Ағалар есімі ел есінде

жатқаныма да ширек ғасырдан асып қалыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай бүгінгі күні газетіміздің 90 жылдық мерейтойы да көз ілеспей келіп қалыпты…
Қасиетті табалдырықты алғаш басқан күнім әлі есімде. 1998 жылдың 19 қазан күні болатын. Осы күннен бастап менің өмір жолым басқа арнаға ауысты. Иә, уақытша хатшы-машинистка болып істей тұрайын, әрі қарай өз мамандығым (кітапханашы-библиограф) бойынша жұмыс табылып қалар деген мақсатта табалдырығын аттаған қасиетті қарашаңырақ маған құт-береке сыйлады. Иә, құт-береке сыйлағаны емес пе, баспасөз саласында өзіндік сара жол қалыптастырған маман атандым.
Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Әуелі Аллаға, одан кейін әкем Қаныбек Сарыбаевқа, сондай-ақ бірге қызмет еткен ағалардың рухтарына басымды иемін.
Иә, «Түркістан» газеті сөз болғанда «Балтабай Нұржанов басқаратын газет па» деп отыратын дүйім түркістандықтар. Шынында, мен үшін де Балтекең осы қарашаңырақты өмірбақи басқаратындай халде жүретінмін. Содан да болар, әлi күнге дейiн сенгiм келмейдi… Балтабай ағаны мынау жалған дүниеден өттi дегенге…
Кезектi еңбек демалысымның соңғы күндерi болатын. Жұма күнi жұмысқа барып қайтайыншы деп келгенiмде, Балтекеңнiң де Шымкенттен келген бетi сол екен. Бастығым әрi бауырыммен амандасып шығайын деп кiргенiмде, Балтекеңнiң өңi жадырап, жүзi нұрланып отырды. Дәл сол кезде Балтабай аға менiң туған әкемдей болып, көп ақылын, жақсы сөздерiн айтқан едi. Бiлмеймiн, қандай құдірет екені, ерекше толқынысқа толы аса риза пейiлде шықтым Балтекеңнiң кабинетiнен. Бұрын-соңды мұндай құбылысты бастан кешпегенмін. Сол күнi мен үшiн аспаннан алтын жауһарлар жауып тұрғандай, бауырыммен әңгiмелесе бергiм келдi, әңгiмелесе бергiм келдi… Сөйтсем, Балтабай аға өзiнiң соңғы сөйлесуi екенiн бiлгендей, артынан нұрлы жолын қалдырып тұр екен ғой…
Ал, дүйсенбi күнi Балтекеңдi дүниеден озды деген суыт хабарды естiгенде сiлейiп қаттым да қалдым. Көз алдымда жұма күнгi жұмыс кабинетiнде отырған бейнесi тұрды. Сол бiр нұрлы бейнесi көз алдымда мәңгiге қалып қойды. Есiме түскен сайын iшiм өртенiп, жүрегiм ауырады. Асыл азамат, есiл ер ерте кеттi деп осындайда айтса керек атам қазақ…
Балтекеңді ұмыту мүмкін емес… Содан да болар көпке дейін есеңгіреп, келіп қалатындай болып жүрдім… Балтекеңнің дүниеден өткеніне биыл 7 жыл болыпты. Алайда, «Тау алыстаған сайын жақындай түседі» дегендей, жылдар өткен сайын тұлғасы биіктей түседі біз үшін. Өйткені біздер, Балтекеңнің шекпенінен шыққан сарбаздармыз.
Иә, газет редакциясын Балтекең басқарып тұрғанда арқамыз қамыр болып жүретін. Еш нәрсені ойламайтынбыз. Газет шығатын күні компьютер бөлімінің меңгерушісі Мамыр Нәбиев пен өзбек бөлімінің меңгерушісі Райым Әлібаев үшеуі кеш қалып, баспаханаға жіберетін. Кезекші оқып бітірген газетті әрі қарай өзі оқып, редакторлық жасап отыратын.
Айына бір рет жиналыс жасап отыратын. Балтекеңнің дауыс көтеріп, айқайлап сөйлегенін естімеппіз. Кейде сәл дауыс көтеріп қалса, соның өзін уайымдап отыратын. Жиын біткен соң шақырып алып, «Сендерге ұрысқым келмейді. Ұрыссам жүрегім ауырады» дейтін. Осындай басшы болды біздің Балтекең.
Балтекең адам баласын көзінше мақтамайтын. Ол да өзінің ешкімге ұқсамайтын қасиеті болар. Бізді де осыған үйретті.
Иә Балтекеңнің жақсы қасиеттері көп болатын. Әсіресе, алғашқы 1998-1999 жылдары елдің жағдайы қиын тұста айлықтың орнына заттар, азық-түліктер таратылды емес пе? Ол кезеңді де бастан кешірдік қой. Сонда Балтекең бізге басу айтып отыратын. «Сыртқа шығып қараңдаршы, сендерден де жағдайы қиын адамдар өмір сүруде. Қаншама адам жұмыссыз. Сендердің жұмыстарың бар. Уақытша қиындыққа шыдаңдар. Барлығы жақсы болады. Уақытылы айлық алып отыратын кезең де болады. Сәл шыдаңдар» деп айтатын. Сонда Балтекеңнің сөзін ұйып тыңдағандықтан болар, сыртқа шығып айналаға қарап, өзімізден де төмен күнкөрісте жүргендерді көріп Аллаға шүкіршілік айтатынбіз.
Иә, Балтекең біздің басшымыз ғана емес, ақыл айтар ағамыз, қамқорымыз бола білді. Содан да болар, Балтекеңнің әрбір сөзін үлкен сеніммен тыңдайтынбыз. Шынында кейін жақсы кезең де келді.
Әсіресе, жылына бір рет келетін журналистер күні мерекесінде Балтекең бізді бір марқайтып тастайтын. Осы күнді біз де асыға күтетінбіз. Әрқайсымызға сыйақы жасап қана қоймай, қаладағы мекеме басшыларына арнайы қатынас хат жіберіп, бір тілшіні марапаттауға үлес қосыңыз,-деп айтатын. Бұл да болса Балтекеңнің ұжым мүшелеріне көрсеткен құрметі болса керек. Мойындауымыз керек, Балтекеңнің іскерлік, көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болатын. Әсіресе, ұйымдастырушылық қабілетінің ұшқырлығының арқасында «Түркістан» газетінің 75 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде өткізілді.
Бүгінде Балтекең туралы әрбір түркістандық бiр-бiрiнiң аузына құйып қойғандай «өте сыпайы, аса қадiрлi тұлға» деп еске алады… Шынында ешкiмге дауыс көтермейтiн мықты тұлға едi-ау. Ешқашан дауысын көтерiп сөйлемейтiн сырбаз мiнезi барша жанды өзiне тартып тұратын-ды. Халық тарапынан айтылып жатқан пiкiрлер осыны бiлдiртсе керек.
Балтабай Қаратайұлы Нұржанов ағаның нұрлы бейнесiн, жалынды сөздерiн ешқашан ұмытпаймыз…
Балтекеңнен кейін «Түркістан» газетін Асан Оспанов ағамыз басқарды. Әр басшының өзіне тән мінезі, өзіне тән қасиеті бар деген рас-ау. Асан Әмірбекұлының редактор болған күні әлі есімізде. 2013 жылдың 3 желтоқсан күні сол тұстағы қала әкімі Бақытжан Әшірбеков Асекеңді креслосына отырғызып, құттықтап жатып: «Асеке өзіңізді білмеймін, осында қызмет етіп жатқан тілшілердің айлығын көтеретін болыңыз!» деп мықтап тапсырған болатын. Сонда сол уақытқа дейін 40 мың теңге алып келген біздің айлығымыз 60 мыңға көтеріліп бір жасап қалғанымыз бар.
Асекеңнің бір жақсы қасиеті ұжым мүшелерін қолдап, қорғап отыратын. Шындықты жаны сүйетін. Сол шындықтың жолында күресетін. Иә, «Тұран-Түркістан» телеарнасындағы «Осы дұрыс па?» авторлық бағдарламасымен халыққа кеңінен танымал болған Асекеңді халық көп іздеп келетін.
Бүгінде Асекеңді еске алып отырғанда мына жағдайды айтып кетпесек болмас сірә. Негізінде Асекең қызуқанды, ашуы тез көтеріліп, артынша тез басыла қоятын. Әрбір жиналыс айқай-шусыз өтпейтін. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» деп ата-бабамыз айтып кеткендей, Асекеңнің осы мінезіне де үйренгеніміз болар, бүгінде сағынып еске алып, айтып отырамыз. Алайда, ашуының зілі болмайтын, олай дейтінім кек сақтамайтын. Тіптен ұрысқанын ұмытып та кететін. «Жақсының ашуы шәйі көйлек кепкенше» дегендей, әбден ұрысып алып артынша түк болмағандай, жақсы көңіл күйде қарсы алатын бізді.
Ал, Асекеңнің адалдығы өз алдына бір атан түйеге жүк болардай. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, кейде турасын айтамын деп туғанына жақпайтын кездері болатын. Асекең 30 жылдай еңбек еткен қарашаңыраққа қайта оралып, 4 жыл басқарып, еңбегінің зейнетін көрді. Редакция ұжымы зерделі шапанымызды иығына жауып, ақ дастарқан басында тілегімізді айтып, құрметті зейнеткерлікке шығарып салу рәсімін жасадық. Сонда Асекеңнің бізді қимай отырған ішкі сезімі бәрімізді ерекше күйге бөлеп, біз де әкеміздей болған нар тұлғаны қимастықпен шығарып салдық. Одан кейін, Асекең үйде қарап отырмай, баспасөз саласындағы еңбегін жалғастырып, «Түркістан-тұмарым» газетін ашты. Өмірінің соңына дейін өзі ашқан газеттің тиянақты шығуына басшылық жасады.
Киелі шаһарымыз облыс орталығы атанған тұста қаладағы біраз мекемелер тұрақты мекен-жайын облыстық департаменттерге босатып берді. Біздің ұжым да жылы ұясынан көшіп, вокзал маңындағы «Дельфин» кешенінің екінші қабатына көшіп келген болатын. …Осы жаққа қоныстанған күндердің бір күнінде жарқырап Асекең кіріп келді ғимаратқа. Арқа-жарқа болдық та қалдық. «Сендерді көріп, жағдайларыңды білуге келдім. Отырған жерлерің жақсы екен» деп, барлығымыздың жүзімізге нұрлы келбетімен қарап, шынайы қуанып отырды. «Еңбектеріңнің жемісін көріңдер» деп, алғысын айтып, қоштасты. Асекеңнің алғаш әрі соңғы келуі екен.. «Құдай өзі білдіртеді» деп үлкен кісілер айтып отыратындай, бізді, ұжымын сағынып, бір көріп кеткісі келген екен ғой.
Негізі, бірге қызмет етіп жүрген жандардың бұл өмірден өтуі қиын екен. Иә, бірге қызмет еткен Оразхан Жұманов, Нұралы Дүйсекеев ағаларымыздың орны да біз үшін қымбат.
Ағалық қамқорлықтарын аямаған Оразхан Жұманов, Нұралы Дүйсекеев ағаларды бiр сәт еске алып, рухтары алдында басымды иiп отырмын.
Оразхан Жұманов ағамыз қызметте іскер, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен дара көрінетін. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүретін. Жан-жағына күн шуағын шашып отыратын ерекше қасиетке ие болатын. Оразхан аға әңгімелерді шұрайына келтіріп айтатын. Әсіресе, әзіл-сықақтары керемет болатын. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келетін. Ақындық қабілеті өз алдына бір әңгімеге арқау болардай. Оразхан ағаның «Түркістан» газетіндегі қажырлы еңбегін біз құрметпен әрдайым еске алып отырамыз.
Ал, Нұралы Дүйсекеев ағамыз жастарға көп жылғы iс-тәжiрибесiн үйретуден еш жалықпаған жан. Өзi сондай адал, өз iсiне берiлген, нағыз журналист, өз iсiнiң майталманы, талантты, тiптен киелi Түркiстанның бiрден-бiр қаламы қарымды журналистi болатын. Ақындық қасиетiн жарыққа шығара алмай кеткенi өкiнiштi-ақ, мықты ақын болатын. Жазған өлеңдерiн сақтамайтын. Ал, «өлең жазып берiңiзшi» деп алдына келгендердiң барлығына сапалы өлеңдер жазып беретiн…
Дәл қазiргi таңда сөз көтеретiн, адаммен шынайы сөйлесетiн жандардың саны азайып бара жатқаны рас. Бiздiң Нұрекеңмен сөйлескен адамның айызы қанатын. Ол кiсi жазуға қандай шебер болса, сөзге де сондай шебер болатын. Бiрақ, кез-келген адаммен бiрден ашылып сөйлесiп кете қоймайтын. Нұрекеңнiң өзiне ғана тән паң мiнезi бар болатын. Өзi сондай қарапайым болса, соншалықты өзiне жарасымды кiсiлiк келбетi мен-мұндалап көрiнiп тұратын.
Журналистер қауымы көпжылдар бойы 6-7-уiмiз бiр кабинетте отырып, бiр тiлiм нанды бөлiп жеп келдiк қой. 2012 жылы көшіп барған жайымызда ғана бiр кабинетте 2-3-тен отыратын болдық. Иә, Нұрекең екеумiз бiр кабинетте отырдық. Мен өз басым Нұрекеңдей өте сыпайы жанды кездестiрмеппiн. Өз қатарымызда ол кiсiнi әулие атап кеткенбiз. Сөйтсек, өзiн бала күннен жақын туыс жеңгесi «Әулие қайным» деп атайды екен. Оны Нұрекеңнiң 60 жылдық мерейтойында бiлдiк қой.
Зейнеткерлiк демалысқа шығуға қатты асықты, «осыдан зейнет жасына жеткен күннiң ертесiне жұмысқа келмеймiн» деп айтып отыратын. Шынында, сөйттi ғой. Сол 2014 жылдың 28 қыркүйек күнi 63 жасқа, яғни Пайғамбар жасқа келген мерейлi күнiнде редакция ұжымы ақ дастарқан жайып, қазақы зерделi шапанынымызды үстiне кигiзiп, Пайғамбар жасқа келуiмен құттықтап, ақ тiлектерiмiздi айттық. Редактор Асан Оспанов ағамыз Нұрекең зейнеткерлiкке құжаттарын дайындап жүргенде-ақ айтып отыратын: «егер жұмыс iстеймiн десең жарты ставка аудармашылықпен жұмыс iсте, өзiңе бiр кабинет берейiн»,- деп.
Бiрақ, Нұрекең зейнет жасына жеткен күннiң ертесiне жұмысқа келмедi. 2015-тің Жаңа жылын бiрге қарсы алдық, Ұжымымыздың ардагерi ретiнде қонаққа шақырдық. Өзi содан кейiн бiр-ақ рет келдi. «Зейнетақымды алуға келген едiм, сендердi бiр көрiп кетейiн»,- деп едi сонда. Сол соңғы келiсi екен ғой, бiздi де соңғы көруi екенiн қайдан бiлейiк. Күнделiктi жұмыс барысымен болып кеттiк-ау деймiн. «О, Нұреке, қалай демалып жатырсыз!» деп даудырап бiр рет аман-саулығын сұрадық та қойдық…Редакцияның жұмысы таусылған ба, өмiрi бiтпейдi ғой. Бiр газеттi бітіріп, «ух» деп дем алысыңмен кезектi газеттi шығарудың жұмысы басталып кетедi… Қой, бұлардың уақытын алмайын дегендей, Нұрекең көп болмай, тезiрек кетiп қалған едi. Бiрақ, жүзi нұрлы, түрi жасарып әдемiленiп кеткендей көрiнген болатын. «О, Нұреке, демалып, жасарып кетiпсiз» деп әзiлдеп айтқаным әлi есiмде…
«Нұрекеңдi қайтыс болды» деген қаралы хабарды есту бәрiмiзге ауыр тидi. Бұл хабар бәрiмiздiң, барлық әрiптестерiнiң жанын жаралады.
Биыл «Түркiстан» газетiнiң 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірден өткен әріптес ағаларымызды еске алуды парызымыз санадық. Жандары жәннатта болсын, жатқан жерлерi жайлы, топырақ-тары торқа болсын. Ардақты ағалар бiз Сiздердi ұмытпаймыз. Рухани астанамыз Түркiстанның руханият ордасы «Түркiстан», «Туркистон» газеттерiнiң беттерiнде қалған қолтаңбаларыңыз тарих бетiнде мәңгiлiкке қалды.
Ал, 2017 жылдың қараша айынан бастап қаламыздағы қарашаңырақ басылым «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторы қызметін Мәлік Жұмаханұлы Дәулетов абыроймен атқарып келеді.
Бойынан қашанда адамгершіліктің иісі аңқып, білімділіктің қарымы көрініп тұратын ізгі ниетті азамат. Ең әуелі басшы тұрғысынан тындырған істері жетіп артады. Газетіміздің үлкен формат-та, жаңа дизайн үлгісімен оқырман қауымға жол тартуы үлкен бастама болды. Қала тұрғындары жылы қабылдап ерекше бағалады. Сонымен бірге газеттегі мақала мазмұндарына реттеу жүргізе отырып, нақты тақырыпты арқау еткен, келелі дүниелерді сарапқа салған, тұрғындардың мұң-мұқтажын жоқтаған, жұрт игілігінің жүгін көтерген материалдарға баса назар аударды. Әрбір мақаланы оқып, ондағы кемшіліктерді, жетпей тұрған жерлерін көрсетіп сапалы дүниелер беруді мықтап қолға алды. Енді осы бір жауапкершілікті сезініп, шынайы ұқыптылық танытып келе жатқан қасиеті мақтауға тұрарлық. Бүгінде заман талабына сай газеттің сайты ашылып, жұмысын жүргізуде. Қашан болмасын бүйрегі бұрылып, қолынан келсе жақсылық жасап, кішіге аға, үлкенге іні болып жүретін жақсы қасиеттерін үнемі көріп жүрміз. Әлде біреулерге істеген жақсылығын бұлдамайтын асыл қасиеті тағы бар. Жас та болса журналистика саласының білгір маманы болып үлгерген іскер жас. «Жас келсе іске» дегендей, қарым – қабілеті мол, іскерлік қасиеті өзгеше Мәлік Жұмаханұлы Дәулетов басқарып отырған газет ұжымының ынтымағы жарасқан, бірлігі мықты.
Ендеше, «Түркістан», «Туркистон» газеттерінде қажырлы еңбек етіп жатқан барша әріптестерімді құтты қарашаңырағымыздың 90 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Мерейтой құтты болсын әріптестер!
Ләззат САРЫБАЕВА.