ІЗГІЛІКТІҢ ІЗІ

683 көрілім

«Өмір – өзен» деген сөз бекер айтылмаған. Зымырап өтіп жатқан тірлікте ұрпақ алмасады, ізіңді басып келе жатқан іні-сіңлілеріңнің есейіп қалғанын да сезбейсің. Ісі орнықты, сөзі мығым, қадамы нық замандасым, әріптесім, досым Раушан Нұрпейісқызы Сержанова 71 жастың белесіне шыққалы тұр.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол –адами келбет, аналық қасиет. Осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар.

Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық салт- дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Раушан Нұрпейісқызымен жарты ғасырдан аса достығымыздың жарасып келе жатқанын мақтан тұтамын.

Раушанның туған жері – Түркістан қаласы. 1966 жылы орта мектепті жақсы тәмамдады, бірден Алматыдағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. 1970 жылы кітапханашы және библиограф мамандығын алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын Түркістан аудандық комсомол комитетінде статистик болып бастауының өзі тегін емес деп ойлаймын. Осылайша аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінде кітапхана меңгерушісі болып бір орнында 18 жыл тапжылмай еңбек еткен Раушан Нұрпейісқызы еселі еңбегімен көзге түсіп, аудандық әкімшілікке жұмысқа шақырылады. 1993-1999 жылдары аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры , онан кейінгі 10 жыл Түркістан қалалық мәдениет бөлімінде еңбек жолынан өтті, абырой биігінен көрінді. Адал еңбектің арқасында өз ортасында сөзі өтімді, беделді болды.

Раушан досымның бойында бала кезден қалыптасқан намыс, қолға алған істі ақырына дейін тиянақты жеткізу, адамдармен ортақ тіл табыса білу қасиеті оны ұятқа қалдырған жоқ.

Раушан негізінде мына өмірде қандай жетістікке қолы жетсе де, оны әке-шеше тәлімімен, одан алған тағылымдарымен байланыстырып отыратыны бар.

– Хан болсын, қараша болсын, адамгершілік деген асыл ұғымды естен шығармауы керек. Адам адамдығымен биік. Сонымен қатар, әр басшы өз ісінің білгірі, өз саласының кәсіби маманы болуы тиіс. Әркімді ішкі «Мені» жігерлендіріп тұруы керек деп есептеймін. Ішкі түйсігі терең, өзін де, өзгені де бағалай білетін қасиетке ие болса, кім-кім де өз абыройын түсірмейді,- деп отырады үнемі.

– Әркім өз тағдырын өзі қалыптастырады. Сондықтан ретсіз сары уайымға салыну өмірге құлшынысты өлтіруі мүмкін. Әр адамның тыныш, бейбіт өмірде оянуы – оның ең бақытты сәті. Көп сөзден мағыналы іс артық,-дегенді өмірлік ұстанымы еткен Раушан Нұрпейісқызы еткен еңбегінің жемісін көрді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қол үзбей жүр. Ұрпақ тәрбиесіне үн қосуда.

Раушан Қалалық Аналар алқасының мүшесі. Түркістан қаласының 2004 жылғы «Жыл адамы», Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері. Ұл-қыздарының ардақты анасы, немерелерінің сүйікті әжесі.

Раушан сенің де мағыналы өміріңнің, шуақты шаңырағыңның алтын діңгегі – өмірлік қосағың Сержанов Алпамыс, оның жалғасы, ертеңгі мәуелі жемісі – бауыр етің балаларың мен алтын асықтай немерелерің. Бүгінгі Раушанның 71 жас мерейлі мүшел тойында, Құдай қосқан қосағы Алпамыстың 75 жас мерейтойында өздеріңе денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулеттеріңе баянды бақыт тілеймін! Ізгі жан туған-туыс арасында да әулеттің ұйытқысы, ағайын-туыстың бірлігін сақтап отырған сыйлы Ана.

Қазіргі таңда Раушан досым, ғұмырлық жолдасы Сержанов Алпамыспен екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп жеткізген өнегелі шаңырақ иелері. Ұл-қыздары жоғары білімді азаматтар, абыройлы еңбек жолында. Төрт немересі бар.

Жанат АЙЫМБЕТОВА МӘМӘДӘЛІ келіні.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы