Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі бүгінгі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Әлемде өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім.
Әрбір ұстаз өз шәкірттерінің биіктерді бағындырып, білім бәсекесіне қабілетті болғанын қалайды. Бұл жолда мұғалімдердің өзі де тынымсыз ізденіп, жаңашылдықтарды меңгеріп келеді. Педагогтардың білім деңгейінің дәрежесін тексеру мақсатында облыстық, республикалық деңгейлерде түрлі білім сайыстары өткізіліп тұрады.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Түркістан облысының әдістемелік орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен 1 – 5 қазан аралығында өткен «Үздік әдістемелік калейдаскоп» сырттай байқауында Жетісай ауданының ұстаздары топ жарды. «Педагогтың кәсіби шеберлігін арттыру, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу факторы» озық тәжірибелі педагогтердің облыстық слетында Жетісай аудандық білім бөлімінің ағылшын тілі әдіскері Ғалымжан Аманов І орынды, №14 «Н.Оңдасынов» атындағы жалпы орта мектебі директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Абдалимова ІІІ орынды, №14 «Н.Оңдасынов» атындағы жалпы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Гүлмира Тәуекелова мен осы мектептің химия пәнінің мұғалімі Мағира Мырзамұратова ІІІ орынды иеленсе, №19 «Амангелді» атындағы жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің пәнінің мұғалімі Ақмарал Ашенова «Озық идея» номинациясын жеңіп алды.
Бауыржан НАЙМАНОВ.