаж адамдардың мәселесін шешу үшін барын салуда.
Осы ретте Түркістан қаласында соңғы жылдары жан жадыратар жаңалықтар қатары артып келеді. Атап айтсақ, 2017 жылдан бастап қаламызда 1600-ге жуық шаңырақ қоныс тойын тойлады. Бұл биліктің халық тұрмысын жақсартудағы нақты қадамының көрінісі. Өкінішке орай, үйлі болып күйін түзеген азаматтар «соңғы уақытта пәтерлерін жалға беріп жатыр» деген көпшілік арасында қауесет тарауда. Осыған орай қала әкімі Р.Аюповтың Өкімімен жеке сектордағы және коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлерінде азаматтардың заңсыз орналасуын, құйылмалы газ пайдалануды, ішкі жылу жүйелеріне өзгерістер енгізуді және коммуналдық пәтерлердің жалдау ақыларын мерзімінде төленуін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Сәрсенбі күні қала әкімі аппаратының басшысы Ж.Наушабай бастаған аталмыш топ Отырар ықшам ауданындағы 28-ші үйдің пәтерлерін аралады. Көптің айтып жүргеніндей пәтерлерден өз иесінен басқа адам кезікпеді. Олардың барлығы төлқұжаттары арқылы тексеріліп, топ жұмысының мән-жайы түсіндірілді. Осы сәтте мұқтажбыз деп пәтер алып, оны жалға беріп жүргендердің бар екенін жүздескен пәтер иелерінің сөздерінен де байқадық. Алайда, ондай жағдай бұл жолы тіркелген жоқ. Дегенмен пәтер жалдаушылардың басым көпшілігі күндіз жұмыста болатындықтан мұндай зерделеу жұмыстары кешкі уақытта жүргізілсе деген ұсыныстар айтылды.
Қорыта келгенде, мемлекетке алақан жайып, баспанаға мұқтажбын деп үйлі болған азаматтар пәтерін табыс көздеріне айналдырып жатқаны анықталса, алдымен ескерту алып одан соң баспанасынан айрылуы ғажап емес. Сондай-ақ, шын мұқтаждар қол жеткізе алмай жүрген жаңа баспананы олжалап, оны табыс көзіне айналдыру ардың ісі емес екенін де естен шығармаған абзал.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ.
