БИЗНЕСТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

924 көрілім

Түркістан өңіріндегі бизнестің проблемалық мәселелерін талқылау мақсатында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша Департаменті және облыстық Прокуратура  бірлесе ұйымдастырған “Бизнесті және Инвестицияны қорғау” атты форум өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру, кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қамтамасыз ету.

Келелі мәселе ортаға салынған алқалы жиынға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, Түркістан облысы прокуроры Марат Алиханов және жергілікті атқарушы сондай-ақ аумақтық органдар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.

          «Галстуксіз» өткен жиында өңірде бизнес жүргізудің өзекті мәселелері талқыланды.

Форумның модераторы болған Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков өз сөзінде бизнесті қорғау және қолдау Палатаның басым міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

– Шағын және орта бизнес пандемияның негізгі соққысын өз мойнына алып, қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Президент айтқандай: мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек. Ең алдымен Сыбайлас жемқорлық салаларынан бастау керек, бұл сәулет-құрылыс қызметі, санэпидқадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқалар. Бүгін біз бизнесті дамытуға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен тосқауылдарды анықтауға, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін бұзуға жол бермеу бойынша шаралар қабылдауға бағытталған бірлескен күш-жігерімізді біріктірдік,- деп атап өтті өңірлік палата басшысы.

Отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен қатар инвестициялық қызмет барысында пайда болатын проблемаларды талқылаған жиында сөз алған Хаким Көшқалиев кәспкерлікті қолдау және қорғау – ел дамуының басты кепілі екендігін атап өтіп, бүгінде Агенттіктің бастамасымен ел аумағында бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге айрықша басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Ирина Ким жұмыс нәтижелері мен жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, 2020 жылдың басынан бастап Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша кәсіпкерлік субъектілерінен 180 өтініш келіп түсіп, оның 64-і оң шешімін тапқан. Палата түркістандық кәсіпкерлердің 400 млн теңгеден астам сомадағы мүліктік құқықтарын қорғады. Бұл айыппұлдар, өсімпұлдар, тауарлар мен жылжымайтын мүлікті қайтару. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 4 отырысы өткізілді, онда 8 мәселе қаралып, оның 4-уі оң шешімін тапқан.

Сондай-ақ, кездесуде сөз сөйлеген Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлықтан 100% қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Түркістан өңірінде «Protecting Business and Invesments» жобасы аясында Департаментпен жалпы құны 466 млрд теңгені құрайтын 37 жоба сүйемелдеуге алынып, жыл басынан бері бизнесті қорғау шеңберінде 15 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтірілгенін және соның нәтижесінде 20 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Бизнесті қорғау мәселелері жан-жақты талқыланған жиын соңында кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелердің шешілу жолдары қарастырылып, ол бойынша кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы