ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ НҰРЫ ТАСЫСЫН

954 көрілім

Түркістан шаһарының ақпарат саласын «Түркістан» газетінсіз еске алу мүмкін емес. Екеуі бір-бірімен байланып жатқан егіз ұғым. Жиырма бес жылдан астам осы газетте жұмыс жасап келе жатқан журналист ретінде айтарым көп-ақ. Иә, көптен бері жаныма жалау болған, туған інімдей бауырмалдық танытқан жақсы адам туралы жазуды ойлап жүр едім. Бүгін соның сәті түсіп, өзгеше құрметпен қарайтын әріптесім туралы қалам тербеп отырмын.
Мәлік Дәулетов есімі түркістандықтарға жақсы таныс, тұлғалық қасиет қалыптастырған біртуар азамат. Өйткені киелі қалада туып өсті. Жас та болса журналистика саласының білгір маманы болып үлгерген іскер жас. Алғашқы еңбек жолын облыстық басылымдарда тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған ол туған қаласының өсіп өркендеуіне үлес қосу мақсатында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Түркістан қаласындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Одан кейін Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып 7 жыл атқарған абыройлы еңбегін ел жақсы біледі.
Ал, 2017 жылдың қараша айынан бастап қаламыздағы қарашаңырақ басылым «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторы қызметін атқарып келеді.
Әуелі басшым ретінде атап өтсем де болатындай. Одан кейінгі кезекте әріптесім, қаламдас інім, бауырым деп кете берсем артық болмайды. Бойынан қашанда адамгершіліктің иісі аңқып, білімділіктің қарымы көрініп тұратын ізгі ниетті азамат десем болады. Ең әуелі басшы тұрғысынан тындырған істері жетіп артады. Газетіміздің үлкен форматта, жаңа дизайын үлгісімен оқырман қауымға жол тартуы үлкен бастама болды. Қала тұрғындары жылы қабылдап ерекше бағалады. Сонымен бірге газеттегі мақала мазмұндарына реттеу жүргізе отырып, нақты тақырыпты арқау еткен, келелі дүниелерді сарапқа салған, тұрғындардың мұң-мұқтажын жоқтаған, жұрт игілігінің жүгін көтерген материалдарға баса назар аударды. Әрбір мақаланы оқып, ондағы кемшіліктерді, жетпей тұрған жерлерін көрсетіп сапалы дүниелер беруді мықтап қолға алды. Енді осы бір жауапкершілікті сезініп, шынайы ұқыптылық танытып келе жатқан қасиеті мақтауға тұрарлық.
Бүгінгі қоғамның шындығын айтқанда көптеген газеттерде бірде-бір мақала жазуды білмейтін, журналистерінің не жазып, не қойып жүргеніне бас қатырмайтын бастықтардың бар екенін ескерсек Мәліктің өз саласының үздігі екеніне талас тумақ емес. Бұдан басқа да тындырып жатқан істері жеңіп артылады. Ал адамгершілігі тұрғысынан сыр шерте кетсек, бүгін таусылмасы белгілі. Қашан болмасын бүйрегі бұрылып, қолынан келсе жақсылық жасап, кішіге аға, үлкенге іні болып жүретін жақсы қасиеттерін үнемі көріп жүрміз. Әлде біреулерге істеген жақсылығын бұлдамайтын асыл қасиеті тағы бар. Құдай-ау осының барлығын айта берсең бір емес бірнеше том кітапқа жүк болатындай.
Енді бұның барлығын айтып отыруымның себебі жеткілікті. Өйткені шаһардың гүлденуі үшін күні-түні ұйықтамай ақпарат шебінде арпалысып жүрген Мәлік Дәулетов Елбасының бастамасымен өтіп жатқан праймериз яғни, «Nur Otan» партиясы ішіндегі сайлауға қатысып жатыр. Содан да ұлттық болмысымызға жол алған «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» қағидасына ат басын бұрып жатқан жайым бар.
Қалай болмасын Мәліктің кандидатурасы өте орынды. Өзі Түркістанда туып өсіп, еңбек жолында осы қалада түлеген білікті жас маман. Ақпарат аламанында жүргеннен соң да халықтың жағдайын өте жақсы біледі. Асыра айтар болсақ әр тұрғынның басында қандай жағдай бар, қай көшеде жол жөнделмеді, болмаса қай көшеге газ кіргізудің маңызы зор деген мәселелер көкейінде сарнап тұр. Қандай да бір жақсылық немесе пайдалы іс бола қалса қала тұрғындары алдымен игілігін көрсін деп жүгіретіні даусыз. Міне осы секілді ойлар тізбегін саралай келсек дауысты кімге беру керектігін шеше аламыз деп қараймын. Бұл жерде баршамыздың арман мақсатымыз тұрғындарға шынайы жаны ашитын, жағдайын біршама толық білетін, елгезек, қолынан іс келетін азаматтың жеңіске жетуі. Осы жағынан да біз айтып отырған бағаға өте лайықты деп қарау жөн болмақ.
Өз басым Түркістан тұрғыны ретінде де сөзінен де, қолынан да іс келетін жүйрікті таңдаған болар едім. Енді ол жерде құрдан-құр біреу осы адамға дауыс беру керек деп айтты деп дауыс бермесіміз белгілі. Алдымен көпке ұсынған бағдарламасына, оның мазмұнына, тигізер пайдасының салмағына қараймыз. Бұл тұрғыдан да Мәлік Жұмаханұлының тұғырнамасы биік тұр. Әрбір түркістандықтың бар мүмкіндікті пайдалана алу жолына арналып отыр. Қала тұрғындары болған сіз бен бізге керегі де осы. Әрбір істің түркістандықтар үшін атқарылып, қызмет етуі болып табылады. Көпшілік екі ойлы болмастан таңдауымызды жасайық. Жасағанда да шаһар үшін шыр-пыр болып жүрген, жас та болса бас болған Мәлік Дәулетовке дауыс берейік.

Ләззат САРЫБАЕВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы