ҚАРАШАҢЫРАҚ БАСЫЛЫМ – 90 ЖАСТА

1  474 көрілім

Қасиетті шаҺардың басты басылымы – «Түркістан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне биыл 90 жыл толып отыр. Сонау 1930 жылы 4 қазанда «Қызыл Түркістан» деген атпен шыққан газет замана ағымымен бір кездері «Коммунистік еңбек» деп аталса, қазір «Түркістан» атауымен қалың оқырмандардың сүйікті басылымына айналды. Тоқсан жас. Тарих таразызысан салсаңыз да, адам өмірімен өлшесеңіз де аз уақыт емес, ғасырға жуық. Осы аралықта тарихтың көш керуені қандай соқтықпалы жолдардан өтпеді дейсіз. 30-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аш құрсаққа рухани азық болу ниетімен жарық көрген басылым, 37-нің нәубеті, 1941-1945-тің қан майданы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді, бесжылдықтың балғалары солқылдата соғылған социализм кезеңі, тоқырау дәуірі, қайта құруды, бәрі-бәрін халық үнімен үндестіріп, тасқа басты, оқырмандарға жеткізді. Тәуелсіздік алғалы бері ел тарихы да «Түркістанның» сарғайған беттерінде сайрап тұр. Қаланың тарихын, өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі ұлан-ғайыр, жаңалықтардың жаршысы болды, ел тағдырына араласты. Газет кезінде Түркістан ауданы ғана емес, Созақ, Алғабас, Қызылқұм аудандарына тарап, олардың тыныс-тіршілігін жазғанын да сарғайған газет беттерінен білеміз.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері газеттің мазмұндық сапасы да өзгерді. Енді қазақ халқының үміт қалған салт дәстүрін, жаншылған діні мен тілін көтеруге, жастарымызды инабаттылыққа тәрбиелуге атсалыса бастады. «Түркістан» газетінен талай қалам иелері мол тәжірибе жинақтап, түлеп ұшты. Олар республикалық, облыстық басылымдарда жемісті еңбек етіп жүр. Ендеше, сонау 1930 жылдан бастау алған 90 жылдық тарихы бар, басылымды басқарған редакторлар туралы қысқаша баяндап өтсек.

Сонымен «Қызыл Түркістан» газетінің 1930-1932 жылдардағы алғашқы редакторы Жақын Сыздықов болды. Алғашқы редактор Жақын Сыздықовтың «Коммунистік еңбек» газетінің 1974 жылғы 19 февральда жарияланған естелігінен: «Мен Түркістан даңқын бала күнімнен еститін едім. Біздің Сарыарқаның қарттары: «Түркістанға бардық. Миуасын жедік. Елі имандос екен, ғажайып-ғажайып қызықтарды тамашаладық», – деп аузының суы құритын. Біз бұл сөздерді құмарлана тыңдап, қарт Түркістанды көруді аңсайтынбыз. Бертін келе сол Түркістанды әлде неше рет көріп, елін де, жерін де араладым. Тіпті, 1930-1932 жылдары осы қалада жұмыс істеуіме тура келді. Мені Қазақстан өлкелік партия комитеті Түркістанда шығатын «Қызыл Түркістан» газетіне редактор етіп жіберді.

Түркістанға келісіммен-ақ үлкен жауапты жұмыстарға араласуға тура келді. Газет бірінші күннен бастап-ақ жаңалықтың жаршысы, партияның көмекшісі бола білді. Жаңадан құрылған колхоздарды күшейту, мақта егісін молайту, Ащысай өндірісін алға бастыру, Шәуілдір құрылысын өркендету, су мәселесін көңілдегідей шешу, мал шаруашылығын өркендету, ауылдағы ескі әдет-ғұрыптарға қарсы күресу сияқты жұмыстарды газет бетінде уақтылы көтеріп отырдық. Осы жауапты жұмыстарға бар пәрменімізді аямадық. Көзімізбен көріп, қолымызбен істедік. «Шорнақ» деп аталатын елді-мекеннің алдына талай-талай ат ізін салдық. Кәдімгі Қаратаудың бөктерін ала Сырдарияға дейін созылған ғажайым белестердің бәрін аралап қызмет атқарып, азды-көпті еңбек еттім.

Сонда байқағаным, елі меймондас, пейілі кең, жасы да, қарты да еңбек сүйгіш, дастарқаны жомарт, жері мақтаның да, кеннің де алтын қойнауы болатын. Ақ алтын да, қара алтын да, сары алтын да осы Түркістанның бойына сиятын-ды. Сол кездерде «Жаңа арық», «Кеңес», «Қызыл Түркістан», «Қарғалы», «Отырар», «Талапты», «Ынталы», «Қоғам», «Сталинабад» аталатын колхоздарға күнара барып тұратынбыз. Айта берсе, Түркістандағы толғау – өте бір қызық, өте ойда қалғандай өмірлік естелік сияқты маған. «Түйіскен тоғыз», «Қорғасын қазаны», «Түркістан», «Арыс тарихынан» тағы басқа қысқа өлеңдерім, «Шәуілдір – еңбек ұйытқысы», «Отырар даласында» деген очерктерім, «Қызыл Түркістан» газетінде басылған фельетон және әр саладағы мақалаларым осы Түркістанда жазылған болатын. Әсіресе, «Түркістан» деген өлеңімде:

Түркістан – тарихы зор жыл қаласы,

Түркістан – мақтасы мол гүл қаласы.

Ащысай, Бөген, Торлан Таскөмірлі,

Түркістан – ұлы еңбектің шын қаласы.

…Бір кезде Түркістанды «Яссы» депті,

Яссыге әлденеше жылдар өтті.

Мақта деп, совхоз қаулап, завод гүрлеп,

Түркістан – қыздырады келешекті, – деп» жазыпты.

1932-1935 жылдары «Қызыл Түркістан» газетін Әлібек Есқараев басқарды. Әлібек Есқараев 1909 жылы Арыс ауданындағы Байырқұм ауылында туған. 1931-1932 жылдары – Шымкент қалалық комсомол комитетінің хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, 1932-1935 жылдары – «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы және ауданаралық партия кеңес мектебінің директоры (Түркістан қаласы). 1935-1937 жылдары – Кеңес аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметтерін атқарған.

«Қызыл Түркістан» газетінің 1934-1937 жылдардағы редакторы Әбдірәшит Бердәулетов болды. Ол 1897 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1929 жылдан партия мүшесі, білімі жоғары. Мамандығы мұғалім. Еңбек жолын 1925 жылдан бастаған. 1929-1931 жылдары Қызылорда облысы, Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен Қармақшы аудандық партия комитетінде ұйымдастыру-көпшілік жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1931-1934 жылдары Алматы қаласындағы партия мектебінде оқып, білім алған. Артынша Көкшетау аудандық газетінің жауапты редакторы болған.

1934 жылдың 21 қазан айында Қазақ өлкелік комитетінің 164-ші жолдамасымен, Шымкент облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Әбдірәшит Бердәулетов Түркістан аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы болып тағайындалған. «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісінің иегері, Түркістан аудандық партия комитеті бюросының мүшесі, газет редакторы Әбдірәшит Бердәулетов 1937 жылдың 15 мамырында Шымкент облыстық партия комитетінің ІІІ-ші конференциясында бірауыздан делегат болып сайланған. Кезінде халқымыздың қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағанбетов сынды зиялы қауым өкілдерімен шығармашылық, қызметтік байланыста болған аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы Әбдірәшит Бердәулетовке аяқ астынан жала жабылып, ол 1937 жылдың қараша айында қамауға алынады. Әбдірәшит Бердәулетов Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы сотының 1967 жылғы ақпан айының 1 жұлдызындағы Үкімімен толық ақталады.

Ал, «Қызыл Түркістан» газетінің 1955-1959 жылдардағы редакторлық қызметін Абдужаппар Абдусаттаров атқарды. Оның «Коммунистік еңбек» газетінің 1974 жылғы 19 февраль күні санындағы естелігінде былай делінген: «Сонау отызыншы жылдары шыға бастаған «Қызыл Түркістан» газетіне тілші ретінде қабылдандым. Бұл менің редакторлық дәрежесіне дейін көтерілуіме үлкен ықпалын тигізді. Аудандық газет Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбекшілерді жауды талқандауға жұмылдыруда, соғыстан зардап шеккен қалалар мен деревняларды қайта қалпына келтіру дәуірінде, колхозды, ауылды, нығайтып, көркейтуде насихат тәрбие жұмыстарын байсалдылықпен жүргізді. Бірақ та қиыншылықтарды да бастан кешірді. Мысалы, қағаздың жетіспеуінен газет кіші форматта аптасына бір-екі рет шығып тұрды. Тиражы 800 – 1000-нан аспаған-ды. Қағаздың кемтарлығы сонша, ескі газеттерді сүтпен ағартып, оны кептіріп, соған авторлардан, тілшілерден түскен мақалаларды қорытушы едік», – деп баяндалған.

Тұрабай Мырзахметов бұл есім түркістандықтарға жақсы таныс. Ол «Қызыл Түркістан» газетін 1954, 1959-1985 жылдардағы редакторы болды. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Редактор Тұрабай Мырзахметовтың «Түркістан» газетінің 2005 жылғы 26 тамыздағы санында жазған метариалынан: «Редакторлық қызметті 1954 жылы қабылдап, 1955 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға түскенше қызмет істедім. Менен кейін аудандық газеттің редакторлығына бұрын редактор болып істеген, республикалық партия мектебін бітірген Абдужаппар Абдусаттаров тағайындалды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген кезімде облыстық партия комитеті 1959 жылдың аяқ шенінде «Қызыл Түркістан» газетінде редактор етіп жіберді. Ол кезде аудандық газет қазақ, өзбек тілдерінде аптасына бес рет төрт бет болып шығатын. 1960 жылдан бастап газет аптасына үш рет шығатын болды. Мұның өзі газеттің оперативті, уақтылы шығуына үлкен ықпал жасады. 1962 жылдан бастап газеттің аты өзгерді. Газет «Қызыл Түркістан» орнына «Коммунистік еңбек» болып шыққты», – деп жазылған.

«Түркістан» газетінің 1985-1993 жылдар аралығындағы редакторы Әмидулла Көпбаев болды.  Әмидулла Көпбаев «Түркістан» газетінің 2000 жылғы 26 маусымдағы санындағы естелігінен: «Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Түркістан») газетіне қызметке келгенімде енді ғана төрт беттік болып шығып, қызметкерлер топтаса бастаған кез екен. Газет редакторы Ә.Әбдісаттаров партия, кеңес жұмысында және баспасөзде көп жыл істеп ысылған, қазақ, өзбек тілдерінде оқи да, жаза да білетін кісі болатын. Қызметкерлерге қатал талап қоюмен бірге ағалық адал қамқорлығы басым түсіп жатушы еді. Мәскеудегі жоғарғы партия мектебін бітірген, сол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы болып істеп жүрген Тұрабай Мырзахметов біздің газетке редактор болып келуі талаптың күшейіп, жұмыс сапасын арттыруға игі әсерін тигізді. Арада бірер жыл өткеннен соң арамыз тағы да жоғары білімді журналист мамандармен толыға түсті. Қазақтың мемлекеттік университетінің түлектері Нұрмахан Оразбеков, Кеңесбек Жарменов, Қаныбек Сарыбаев, талантты журналистер Әбдісал Тәкібаев, журналист әрі ақын Мәмедәлі Әшірбаев, ақын Темірхан Медетбековтер келді.  Бұлардың мінез – құлқы, іске деген қабілеті әр түрлі болғанымен, алдағы жарқын болашаққа деген сенімі, іске деген адалдығы, жауапкершілігі ортақ болатын.

Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен соң 14 жылдай аудандық партия комитетінде жұмыс істеуге тура келді. Онда өзім түлеп ұшқан аудандық газеттен іргемді аулақ ұстаған емеспін. Бір күні аудандық партия комиетінің бірінші хатшысы М.Исақов шақырып, аудандық газетке редакторлық жұмысқа баруым жөнінде келісімімді сұрады. Міне, сонымен өз тағдырымды аудандық газетпен қайта байланыстыруға тура келді. Сол жылдары газет үш тілде қазақ, орыс, өзбек тілінде жарық көрді. Міне, сөйтіп, Кеңес Одағындағы үш тілде бірдей шығатын бірден бір газет Түркістан аудандық, қалалық «Коммунистік еңбек» газеті болды. Коммунизм елесі құрдымға кетіп бара жатқанда газетіміздің аты да бүгінгі талапқа сәйкес болмай қалды, оны өзгерту мәселесі тұрды. Өз ұжымымызбен ақылдасып «Түркістан» деп ат қоюды жоғарғы орындарға ұсыныс жасап, сонымен «Түркістан» атымен шыға бастады», – деп жазады.

Ал, 1993-1998 жылдар аралығында «Түркістан» газетін Сырым Дағмырза басқарды. Алғашында аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде қызмет жолын бастап, осы газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редакторы болып қызмет етті. Одан әрі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойына дайындық пен оны өткізу барысындағы жұмыстарды республика көлеміне насихаттау мақсатымен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Түркістан өңірі бойынша меншікті тілші, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Түркістан, Кентау қалалары бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарды.

Бұдан соң 1998-2013 жылдар аралығында «Түркістан» газетінің редакторлығына Балтабай Нұржанов тағайындалады. Балтабай Нұржановтың өмір жолы «Түркістан» газетімен тығыс байланысты болды. Мектепте оқып жүрген кезінен газетке мақалалар жазып, танылып қалған оны бұрынғы редактор Тұрабай Мырзахметов газетте қызмет етуге шақырып алды. «Талаптыға нұр жауар» дегендей ол газетке ысылған қызметкерлердей қызмет етті. Сол жылы журналистика факультетін бітірген Сырым Дағмырза мәдениет және хаттар бөлімінің меңгерушісі болып істей бастаса, фото тілші болып Нұралы Дүйсекей еңбек ете бастады. Ол кезде газет екі тілде қазақ, өзбек тілдерінде шығатын. Кейін аз уақыт орыс тілінде да шыға бастады. Алғашында корректор болып қабылданған Балтабай Нұржанов қалам қарымына қарай, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы. Редактордың бірінші орынбасары, редактор болып қызмет атқарды. «Түркістан» газетінің 75 жылдық мерейтойы Балтабай Нұржановтың басшылығында республика көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

2013-2017 жылдар аралығында Асан Оспанов «Түркістан» газетіне жетекшілік етті. Асан Оспан жергілікті басылымда 40 жылдан аса қызмет атқарып келді. Ол 1970 жылы сол кездегі қалалық «Коммунистік еңбек» газетінде корректор болып бастап, газеттің барлық саласынан өткен. «Түркістан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактордың бірінші орынбасары, «Тұран-Түркістан» телеарнасының бас редакторы қызметін абыроймен атқарғаны баршаға белгілі. «Тұран-Түркістан» телеарнасында өзінің жеке авторлық бағдарламалары атап айтсақ, «Сәрсенбінің сәтінде», «Көзқарас», «Руханият», «Жұмадағы жүздесу», «Осы дұрыс па?» тағы басқа да циклді бағдарламалар түркістандықтарға жақсы таныс. Ал, 2013 жылдың желтоқсанынан «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директоры-редакторы қызметіне қайта келді. Еңбек жолындағы өмірлік тәжірибесі ақпарат айдынындағы сан-қырлы қаладағы болып жатқан дүниелерді дер кезінде қала тұрғындарына ұсынуда жемісті қызмет атқарды.

P.S. «Түркістан» газеті – өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Бүгінде газеттің форматы өзгеріп, мазмұны байып, безендірілуі жаңаша сипат беріп, қалың оқырманға жол тартып келеді.  Киелі Түркістан өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға аталмыш газетіміз зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Соның нәтижесінде газеттің жыл сайын оқырмандар қатары артып, редакция ұжымы 90 жылдық мерекеге мерейлі жүзбен қауышып отыр.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы