Қашықтықтан оқыту жүйесі әлемде қолданылғанмен біздің елде әлі жүзеге аспаған. Бірақ төменгі сынып балаларымен және ата-аналармен психологиялық жағынан жақсы дайындык жүргіздік. Бірнеше жоба сынама сабақтар жіберіп, жобалау барысын көрсетіп, үйреттік. Өзіміздің педагог әріптестермен ақылдаса отырып, ортақ шешімге келіп жұмыс жасаудамыз. Алғашқы сабағыма 30 оқушы түгел қатысты. Әрбір сабаққа кері байланыс бере білді. Техникалық құралдары жеткілікті болды. Бұл бастама жаңашылдық болғандықтан ата-ананың көбіне түсініксіздеу болғанымен балалар үшін өте қызық болды. Себебі, балалар менің әрбір тапсырмамды дереу нәтижелеп беріп отырды.
Жаңартылған білім беру бағдарламасын ең алғашқы бастаған көшбасшысы біз болатынбыз 2016 жылы. Биыл бізде 4 сынып осы бастауышта жоғары сатыдамыз. Оқу материалдары күрделірек. Үйде отырған қарапайым ата-анаға сәл қиындық туғызды. Осы орайда ата-аналардың пікірі мен ұсынысы: үй тапсырмасы мейлінше ықшамды, нақты болса,- дейді. Себебі, ол кісілерде бір үйде бірнеше бала болғандықтан оларды үлгертуге қиналады. Балалары жарысқан кезде ата-аналар да толқулар болуда. Бірақ, алғашқы сабақта ата-ана да, балалар да жақсы нәтиже көрсете білді. Қашықтықтан оқыту меніңше білім жағынан қиналатын ата-анаға ғана қиындық туғызады. Сондықтан, ата-анаға уақыт қойып, шектеп, қыстауға да болмайды. Ата-ана өзінің мүмкіндігіне, бала санына қарай үлгеріп кері байланыс жасайды.
Жалпы тоқсандағы сабақтарымыз өз жоспарыма сай. Атап айтсақ, ресурсты материалдар ақпарат көздерінен тікелей алынып, балаларға сілтеме берілген. Аман-есен бір аптаны өткізсек, алдағы уақытта ата-ана да, оқушы да мұғаліммен тығыз байланыста болуды үйренеді. Ел болып осы індеттен аман-есен шықсақ бұл күндер де артта қалады. Келешекте техниканың дамитын заманы болады. Болашақта керемет техник жастар бүгінгі балалардан шығады,-деп ойлаймын. Келешекте көптеген мамандықтар техникамен байланысады соның бастамасы қалануда деп сенімді айта аламын.
Ата-аналар тарапынан 2-3 тапсырманың көптігі айтылды. Біздің дайындаған тапсырманы оқушылардың 60-70 пайызы өздігінен орындай алса, кейбір балаларға көмек қажет. Ол дегеніміз әр сыныпта бала білімі үш сатыда өлшенеді. Өте жақсы, жақсы және үлгерімі кей пәндерден қиналатын балалар. Мысалы: қазақ тілі, ағылшын, т.б. пәндер. Балалар әдебиеттен түсінік айтуда қиналмады, бірақ математикадан өзіндік жұмыс орындауда қиналуда. Жаңартылған білім беру бағдарламасында біз баланы білу керек, үйрену керек, өзі іздену керек дейміз. Сонда да баланың деңгейі бірдей емес, оны біз тапсырма беруде байқаймыз.
Осы орайда, айтар ұсынысым: бір күнде екі немесе үш негізгі пәндер болғаны тиімді. Көркем еңбек, өзін өзі тану пәні, т.б. яғни, жеңіл пәндерді ықшамдауымыз қажет. Мысалға осы пәндермен есептесек әр балада 5-6 пән. Ал, кейбір ата-аналарда үйде 3 бала болса 15-18 тапсырма орындауға тура келеді. Сондықтан, ата-анаға бұл пәндердің барлығын орындату қиындыққа соғады. Ата-аналар тапсырмадан қиналмайды, уакыттан қиналады.
Айгүл ЖАЙДАРХАНОВА,
Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі