Қаламыз күннен күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Шынында, бүгінде облыс орталығы әсем қалаға айналды. Енді осынау қала келбетінің әдемілігін таза сақтау басты мақсатымыз болмақ. Осы мақсатта тазалық жұмыстары күнделікті қарқынды жүргізілуде.
Жақында, қаламыздағы жоғары оқу орны жанындағы аялдамада қоғамдық көлікті күтіп отырған болатынмын. Бір уақытта екі жеңіл машина бірінен кейін бірі кілт тоқтап, ішінен түскен жігіттер бір бірімен ұстасып жатқандай көрінді. Алғашында осы жастарға не жетпейді екен. Қазіргідей қиын уақытта бір-бірімен соқтығыспай жүрсе болады ғой, -деп іштей реніште отырғанмын. Алайда, сөз саптаулары мен қимыл қозғалыстарына қарап оқиғанын анық-қанығына көз жеткізе бастадым. Алдыңғы жеңіл көлікте отырғандарға артынан қуып келген жігіттер: «Қоқыс тастамаңдар. Тастаған қоқыстарыңды жинап, арнайы қойылған жәшікке салыңдар. Тез барып, өздерің тастаған қоқыстарыңды жинап келіңдер. Біз осында сендерді күтіп тұрамыз» деп өктем-өктем сөйлеп жатты. Өздерінен кеткен кемшілікті сезінген алдыңғы көлікте отырған жас жігіттер сөзге келместен: «Ағалар, сіздердің айтқандарыңыз дұрыс. Қазір барып, тастаған қоқысты жинап, жәшікке саламыз» деп дереу көліктеріне отырып, артқа қарай кетті. Шамалы уақыттан кейін күтіп тұрған ағаларының жанына келіп, енді олай жасамайтындарын айтып кешірім сұрады.
Міне, осы көрініс менің көңілімді аспанға шарықтатты. Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңін елінің қамын ойлаған осындай жастарға арнап жазғанын сезіндім. Қаламыздың жастары бірін-бірі осылай оң бағытта тәрбиелеп жатқанына жүрегім жарыла қуандым.
Шынында, таңның атысынан кеш батқанға дейін көше тазалап жүрген жандардың еңбегін бағалауымыз керек. «Тазалық қызметкерлері жинасын» деп кез келген жерге қоқыс тастай беретін болсақ, оны көрген кішкентай бүлдіршіндер де солай жасайтын болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей жас буынға жақсы істерімізбен үлгі бола білейік.
Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.