Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымы мемлекетіміздің сара саясаты, мақсаты. Әрбір азамат осы игіліктерге лайықты үлесін қоса білуі қажет. Әрбір қазақстандықтың жүрегінде сақталған «Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар» деген сөздер тектен-тек айтылған емес.
Өзбек этно-мәдени бірлестігі Елбасымыз Н.Назарбаев төрағалық ететін Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамында достық, татулық, бірлікті насихаттайтын іс-шараларға ұйытқы болуда. Өткен жылы наурыз айында Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зиян шеккен тұрғындар үшін арнайы «Біз біргеміз» атты акция ұйымдастырып жалпы 10 миллион теңгелік азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттар жеткізілді. Мұндай игі істер өте көп.
Елімізде пандемия індетінен зардап шекпеген отбасы жоқ. Біздің отбасымыз да солардың қатарында. Бірлестік тарапынан көмек сұраған жандарға көмек үнемі көрсетіліп келеді. Біреу ауырған бауырына, енді бірі өрттен зардап шеккен туысына көмек сұрап келеді. Барынша көмектесуге тырысамыз. Бірақ, наурыз айынан бастап барлық кәсіпкерлер қатары бізде де жұмыс тұрақты жүріп жатпағанына байланысты жағдай бұрыңғыдай еместігін мойындауымыз қажет.
Жақында Шорнақта болған оқиға жүрегімізге ауыр батты. Біз заң үстемдік жасайтын қоғамда өмір сүреміз. Адамдардың ара-қатынасы сол заң шеңберінде болуы тиіс. «Жұдырықты» жұмсаудан бұрын жүрекке жылу беретін мәміле мәдениетіне үйренуіміз, жастарды соған уйретуіміз өте қажет екендігі тағы бір рет қатты білінді. Осы бағытта жұмыс жасау қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар, әжелер алқалары, зиялы қауым, бүкіл қоғамның басты міндеті болуы керек деп есептейміз.
Қоғамның қай саласын алып қарасаңыз да араласып-құраласып, ымырашылдықта, түсіністікте еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер, алға басу, биікке өрлеу – ұлттар арасындағы татулықтың, қоғамдық келісімнің үлгісі деп білемін.
Бахадыр ИРСМЕТОВ,
Түркістан қалалық өзбек этно-мәдени бірлестік төрағасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі