Қазіргі таңда білім бөліміне қарасты 31 жалпы білім беретін мектепте 62 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, мектептерге 10 полиция инспекторы және 6 аумақтық инспектор бекітілген. Олар педагогтармен бірлесіп профилактикалық іс шаралар жүргізеді. Атап айтар болсақ, қала мектептерінде прокуратура, қалалық полиция басқармасы өкілдерімен осы жылдың алғашқы 5 айында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» тақырыптарымен түнгі 16 рейдтер жүргізілді. «Мектеп, отбасы және мектеп оқушыларының психологиялық денсаулығы» тақырыбында жалпы мектептік ата-аналар жиналыстары, «Менің қауіпсіздігім» атты сынып сағаттары, «Ерте отбасын құру: артықшылығы мен зияны» тақырыбында ата-аналар және оқушылармен сұхбаттар, қалалық полиция басқармасы есебінде тұрған балалармен «Мен өз елімнің патриотымын» атты спорттық жарыс, «Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында кітап және фото көрмесі, жасөспірімдерге құқық бұзушылық, есірткі және психотроптық заттарды қолдану және сақтағаны үшін қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік туралы ақпарат беру мақсатында жоғарғы сыныптарға лекция, «Жас ұрпақты есірткі экспансиясынан қорғау және денсаулық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында байқау және «Түркістан қаласының жастары салауатты өмірді қолдайды» форумы өткізілді. Бұл шаралардың барлығына мектеп оқушылары жүйелі қатысып отырды.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен панасыздықтың алдын алудың табыстылығы оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына, сабақтан тыс және каникул кезіндегі демалыс уақытының тиімді ұйымдастырылуына және жүйелі түрде бақылау мониторингінің жүргізіліп отырылуына байланысты. Осы мақсатта 5 қосымша білім беру мекемелеріне 2627 бала қамтылған. Сонымен қатар, мектептерде ұйымдастырылған үйірмелерге өз қызығушылықтары бойынша 27795 оқушы, ал, спорттық секцияларға 18 300 оқушы қатысты.
Мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де қылмыстың алдын алуда алатын орны ерекше. Осы мақсатта мектептерде бейнебақылау камералары көбейтілді. 2020 жылы пилоттық жоба негізінде Түркістан қаласы адами капиталды дамыту бөліміне қарасты №9 Некрасов, №13 Ә.Науаи, №15 М.Жұмабаев мектеп-гимназиялары мен №26, №27, Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектептеріне жергілікті полиция бөлімінің жүйесіне қосу /интеграциялау/ ІР цифрлық бейнебақылау камералары орнатылды. №22 жалпы орта мектебінде ІР бейнебақылау камерасы мен турникет жүйесі қосылуда. №17 Ататүрік мектеп-гимназиясы мен №27 ІТ мектеп-лицейінде «Smart School» жобасы аясында қызметтер орналастырылды.
«Түркістан-ақпарат».