- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар. Оның 11 мыңға жуығына тиімді пайдалануды, ұтымды басқаруды және оларды сақтау мен қорғау бойынша заң, әкімшілік шараларды қамтамасыз етуді талап ететін жалпыұлттық мәдени байлық болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген.
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» деген тақырыпта көшпелі отырысы өтті.
Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің және Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Жиын барысында тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралды. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары талқыланды.
Заң жобаларында тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау, оларды есепке алу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, нысандарды паспорттау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Депутаттар және Комитет отырысына қатысушылар бүгінгі таңда көптеген жаңадан анықталып, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген орындардың сақталуы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейтінін атап көрсетті.
“Түркістан-ақпарат”.

