БІРЛІК – БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

779 көрілім

Еліміз өткен ғасырдың 40-жылдарында кеңестік солақай саясаттың ықпалымен қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдеріне пана болды. Бір ғана тың игеру кезеңінде Қазақстанға КСРО-ның өзге республикаларынан 600 мыңнан астам адам келді. Солардың көпшілігі тұрақтап қалды. Жергілікті ұлтпен ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп, бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр.

Бұл орайда, барлық этнос өкілдерін тіліне, дініне қарамастан, бір мүдде аясында әлеуметтік-экономикалық даму жолына жұмылдыра білген қазақ даласы жаһандық кеңістіктегі тұрақтылық пен бірліктің үлгісіне айналды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде, этно-мәдени бірлестіктер қоғамда маңызды рөл атқарды. Осы арқылы елде барлық этностың мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін толыққанды жаңғырту мен дамытудың тұрақты механизмі жүзеге асырылып келеді.

Осы этно-мәдени бірлестіктер өзара тығыз қарым-қатынас орната отырып, жыл сайын ұлттық мәдениет күндерін өткізеді. Елімізді мекен еткен этнос өкілдері Қазақстанды ортақ қарашаңырағымыз деп мақтан етеді. Иә, ел аумағындағы 130-дан аса ұлт өкілі Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Олардың барлығы қазақтармен етене араласып, туыстай болып кеткен. Түрлі деңгейдегі мерекелер мен іс-шараларға белсене қатысады. Мұның өзі елдегі тұрақтылық пен бірліктің шынайы көрінісін айғақтайды.

Жақында біз облыс орталығындағы этно-мәдени бірлестіктер арасында сауалнама жүргізген едік.

Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымын қалай түсінесіз?

Этно-мәдени бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарын айтып өтсеңіз?

Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елді де айналып өтпеді. Елдегі карантин кезеңі барша халыққа қиындық туғызды. Осы орайда көмек сұраған жандарға бірлестік тарапынан көмек көрсетілді ма?

Сіз бастан өткізген немесе куә болған ұлттар достығы арасындағы татулықты паш ететін сәттерді, көріністерді айтып берсеңіз?

Усеин МЕДЕДОВ, «АХЫСКА» түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы: – Біздің ата-бабамыз 1944 жылы Қазақ еліне жер аударылып келген екен. Сонда ата-бабамызды қазақ халқы мейірімді жүздерімен қарсы алыпты. Елдің жағдайы қиын болса да бір үзім нанын, үйін, төсегін бөліп беріпті. Әрбірі бір отбасыға қарасыпты. Қазақ халқының дарқан пейілінің арқасында ата-бабамыз аман қалыпты. Әкемнің және менің замандастарым ата-бабамыздың басынан өткізген қиындықтарын біліп өстік, оны ешқашан ұмытпаймыз. Тіптен, кейде есімізге түскенде төбе шашымыз тік тұрады. Ол заманды ешкімнің басына бермесін деп тілейміз.

Мен қазақ, өзбек, орыс, тәжік ұлтының балаларымен бір көшеде бірге өстім. 11 ұл-қызы бар қазақ отбасымен көрші тұрдық. Сол үйдің бір түп өрік ағашы болатын. Осы өрік ағашы жемісін салғанда көшедегі ойын балалары сол үйден табылатынбыз. Сонда бір түп өрік ағашының жемісі 11 ұл-қыз бен сол көшенің барлық балаларына жететін. Біздің үйдегілер қызанақ егетін. Піскен уақытында балалармен бірге отырып жейтінбіз. Ойдағыда кімнің үйінде тәтті жемістер, тәттілер бар болса, бірге жеп өстік. Бір көшенің балалары өте тату тұратынбыз. Біздер «сенікі, менікі» дегенді білмедік. Бірге өскен балалар әлі күнге дейін араласамыз. Бас қосқан сайын әсіресе Күмісбек деген жігіт: «Біз қандай жақсы өмір сүрдік» деп, көбіне айтып отырады. Бүгінде бір-біріміздің үйімізге келіп, араласып тұрамыз, қолымыздан келген көмегімізді көрсетеміз. Сондай-ақ, сыныптастармен де жиі араласып тұрамыз. Биылғы жылы мектепті бітіргенімізге 41 жыл болды. Алымжан Ахметов, Зайниддин Шайықов, Дүйсенбай Байжанов, Бақытжан Әлібаев, Анашбек Пошанов, Мәлік Нәлібай есімді жігіттермен сыныптас болдым. Біздің арамызда «сен қазақсың, мен түрікпін» деген әңгіме болмайтын. Біздің кезең осындай болды. Бір-бірімізбен жақын ағайындай араластық.

Ұлттың жаманы болмайды. Әрине «бес саусақ бірдей емес» дегендей, бір ата-анадан туған бес бала бірдей болмайды. Әрқайсысының мінезі әртүрлі болады. Аллаға шүкір, үлкен ұлымның да жора-жолдастары жетерлік, достары көп.

Мен осы жасыма келгенше өзге ұлт өкілдерімен араздасып көрмеппін, тек сыйласып келеміз. Сен жақсы болсаң, бәрі жақсы болады,-дейді халқымыз. Тірлігіміз де, жұмысымыз да, бәрі де қазақ халқымен бірге жасасып келеміз. Қазақстан менің Отаным, менің өсіп-өнген жерім. Құдайға шүкір, мен бұл жерден жаманшылық көрген жоқпын. Қазақ халқынын жиын арасында болғанда бір атаның баласы деп төрге отырғызып, жол беріп жатқанда үлкен әсерге бөленемін.

Биыл сексенге келген әкем де жора жолдастарымен араласып тұрады. Өзімнің 4 ұл-қызым бар. Екі қызды қияға қондырып, ұлымды үйлендірдім. 1995 жылы туылған ұлымның есімін Елбасымыздың құрметіне Нұрсұлтан деп қойғанмын. Нұрсұлтан балам қазақ мектебінде оқыды. Түркияда жоғары білім алып, былтырғы жылы бітіріп келді. Үлкен ұлым қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді бітірген, бүгінде жеке кәсіпкер. Мен өзім де жеке кәсіппен айналысамын.

Бахадыр ИРСМЕТОВ, қалалық өзбек этно-мәдени бірлестік төрағасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі: – Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымы мемлекетіміздің сара саясаты, мақсаты. Әрбір азамат осы игіліктерге лайықты үлесін қоса білуі қажет. Әрбір қазақстандықтың жүрегінде сақталған «Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар» деген сөздер тектен-тек айтылған емес.

Өзбек этно-мәдени бірлестігі Елбасымыз Н.Назарбаев төрағалық ететін Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамында достық, татулық, бірлікті насихаттайтын іс-шараларға ұйытқы болуда. Өткен жылы наурыз айында Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зиян шеккен тұрғындар үшін арнайы «Біз біргеміз» атты акция ұйымдастырып жалпы 10 миллион теңгелік азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттар жеткізілді. Мұндай игі істер өте көп.

Елімізде пандемия індетінен зардап шекпеген отбасы жоқ. Біздің отбасымыз да солардың қатарында. Бірлестік тарапынан көмек сұраған жандарға көмек үнемі көрсетіліп келеді. Біреу ауырған бауырына, енді бірі өрттен зардап шеккен туысына көмек сұрап келеді. Барынша көмектесуге тырысамыз. Бірақ, наурыз айынан бастап барлық кәсіпкерлер қатары бізде де жұмыс тұрақты жүріп жатпағанына байланысты жағдай бұрыңғыдай еместігін мойындауымыз қажет.

Жақында Шорнақта болған оқиға жүрегімізге ауыр батты. Біз заң үстемдік жасайтын қоғамда өмір сүреміз. Адамдардың ара-қатынасы сол заң шеңберінде болуы тиіс. «Жұдырықты» жұмсаудан бұрын жүрекке жылу беретін мәміле мәдениетіне үйренуіміз, жастарды соған уйретуіміз өте қажет екендігі тағы бір рет қатты білінді. Осы бағытта жұмыс жасау қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар, әжелер алқалары, зиялы қауым, бүкіл қоғамның басты міндеті болуы керек деп есептейміз.

Қоғамның қай саласын алып қарасаңыз да араласып-құраласып, ымырашылдықта, түсіністікте еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер, алға басу, биікке өрлеу – ұлттар арасындағы татулықтың, қоғамдық келісімнің үлгісі деп білемін.

Ирина ЧЕГАНОВА, славян этно-мәдени бірлестік төрайымының орынбасары: – Мен үшін бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық деген ұғым – өзара түсіністік, өзара көмек, мемлекетте тұратын халықтар арасындағы достық, Отанымыздың өркендеуіне деген үлкен ықылас деген сөз.

Бірлестіктің басты мақсаты ұлттардың этникалық ерекшелігін, мәдениетін, славяндардың тілдерін сақтау, Қазақстан Республикасы халықтарының арасындағы татулық пен достықты нығайту. Сонымен қатар басқа этно-мәдени бірлестіктермен тығыз байланыстамыз. Біз бір-бірімізді әртүрлі сайыстар мен іс-шараларға шақырып, аймақ аралық, республикалық жарыстарға қатысып тұрамыз. Карантин кезінде де біз интернетте жұмыс жасаймыз. Барлық іс-шараларға тұрақты қатысамыз. 10 тамызда өткен Абай Құнанбаев күніне арналған мерекеге құрметпен дайындалдық. Қыздарымыз республикалық фестивальге қатысып, ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады.

Елімізде орын алған індетке біз де бей-жай қарамадық. Бұл жағдай өте қорқынышты болды, отбасымыз бен туыстарымыз үшін алаңдадық. Мұндай жағдайда адамдардың психологиялық және эмоционалды қолдауы тіпті маңызды. Сондықтан, біздің тарапымыздан қолдауды қажет еткен ауырған жандарға қолдан келген көмегімізді бердік.

Біз ұлтқа бөлінбей бүкіл халқымыз үшін алаңдадық. Бұл індет Қазақстандағы барлық отбасыларға әсерін тигізді. Өкінішке орай көптеген достарымыздың, әріптестеріміз бен көршілеріміздің туыстарының өмірін қиды. Біз оларға шын жүректен көңіл айтамыз. Қайғы бізді жақындата түсті. Көп азапқа толы күндер болды, жұрт жақындарынан айырылды. Баршаңызға денсаулық, шыдамдылық және бұл індеттің тезірек бітуін нәсіп қылсын.

Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүрміз. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туыстарындай көреді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз.

Қазақ тілін білу – достықтың кілті, ынтымақтастың бастауы деп білемін. Мемлекеттік тіл – біздің ортақ құралымыз, қарым-қатынас тілімізге айналды. Достарым әртүрлі ұлт өкілдері болса да бір-біріне қамқор, жанашыр, тілекші. Бір-бірінің басына қиындық түссе бөліседі, қуаныш болса ортақтасады. Біздің тіліміз басқа болғанымен тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қиындық атаулыны жеңетін бір – ақ күш бар, ол – бірлік, ендеше жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге елдерде қантөгістер мен қақтығыстар болып жатқанда, татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік емес пе?, Қазақстанның болашағы тек қана халықтардың ынтымағында» – деп бағыт сілтеді.

Ендеше, бірлік – деген қасиетті ұғым. Еліміздің берекесі гүлденіп, өсуі осы бірлікпен тығыз байланысты. Сондықтан бірлік, сыйластық бір отбасына ғана емес, тұтас елге, мемлекетке де тікелей қатысты.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы