РУХАНИ ШАҺАРДЫҢ ШЕЖІРЕЛІ КӨМБЕСІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

989 көрілім

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы даму қарқынына күллі әлем ерекше көз тігіп отырғаны белгілі. Рухани шаһар бұл статусқа ие болмаған уақытта да өзінің тарихи шежіресімен және көк күмбезді кесенесімен, қонақжай халқымен танылған десек артық айтқандығымыз емес. Бұл реттегі жаңалықтар, яғни қаланың тыныс-тіршілігі әрдайым көгілдір экраннан көрініп, баспа беттерінде жарық көріп келді. Осындай халықты бүкіл ақпараттармен қамтып, Түркістанның жылнамасын жазып келе жатқан басылым бар. Ол – қазақ және өзбек тілдерінде 90 жыл бойы ақпарат беріп, шаһармен бір деңгейде түлеп келе жатқан “Түркістан” қалалық газеті.

Осыдан тоқсан жыл бұрын ордасына өңірі үшін аянбайтын журналистерді жинаған, оқырмандарының жанашыры болған газеттің бүгінгі мерейлі мерекесімен құттықтаймын!

Қалың оқырманын қалыптастырған баспасөздің бүгінде берері көп. Ғасырға жуықтаған ғұмырында өзекті де өткір, игілікті де ізгілікті істердің басы-қасында болды. Руханият ордасының жасампаз істерінің тарихын таңбалауда басылымның атқарған еңбегі орасан зор. Қазір де қаламыздың өткенін өскелең ұрпаққа көрсетудің үлгісі деп газетті айта аламыз. Заман ағымынан қалыс қалмай, үнемі жаңашылдықты серік етіп келген ұжымның ғаламтор арқылы бар жаңалықпен хабардар етіп, ақпарат көзі тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін әлеуметтік желілердегі де белсенділігі қуантады. Баспа 7000-ға жуық азаматтың шаңырағына жеткізілсе, өзге тұрғындарымызға үйде отырып-ақ, сайт, әлеуметтік желі парақшаларынан оқуы үшін бар жағдайды жасаған. Сол себепті, газет 90 жыл бойы қалай қызмет етіп келсе, бұдан кейін де жұмысының жүйелі жүруі үшін әрдайым қолдау көрсетуге даярмыз.

Қасиетті топырақтың қадірін құрметтеп, ұлылардың ұлағатын ала білген басылым ұжымына елеулі еңбегі мен тынбайтын талабы үшін ризашылығымды білдіремін.

Газет халықтың мұң-мұқтажын жазып, әлеуметтік мәселелерін батыл көтере отырып, қанатын құлаш жайып қарыштап келеді. Оқырмандарының ойын оқи білетін, оқиғаның қай кезде де асыл шындығы үшін шырылдайтын газеттің әр қызметкеріне алғыс айтамын. Газеттен түлеп ұшқан түлектердің де Түркістанның түлеуінде алар орны көп. Шаһардың айнасы болған басылымның келердегі келешегіне толағай табыс, шалқар шабыт тілей отырып, қаламдарыңыз ұштала берсін дегім келеді.

Рашид АЮПОВ,
Түркістан қаласының әкімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы