Киелі шаһардың қарашаңырағы, «Түркістан» газетінде жұмыс істеп келе жатқаныма да ширек ғасырдан асып қалыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай бүгінгі күні газетіміздің 90 жылдық мерейтойы да көз ілеспей келіп қалыпты…
Қасиетті табалдырықты алғаш басқан күнім әлі есімде. 1998 жылдың 19 қазан күні болатын. Осы күннен бастап менің өмір жолым басқа арнаға ауысты. Иә, уақытша хатшы-машинистка болып істей тұрайын, әрі қарай өз мамандығым (кітапханашы-библиограф) бойынша жұмыс табылып қалар деген мақсатта табалдырығын аттаған қасиетті қарашаңырақ маған құт-береке сыйлады. Иә, құт-береке сыйлағаны емес пе, баспасөз саласында өзіндік сара жол қалыптастырған маман атандым.
Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Әуелі Аллаға, одан кейін әкем Қаныбек Сарыбаевқа, одан кейін өзіме басшылық жасаған азаматтардың рухтарына басымды иемін.
Иә, «Түркістан» газеті сөз болғанда «Балтабай Нұржанов басқаратын газет па?» деп отыратын дүйім түркістандықтар. Шынында, мен үшін де Балтекең осы қарашаңырақты өмірбақи басқаратындай халде жүретінмін. Содан да болар, әлi күнге дейiн сенгiм келмейдi… Балтабай ағаны мынау жалған дүниеден өттi дегенге…
Кезектi еңбек демалысымның соңғы күндерi болатын. Жұма күнi жұмысқа барып қайтайыншы деп келгенiмде, Балтекеңнiң де Шымкенттен келген бетi сол екен. Бастығым әрi бауырыммен амандасып шығайын деп кiргенiмде, Балтекеңнiң өңi жадырап, жүзi нұрланып отырды. Дәл сол кезде Балтабай аға менiң туған әкемдей болып, көп ақылын, жақсы сөздерiн айтқан едi. Бiлмеймiн, қандай құдірет екені, ерекше толқынысқа толы аса риза пейiлде шықтым Балтекеңнiң кабинетiнен. Бұрын-соңды мұндай құбылысты бастан кешпегенмін. Сол күнi мен үшiн аспаннан алтын жауһарлар жауып тұрғандай, бауырыммен әңгiмелесе бергiм келдi, әңгiмелесе бергiм келдi… Сөйтсем, Балтабай аға өзiнiң соңғы сөйлесуi екенiн бiлгендей, артынан нұрлы жолын қалдырып тұр екен ғой…
Ал, дүйсенбi күнi Балтекеңдi дүниеден озды деген хабарды естiгенде сiлейiп қаттым да қалдым.. Көз алдымда жұма күнгi жұмыс кабинетiнде отырған бейнесi тұрды. Сол бiр нұрлы бейнесi көз алдымда мәңгiге қалып қойды. Есiме түскен сайын iшiм өртенiп, жүрегiм ауырады. Асыл азамат, есiл ер ерте кеттi деп осындайда айтса керек атам қазақ…
Балтекеңді ұмыту мүмкін емес… Содан да болар көпке дейін есеңгіреп, келіп қалатындай болып жүрдім… Балтекеңнің дүниеден өткеніне биыл 7 жыл болыпты. Алайда, «Тау алыстаған сайын жақындай түседі» дегендей, жылдар өткен сайын тұлғасы биіктей түседі біз үшін. Өйткені біздер, Балтекеңнің шекпенінен шыққан сарбаздармыз.
Иә, газет редакциясын Балтекең басқарып тұрғанда арқамыз қамыр болып жүретін. Ешнәрсені ойламайтынбыз. Газет баспаханаға кететін күні компьютер бөлімінің меңгерушісі Мамыр Нәбиев пен өзбек бөлімінің меңгерушісі Райым Әлібаев үшеуі кеш қалып, газетті баспаханаға жіберетін. Кезекші оқып бітірген газетті әрі қарай өзі оқып, редакторлық жасап отыратын.
Айына бір рет жиналыс жасап отыратын. Балтекеңнің дауыс көтеріп, айқайлап сөйлегенін естімеппіз. Кейде сәл дауыс көтеріп қалса, соның өзін уайымдап отыратын. Жиын біткен соң шақырып алып, «Сендерге ұрысқым келмейді. Ұрыссам жүрегім ауырады» дейтін. Осындай басшы болды біздің Балтекең.
Балтекең адам баласын көзінше мақтамайтын. Ол да өзінің ешкімге ұқсамайтын қасиеті болар. Бізді де осыған үйретті.
Иә Балтекеңнің жақсы қасиеттері көп болатын. Әсіресе, алғашқы 1998-1999 жылдары елдің жағдайы қиын тұста айлықтың орнына заттар, азық-түліктер таратылды емес пе. Ол кезеңді де бастан кешірдік қой. Сонда Балтекең бізге басу айтып отыратын. «Сыртқа шығып қараңдаршы, сендерден жағдайы қиын адамдар өмір сүруде. Қаншама адам жұмыссыз. Сендердің жұмыстарың бар. Уақытша қиындыққа шыдаңдар. Барлығы жақсы болады. Уақтылы айлық алып отыратын кезең де болады. Сәл шыдаңдар» деп айтатын. Сонда Балтекеңнің сөзін ұйып тыңдағандықтан болар, сыртқа шығып айналаға қарап, өзімізден де төмен күнкөрісте жүргендерді көріп Аллаға шүкіршілік айтатынбіз.
Иә, Балтекең біздің басшымыз ғана емес, ақыл айтар ағамыз, қамқорымыз бола білді. Содан да болар, Балтекеңнің әрбір сөзін үлкен сеніммен тыңдайтынбыз. Шынында кейін жақсы кезең де келді.
Әсіресе, жылына бір рет келетін журналистер күні мерекесінде Балтекең бізді бір марқайтып тастайтын. Осы күнді біз де асыға күтетінбіз. Әрқайсымызға сыйақы жасап қана қоймай, қаладағы мекеме басшыларына арнайы қатынас хат жіберіп, бір тілшіні марапаттауға үлес қосыңыз,-деп айтатын. Бұл да болса Балтекеңнің ұжым мүшелеріне көрсеткен құрметі болса керек. Мойындауымыз керек, Балтекеңнің іскерлік, көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болатын. Әсіресе, ұйымдастырушылық қабілетінің ұшқырлығының арқасында «Түркістан» газетнің 75 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде өткізілді.
Бүгінде Балтекең туралы әрбір түркістандық бiр-бiрiнiң аузына құйып қойғандай “өте сыпайы, аса қадiрлi тұлға” деп еске алады… Шынында ешкiмге дауыс көтермейтiн мықты тұлға едi-ау. Ешқашан дауысын көтерiп сөйлемейтiн сырбаз мiнезi барша жанды өзiне тартып тұратын-ды. Халық тарапынан айтылып жатқан пiкiрлер осыны бiлдiртсе керек.
Балтабай Қаратайұлы Нұржанов ағаның нұрлы бейнесiн, жалынды сөздерiн ешқашан ұмытпаймыз…
Ләззат САРЫБАЕВА.