«БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – АДАМ ҚҰҚЫҒЫ»

2  566 көрілім

Бүгінгі жас ұрпақ мектеп пен жанұяда жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, тәрбиелі, мәдениетті, білімді адам болуға ұмтылуы керек. Құқықтық сауатсыздық, яғни өз құқығы мен міндетін білмей, басқаның құқығын сыйламаудың кесірінен көптеген келеңсіз жағдайларға кезігіп отырмыз. Осы орайда қылмыстың қоғамдағы зияны мен адам тағдырын адастыратын іс екенін әрқайсымыз жете түсінуге тиіспіз. Олай болса, құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениетті санаға сіңіріп, өзімізді және қасымыздағы адамдардың жеке басын қадірлеп, құрметтеу – құқықтық сауаттылығымызды арттыру деген сөз.Түркістан қаласы әкімдігінің адами капиталды дамыту бөлімі 20 қараша – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бала құқығы – адам құқығы» атты іс шаралар жоспарын жасап, орындауды бастап кетті. Балаларға бақытты балалық шақ беру, барлық азаматтарды тиісті заңнаманы және басқа шараларды жүзеге асыра отырып, бұқараны балалардың құқықтарын құрметтеуге шақыруға арналған арнайы жоспарда бірнеше шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар мен балаларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен қатар оқушылардың құқықтық мәдениетін, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 1989 жылғы 20 қарашада қабылданған Бала құқықтары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының негізгі ережелері туралы білім деңгейлерін арттыру, балалардың заң талаптарын бұзбай, өзіне жүктелген міндеттерді орындай білуге үйрету мақсатында тәрбие сағаттары, бастауыш сыныптарда сынып сағаттары, кездесу, бейнебаян көрсетілімдерін өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Тәуелсіз елдің ұрпағы» тақырыбында аумақтық блоктардағы көшбасшы балалармен кездесулер өткізу, «Балалық шақты бірге қорғайық» тақырыбында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы республиканың үкіметтік емес ұйымдарымен онлайн-диалог алаңдарының жұмысын ұйымдастыру, «Бала құқығы – адам құқығы» тақырыбында facebook, instagram әлеуметтік желілерінде пост жариялау да жоспарымызда бар. Балаларға ұлы ғұламалардың жақсы мен жаман туралы айтқандарын түсіндіру, адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, әдеп әліппесін бойына дарыту, баланың жан-жақты ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту, өз халқының салт-дәстүрлерін, әдептілік туралы нақыл сөздерді, алтын ақылдарды, тыйым сөздерді үйрету арқылы адамгершілікке, ұқыптылыққа, кішіпейілділікке тәрбиелеу аға буынның міндеті. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – азаматтың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұлы ғұлама Әл Фарабидің ұлағатты сөзін ескере отырып, ұстаздар қауымы елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу үшін бала тәрбиесінің негізін құятын ата-анамен бірге ауқымды жұмыстар атқаруы қажеттігін ұмытпағаны абзал.

Түркістан қалалық Адами капиталды дамыту бөлімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы