Журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлі – 60 жаста. Мерейлі кештің қарсаңында қалалық «Визит» орталығында «Өмірде де, өнерде де сан қырлы…» атты арнайы жиын болды. Басқосудың шымылдығы Бекжігіт ағамыздың “Танымал әннің тарихы” атты кітабының тұсау кесерімен ашылып, әріптес-шәкірттерінің жүрек жарды тілектерімен жалғасты.
Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Досай Кенжетай, композитор, ҚР композиторлар одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрайымы Құралай Сәтмұханбетова, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, республикалық «Сарасөз» журналының редакторы Гүлжаз Қарыбекқызы сонымен бірге Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Айдар Сейдәзімдер қатысып, мерейтой иесіне табыстар тілеп өз құрметтерін жасады.

Мерейлі шараға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев және қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов қатысып, 60 жасқа толған Бекжігіт Сердәліге қаншама шәкірт тәрбиелеп, олардың білікті маман, тәжірибелі тұлға болып қалыптасуына үлес қосып жүргеніне алғыс айтып, шығармашылығына табыс, еңбегіне жеміс тілей отыра, сый-сияпаттарын тарту етті.
Бекжігіт Кенжебекұлы қазақ жұртына Түркістан қаласының гимніне айналған «Түркістаным – тұраным» және «Неге, неге?», «Жұбайлар жыры» атты әндерімен және тағылымы мол, рухани байлық болып табылар бірнеше кітаптарымен де танымал.
Сырлы кеш аясында бейнероликтер көрсетіліп, шығармашыл жанның өнердегі құрдастары қатысқан брифингпен жалғасын тапты.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.
