Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты жұмыстар жалғасуда. 2019 жылы орталық мамандары Тараз қаласында және Сарыкемер, Аса кенттерінде өткен семинарларға,
«Қазақ тілін латын графикасына көшіру» ақпараттық- насихат апталығына қатысып мол тәжірибе жинақтап қайтты.
Сонымен қатар, былтырғы жылы Нұр-Сұлтан қаласына барып, «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерлерді дайындауға арналған 72 сағаттық республикалық курста оқып келдік. Онда семинарларға қатысып, студенттерге ашық сабақтарды практика жүзінде іске асырып, әріптестермен тығыз байланыста өзара тәжірибе алмастық.
Түркістан қаласында латын әліпбиі бойынша облыстық сот мамандары арасында дәрістер оқыдық. Сондай-ақ, 2019 жылдың қараша айында қала мектептерінде «Жаңа әліпби емле – ережелер» тақырыбында таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл аяғында орталық кітапханада қаламыздағы филолог мамандары арасында дөңгелек үстел өткізілді.
Қаламыздағы «Балдырған бөбекжай» балабақшасында «Латын графикасына негізделген қазақ тілі» сабағы жүргізілді. Ашық сабаққа қызметкерлер белсене қатысты. «Latyn qarpinde jazyp daǵdylanamyz» атты тренинг өтті.Тренинг барысында алда қандай өзгерістер мен жаңалықтар күтіп тұрғандығы түсіндіріліп, практикалық жаттығуларға мән берілді. Қала көлемінде «Қазақша оқимыз, Латынша жазамыз» тақырыбында диктант жұмыстар алынып, сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар, былтырғы жылдың желтоқсан айында мектеп мұғалімдері арасында «Жаңа әліпби термин мәселесі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке қатысушылар жаңа емле ережесіне және термин тақырыбына сәйкес әртүрлі тапсырмалар орындады. Латын графикасында оқу, жазу дағдыларын әрі қарай дамыту мақсатында тыңдаушылар ұялы телефондары арқылы «QAZLATYN» сайтымен «Терминком», «Сөздікқор» бағдарламаларымен, «QAZAQ KEYBOARD» қолданбаларымен, сонымен қатар «IIes», «Sózálemi» мобилді қосымшаларымен танысып, оларды қолданып көрді.
Биылғы 2020 жылдың алғашқы айларында латын әліпбиіне қатысты семинарлар өткізіліп, онда орфографиялық, әдістемелік, техникалық сүйемелдеу жұмыстары атқарылды және ашық талқылаулар болды. Қазіргі таңда онлайн семинарлар өткізудеміз.
Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал. Біз күнделікті өмірімізде латын графикасымен жиі бетпе-бет кездесеміз. Ғаламтор мен ұялы байланысты пайдаланушылар, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін пайдаланып та жүр. Алайда, осы жұмысты жүйелеп, бір бағытқа салу үшін қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет.
Айжан БАЙМАХАНОВА,
қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі мұғалімі:
