«ЖАС ОТБАСЫ – OTAU FEST» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

1  005 көрілім

Отан – отбасынан басталады. Елімізде жас отбасыларды қолдау және тиісінше бағыт-бағдар беру жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Осы орайда республика көлемінде «Жас отбасы – Otau Fest» байқауы өткен болатын. Алғашқы рет өткізілген жас отбасылар онлайн фестивалі еліміздің 14 аймағын және республикалық деңгейдегі 3 қаласын қамтыған. Бүкіл әлемді пандемия жаулаған кезде, халқымыз қиын қыстау кезеңнен өтіп, қатерлі вируспен әлі де күресіп келеді. Осындай сәтте жас отбасыларға материалды және психологиялық қолдау көрсету дұрыс шешім.
Фестивальдің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтырды жандандыру. Атаулы фестивальге Түркістан облысынан 16 үміткер бақ сынап, соның ішінен 3 отбасы жеңімпаз деп танылған.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған байқау барысында қатысушы отбасылар үшін қызықты мастер-класстар пен семинарлар өткізіліп, денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандардың ақысыз консультациялары тыңдалып, танымал блогерлермен ашық сөйлесу форматындағы Let’s Talk рубрикасы жүргізіліп сонымен қатар эстрада жұлдыздары тікелей эфирде өнер көрсеткен.
Басты демеушілердің бірі «Өркен» қоғамдық қорының төрайымы Нура Есениязованың айтуынша байқау өте жоғары деңгейде өткен.

Байқаудың негізгі мақсаты отбасы құндылықтарын сақтау және дәріптеу. Байқауға 29 жасқа дейінгі отбасы мүшелері қатысты. Бүгін біз Түркістан облысынан қатысқан 16 отбасының ішінен жеңіске жеткен 3 жеңімпаз отбасыны марапаттаймыз. Онлайн режимінде өткен байқаудың ережесі бойынша жас отбасылар бейнеролик жолдап, өз отбасыларының ерекшеліктерін көрсетуі керек болатын. Атап айтсақ, олардың отбасылық бизнесі, шаңырағында көп бала тәрбиелеп отыруы немесе қазыналы қарттары бар отбасы болуы мүмкін. Арнайы құрылған комиссия кіл мықтыларды анықтады,- деді Нура Есениязова.
Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Түркістан қаласынан қатысқан Ойсаевтер отбасы жеңіп алды. Жанұясында 2 ұл тәрбиелеп отырған түркістандық өнегелі отбасы иелері Нұрсұлтан Ойсаев пен жары Еркеайым Молдабекова жеңімпаз атанып, мерейлері үстем көрінді. Қазығұрт ауданынан қатысқан Алтаевтар отбасы 2 орынды иеленсе, 3 орынды Сайрам ауданынан келген жас отбасы Байпановтар қанжығасына байлады.
Облыс әкімдігінде марапаттау рәсімі өтіп, «Жас отбасы – Otau Fest» байқауының жеңімпаздары деп танылған 3 отбасыға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Жас отбасы иелері бұл сертификат арқылы «Технодом» сауда үйінен өздеріне қажетті тұрмыстық-техникалық тауарларға қол жеткізе алады.
Шара барысында облыс әкімдігінің бас инспекторы, облыстық әйелдер комиссиясының хатшысы Гүлмира Боранбаева, облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Инара Намазбаева және «Өркен» қоғамдық қорының төрайымы Нура Есениязовалар жас отбасыларға игі тілектерін айтып, сыйлықтар мен гүл шоқтарын тапсырды. Мұндай байқаулар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас отбасыларға қолдау мен құрмет арта түседі деп біз де үміттенеміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы