ҚОЛТАҢБАЛАРЫ ТАРИХ БЕТІНДЕ МӘҢГІ ҚАЛДЫ

579 көрілім

Негізі, бірге қызмет етіп жүрген жандардың бұл өмірден өтуі қиын екен. Иә, бірге қызмет еткен Оразхан Жұманов, Нұралы Дүйсекеев  ағаларымыздың   орны да біз үшін  қымбат.   

Ағалық  қамқорлықтарын аямаған Оразхан Жұманов, Нұралы Дүйсекеев  ағаларды бiр сәт еске алып, рухтары алдында басымды иiп отырмын. 

Оразхан Жұманов ағамыз қызметте іскер, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен  дара көрінетін.  Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүретін. Жан-жағына күн шуағын шашып отыратын ерекше қасиетке ие болатын. Оразхан аға әңгімелерді шұрайына келтіріп айтатын. Әсіресе әзіл-сықақтары керемет болатын. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келетін. Ақындық қабілеті өз алдына бір әңгімеге арқау болардай. Оразхан ағаның «Түркістан» газетіндегі қажырлы еңбегін біз құрметпен әрдайым еске алып отырамыз.

Ал, Нұралы Дүйсекеев ағамыз  жастарға көп жылғы iс-тәжiрибесiн үйретуден еш жалықпаған жан. Өзi сондай адал, өз iсiне берiлген, нағыз журналист,  өз iсiнiң майталманы, талантты, тiптен киелi Түркiстанның бiрден-бiр қаламы қарымды журналисi болатын. Ақындық қасиетiн жарыққа шығара алмай кеткенi өкiнiштi-ақ, мықты ақын болатын. Жазған өлеңдерiн сақтамайтын. Ал, “өлең жазып берiңiзшi” деп алдына келгендердiң барлығына сапалы өлеңдер жазып беретiн…

Дәл қазiргi таңда сөз көтеретiн, адаммен шынайы сөйлесетiн жандардың саны азайып бара жатқаны  рас. Бiздiң Нұрекеңмен сөйлескен адамның айызы қанатын. Ол кiсi жазуға қандай шебер болса, сөзге де сондай шебер болатын. Бiрақ, кез-келген адаммен бiрден ашылып сөйлесiп кете қоймайтын. Нұрекеңнiң өзiне ғана тән паң мiнезi бар болатын. Өзi сондай қарапайым болса, соншалықты өзiне жарасымды кiсiлiк келбетi мен-мұндалап көрiнiп тұратын.

Журналистер қауымы көпжылдар бойы  6-7-уiмiз бiр кабинетте отырып, бiр тiлiм нанды бөлiп жеп келдiк қой. 2012 жылы  көшіп барған жайымызда ғана бiр кабинете 2-3-ден отыратын болдық. Иә, Нұрекең екеумiз бiр кабинетте отырдық. Мен өз басым Нұрекеңдей өте сыпайы жанды кездестiрмеппiн. Өз қатарымызда ол кiсiнi әулие атап кеткенбiз. Сөйтсек, өзiн бала күннен жақын туыс жеңгесi “Әулие қайным” деп атайды екен. Оны Нұрекеңнiң 60 жылдық мерейтойында бiлдiк қой. 

Зейнеткерлiк демалысқа шығуға қатты асықты, “осыдан зейнет жасына жеткен күннiң ертесiне жұмысқа келмеймiн” деп айтып отыратын. Шынында, сөйттi ғой. Сол 2014 жылдың 28 қыркүйек күнi 63 жасқа, яғни пайғамбар жасқа келген мерейлi күнiнде редакция ұжымы ақ дастархан жайып, қазақы зерделi шапанынымызды үстiне кигiзiп, пайғамбар жасқа келуiмен құттықтап, ақ тiлектерiмiздi айттық. Редактор Асан Оспанов ағамыз Нұрекең зейнеткерлiкке құжаттарын дайындап жүргенде-ақ айтып отыратын: “егер жұмыс iстеймiн десең жарты ставка аудармашылықпен жұмыс iсте, өзiңе бiр кабинет берейiн” деп.

Бiрақ, Нұрекең зейнет жасына жеткен күннiң ертесiне жұмысқа келмедi. 2015-тің Жаңа жылын бiрге қарсы алдық, Ұжымымыздың ардагерi ретiнде қонаққа шақырдық. Өзi содан кейiн бiр-ақ рет келдi. “Зейнетақымды алуға келген едiм, сендердi бiр көрiп кетейiн” деп едi сонда. Сол  соңғы келiсi екен ғой, бiздi де соңғы көруi екенiн қайдан бiлейiк. Күнделiктi жұмыс барысымен болып кеттiк-ау деймiн. “О, Нұреке, қалай демалып жатырсыз!” деп даудырап бiр рет аман-саулығын сұрадық та қойдық…Редакцияның жұмысы таусылған ба, өмiрi бiтпейдi ғой. Бiр газеттi бітіріп, “ух” деп дем алысыңмен кезектi газеттi шығарудың жұмысы басталып кетедi…  Қой, бұлардың уақытын алмайын дегендей, Нұрекең көп болмай, тезiрек кетiп қалған едi. Бiрақ, жүзi нұрлы, түрi жасарып әдемiленiп кеткендей көрiнген болатын. “О, Нұреке, демалып, жасарып кетiпсiз” деп әзiлдеп айтқаным әлi есiмде…

“Нұрекеңдi қайтыс болды” деген қаралы хабарды есту бәрiмiзге ауыр тидi.  Бұл хабар бәрiмiздiң, барлық әрiптестерiнiң жанын жаралады. 

Биыл “Түркiстан”  газетiнiң 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірден өткен әріптес ағаларымызды еске алуды парызымыз санадық. Жандары жәннатта болсын, жатқан жерлерi жайлы, топырақтары торқа болсын. Ардақты ағалар  бiз Сiздердi ұмытпаймыз. Рухани астанамыз  Түркiстанның руханият  ордасы “Түркiстан”, “Туркистон” газеттерiнiң беттерiнде қалған қолтаңбаларыңыз тарих бетiнде мәңгiлiкке қалды.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы