ШЫНДЫҚТЫ ЖАНЫ СҮЙЕТІН

616 көрілім

Балтекеңнен кейін «Түркістан» газетін  Асан Оспанов ағамыз басқарды. Әр басшының өзіне тән мінезі, өзіне тән қасиеті бар деген рас-ау. Асан Әмірбекұлының редактор болған күні әлі есімізде. 2013 жылдың 3 желтоқсан күні  сол тұстағы  қала әкімі Бақытжан Әшірбеков Асекеңді креслосына отырғызып, құттықтап жатып: «Асеке өзіңізді білмеймін, осында қызмет етіп жатқан тілшілердің айлығын көтеретін болыңыз!» деп мықтап тапсырған болатын. Сонда сол уақытқа дейін 40 мың теңге алып келген біздің айлығымыз  60 мыңға көтеріліп бір жасап қалғанымыз бар. 

Асекеңнің бір жақсы қасиеті ұжым мүшелерін қолдап, қорғап отыратын. Шындықты жаны сүйетін. Сол шындықтың жолында күресетін. Иә, «Тұран-Түркістан» телеарнасындағы «Осы дұрыс па?» авторлық бағдарламасымен халыққа кеңінен танымал болған Асекеңді халық көп іздеп келетін.

Бүгінде Асекеңді еске алып отырғанда мына жағдайды айтып кетпесек болмас, сірә. Негізінде Асекең қызуқанды, ашуы тез көтеріліп, артынша тез басыла қоятын. Әрбір жиналыс айқай-шусыз өтпейтін. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» деп ата-бабамыз айтып кеткендей, Асекеңнің осы мінезіне де  үйренгеніміз болар, бүгінде  сағынып еске алып, айтып отырамыз.  Алайда, ашуының зілі болмайтын, олай дейтінім кек сақтамайтын. Тіптен ұрысқанын ұмытып та кететін. «Жақсының ашуы шәйі көйлек кепкенше» дегендей, әбден ұрысып алып артынша түк болмағандай, жақсы көңіл күйде қарсы алатын бізді.

Ал, Асекеңнің адалдығы өз алдына бір атан түйеге жүк болардай. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, кейде турасын айтамын деп туғанына жақпайтын кездері болатын. Асекең 30 жыл еңбек еткен қарашаңыраққа қайта оралып,  4-5 жыл басқарып,  еңбегінің зейнетін көрді. Редакция ұжымы  зерделі шапанымызды иығына жауып, ақ дастархан басында  тілегімізді айтып, құрметті зейнеткерлікке шығарып салу рәсімін жасадық. Сонда Асекеңнің бізді қимай отырған ішкі сезімі бәрімізді ерекше күйге бөлеп, біз де әкеміздей болған нар тұлғаны қимастықпен шығарып салдық. Одан кейін, Асекең үйде қарап отырмай, баспасөз саласындағы еңбегін жалғастырып, «Түркістан» газетін ашты. Өмірінің соңына дейін өзі ашқан газеттің тиянақты шығуына басшылық жасады.

Киелі шаһарымыз облыс орталығы атанған тұста қаладағы біраз мекемелер тұрақты мекен-жайын облыстық департаменттерге босатып берді. Біздің ұжым да жылы ұясынан көшіп, вокзал маңындағы «Делфин» кешенінің екінші қабатына көшіп келген болатын. …Осы жаққа қоныстанған күндердің бір күнінде жарқырап Асекең кіріп келді ғимаратқа. Арқа-жарқа болдық та қалдық. «Сендерді көріп, жағдайларыңды білуге келдім.  Отырған жерлерің жақсы екен» деп, барлығымыздың жүзімізге нұрлы келбетімен қарап, шынайы қуанып отырды. «Еңбектеріңнің жемісін көріңдер» деп, алғысын айтып, қоштасты. Асекеңнің  алғаш әрі соңғы келуі екен.. «Құдай   өзі білдіртеді» деп үлкен кісілер айтып отыратындай, бізді, ұжымын сағынып, бір көріп кеткісі келген екен ғой.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы