ҰЛЫ АҚЫН ЕЛІНЕН КҮНДЕЛІК

725 көрілім

(Ардагер жазбасы)

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласының әкімі біздерге ұсыныс жасап және өзінің ұйытқы болуымен бір топ еңбек ардагерлері Семей қаласына барып қайттық.

Түркістан қалалық еңбек ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков бастаған түркістандық делегацияны Семей қаласы әкімі орынбасарының жетекшілігіндегі арнайы топ (телеарна тілшілерімен), барлық сән-салтанатымен қарсы алды. Тіпті жатын орнымызға дейінгі мәселелерге ерекше мән берілген. Киелі ұлы мекенге айрықша ықыласпен табан тіредік.

Қала әкімінің қабылдауында болып, үлкен мәжіліс залына Саримов Ермак мырза өзі бастап, Семей қаласының еңбек ардагерлер төрағасының бастығы Аманбаев пен қала мәслихатының хатшысы, қазақ тілі қоғамының төрағасы, қоғам қайраткерлері, қала әкімінің орынбасарлары, дін өкілдерімен дөңгелек үстел басында кездестік.

Шаһар басшысы Семейде болып өткен Абайдың 175 жылдық мерейтойы туралы, жер шарының түкпір-түкпірінен келген азаматтардың әңгімелерін айтып, Абайды дүние жүзі білетіндігіне марқайып, Семейдің болашақтағы даму жоспарларын жеткізді. Біздің тарапымыздан Пернетай Досыбеков сөз сөйлеп, Түркістан қаласы әкімінің және Түркістан қалалық еңбек ардагерлер төрағасының ыстық ықыласпен айтқан сәлемін және екі жақты қарым-қатынаста болып, ортада алтын көпір қалыптасуына шын ниеттерінің бар екенін жеткізді.

Кездесуден соң, қала әкімі Семей қаласының көрнекті жерлерін, кітапхана, ескерткіштер, ядролық сынақтан зардап шеккендерге орнатылған монументтермен таныстырды. Жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысына да көз жүгірттік. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамызға арнап, құрбандық шалып, Құран бағыштадық. Бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Естелік суретке түсуді де ұмыт қалдырмадық.

Кешкісін үлкен залда ас мәзірі дайындалып, Абай өлеңдерін, Шәкәрімнің өсиет сөздерін үлгі етіп, Семей мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламасы ұсынылды. Кеш барысында маған сөз берілді.

Мен құрылысшымын, ұлы ақын еліне аттанардан бір апта бұрын Түркістан қаласы әкімінің нұсқауымен оның орынбасары Тәжібек Мұсаев бір топ еңбек ардагерлерінің басын қосып, қаланы аралатып, салынып жатқан құрылыс нысандарын көрсетіп, қала тынысымен таныстырған болатын. Сол уақытта азды- көпті жазып отырғанымның пайдасы тиді. Мен өз сөзімде бүгінгі таңда облыс орталығы Түркістан қаласының қай жерінде не салынғанын, инвесторларды тартып, елді жайлаған коронавирусқа қарамастан құрылыс жұмыстары тоқтамай, қала айдан-айға, күннен-күнге дамып келе жатқанын, қаншама ғимарат бітіп, қаншасы биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетінін, келесі жылы қандай жұмыстар атқарылатындығын толық баяндап өттім. Семей қаласының ардагерлер төрағасы: «Біз Түркістанға барғандай болдық, қарағым» – деп, ризашылығын білдірді.

Келесі күні Абай атамыздың туған жері Жидебай мекеніне әрі ғұламалар жатқан жер Құнанбай, Абай, Шәкәрім өңіріне барып қайттық. Ауа-райы екі градус салқын болса да, жанға жайлы, таза болғаны соншалық, кең тыныс алдық. Еділдің әсері болса керек. Сұлу өзен қаланың қақ ортасынан өтеді екен. Семейден шығысқа қарай бет алдық. Жан-жағы жусан, жыңғыл, сексеуіл, бойы онша биік емес жиде ағаштары жиі кездеседі. Жері сулы жер екені көрініп тұр, әр тұстан бұлақтарды көзіміз шалады. Біздің алдымызда екі-үш күн бұрын қар жауса керек, әр жерде қар үйінділері кездеседі. Бірінші болып ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Күшікпай батырға тұрғызылған монументке тоқтадық. Мұнда мынандай жазу бар екен:

Ей – жолаушы, ел ішінде жол тартқан,
Қандай пенде болсаңыз да даңқы асқан.
Батыр баба басына бір соға кет,
Жауларымен арыстанша алысқан.
Көк найзасын тасқа қадап өлген Ер,
Көк байрақ боп алты алашқа өң берер.
Келешегін ұмытпаған ұрпақтың,
Келешегі кереметтей өзгерер.

Жанымызда Семей қаласындағы Абай музейінің қызметкері Азамат Қожабаев деген жігіт бар. Өте жас, мәдениетті азамат екен. Өзін таныстырып алып, әңгімесін одан әрі жалғады. Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа айтады, арасында өзінің шығарған өлеңдерін де тиек етіп, тартымды, қанша сағат жүргенімізді, шаршағанымызды білдірмей жіберді. М.Әуезов музейіне тоқтадық, ішінде жазу столы неше түрлі суреттер бар. Толық танысып болған соң, Еңлік – Кебек мемориалына, Абай, Құнанбайдың мәңгілік мекен тапқан орнына тоқтадық. Кесененің кіре берісінде: Бұл кесенелерде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, кенже інісі Оспан және Шәкәрім Құдайбергенұлы, өзінің ұлы Ахатпен жерленген – деп жазылған.

Келесі барған жеріміз Абай бабамыздың өзі отырған үйі, жеті бөлмеден тұрады екен. Қолданған ыдыстары, жазу бөлмесі, тамақтанатын ас бөлмесі, демалатын жайы, қонақ күтетін бөлмелері және ер тоқымы мен мылтығы сол күйі сақталған. Бара жатқан бағыттарымызда жатқан әулие ғұламаларға тоқтап, Құран бағыштап келеміз.

Келесі бағытымыз тау ішімен біраз жүріп Қоңыр әулие деген жерге бару. Оң-солымыздағы таулардың тарихтарын Азамат Қожабаев айтып келеді. Семейден шығысқа қарай 200-220 шықырымдай ұзап кетіппіз, ол жақта күн ерте батады екен, сағат 4-5-те қараңғы түсе бастады. Қараңғылатып тау ішімен келеміз. Аталған Қоңыр әулиеге де жеттік. Тау бөктеріне орналасқан үңгір екен. Үңгірге кірсеңіз 110-120 метрдей тереңдікке түседі. Ішінде электр жарығы жарқырап тұр. Мотормен тоқ береді. Келушілерге қолайлы ағаштан жол жасалған, төменде бұлақ суына түскен адам түрлі дертінен айығып кететінін естідік. Қысы-жазы іші 4-5 градус жылылықты ұстап тұрады. Онша терең емес, 1 метрдей шамасындағы бұлақ суы қайда ағып жатқаны белгісіз. Басында асхана, демалыс орны, зиярат жасайтын орындар бар. Демалып, тамақтанып алып қайта жолға шықтық. Түнделетіп қонақ үйге келіп жеттік. Аралап өз көзімізбен көріп алған әсеріміз бе, ғұламалардың жатқан жерлерін, сол заманда өткізген өмірлеріне, тыныс-тіршіліктеріне қанық болған соң ба шаршағанымызды ұмытып, бойымызды сергек ұстадық.

Қорыта айтқанда ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар аясында біздерді Семейге арнайы аттандырған қала әкімі Рашид Аюпов мырзаға алғысымыз шексіз.

Мұрат ҮМБЕТӘЛИЕВ,
ардагер құрылысшы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы