ҚАЗАҚСТАН МЕНІҢ ОТАНЫМ

487 көрілім

Біздің ата-бабамыз 1944 жылы Қазақ еліне жер аударылып келген екен. Сонда ата-бабамызды қазақ халқы мейірімді жүздерімен қарсы алыпты. Елдің жағдайы қиын болса да бір үзім нанын, үйін, төсегін бөліп беріпті. Әрбірі бір отбасыға қарасыпты. Қазақ халқының дарқан пейілінің арқасында ата-бабамыз аман қалыпты. Әкемнің және менің замандастарым ата-бабамыздың басынан өткізген қиындықтарын біліп өстік, оны ешқашан ұмытпаймыз. Тіптен, кейде есімізге түскенде төбе шашымыз тік тұрады. Ол заманды ешкімнің басына бермесін деп тілейміз.

Мен қазақ, өзбек, орыс, тәжік ұлтының балаларымен бір көшеде бірге өстім. 11 ұл-қызы бар қазақ отбасымен көрші тұрдық. Сол үйдің бір түп өрік ағашы болатын. Осы өрік ағашы жемісін салғанда көшедегі ойын балалары сол үйден табылатынбыз. Сонда бір түп өрік ағашының жемісі 11 ұл-қыз бен сол көшенің барлық балаларына жететін. Біздің үйдегілер қызанақ егетін. Піскен уақытында балалармен бірге отырып жейтінбіз. Ойдағыда кімнің үйінде тәтті жемістер, тәттілер бар болса, бірге жеп өстік. Бір көшенің балалары өте тату тұратынбыз. Біздер «сенікі, менікі» дегенді білмедік. Бірге өскен балалар әлі күнге дейін араласамыз. Бас қосқан сайын әсіресе Күмісбек деген жігіт: «Біз қандай жақсы өмір сүрдік» деп, көбіне айтып отырады. Бүгінде бір-біріміздің үйімізге келіп, араласып тұрамыз, қолымыздан келген көмегімізді көрсетеміз. Сондай-ақ, сыныптастармен де жиі араласып тұрамыз. Биылғы жылы мектепті бітіргенімізге 41 жыл болды. Алымжан Ахметов, Зайниддин Шайықов, Дүйсенбай Байжанов, Бақытжан Әлібаев, Анашбек Пошанов, Мәлік Нәлібай есімді жігіттермен сыныптас болдым. Біздің арамызда «сен қазақсың, мен түрікпін» деген әңгіме болмайтын. Біздің кезең осындай болды. Бір-бірімізбен жақын ағайындай араластық.

Ұлттың жаманы болмайды. Әрине «бес саусақ бірдей емес» дегендей, бір ата-анадан туған бес бала бірдей болмайды. Әрқайсысының мінезі әртүрлі болады. Аллаға шүкір, үлкен ұлымның да жора-жолдастары жетерлік, достары көп.

Мен осы жасыма келгенше өзге ұлт өкілдерімен араздасып көрмеппін, тек сыйласып келеміз. Сен жақсы болсаң, бәрі жақсы болады,-дейді халқымыз. Тірлігіміз де, жұмысымыз да, бәрі де қазақ халқымен бірге жасасып келеміз. Қазақстан менің Отаным, менің өсіп-өнген жерім. Құдайға шүкір, мен бұл жерден жаманшылық көрген жоқпын. Қазақ халқынын жиын арасында болғанда бір атаның баласы деп төрге отырғызып, жол беріп жатқанда үлкен әсерге бөленемін.

Биыл сексенге келген әкем де жора жолдастарымен араласып тұрады. Өзімнің 4 ұл-қызым бар. Екі қызды қияға қондырып, ұлымды үйлендірдім. 1995 жылы туылған ұлымның есімін Елбасымыздың құрметіне Нұрсұлтан деп қойғанмын. Нұрсұлтан балам қазақ мектебінде оқыды. Түркияда жоғары білім алып, былтырғы жылы бітіріп келді. Үлкен ұлым қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді бітірген, бүгінде жеке кәсіпкер. Мен өзім де жеке кәсіппен айналысамын.

Усеин МЕДЕДОВ,
«АХЫСКА» түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы