Бүгінгі таңда Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияішілік праймеризге үміткерлер өз бағдарламаларымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл да бір немқұрайлылықты жатсынатын, елеулі маңызға ие саяси науқан. Себебі, бүгін партия мүшелері таңдаған үміткерлер ертең бүкіл халықтың алдына шығып, түрлі деңгейдегі мәслихат және Парламент депутаттығына үміткер бола алады. Ал, одан да оза шапқандары халық қалаулысы атанбақ. Сондықтан бұл науқанға мән беріп, белсенділік танытқанымыз жөн.
Алғаш рет өткізіліп отырған саяси науқанға қатысуға шешім қабылдап отырғандардың бірі ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Ақмарал Үсенқызы Батырбекова. Алдына ауқымды мақсаттар қойып, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуды басты бағыт етіп ұстанып отырған замандас құрбымызды қолдай отырып, көпшілікке таныстыруды жөн санадық.
Ақмарал Үсенқызы Батырбекова 1966 жылы 16 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1983 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1988 жылы ағылшын және неміс тілдері пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1988-2002 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы М.Мәметова атындағы №6 орта мектебінде мұғалім, 2002-2004 жылдар аралығында Түркістан қалалық білім бөлімінде ағылшын тілі пәнінің әдіскері, 2004 жылдан 2018 жылға дейін Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімінде әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін атқарды. Ал, 2018 жылдан бастап қалалық білім бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Дарақ бір жерде көгереді» дегендей, білім саласында 30 жылдан аса уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан Ақмарал Үсенқызы өз ісін жетік білетін тәжірибелі маман. Өзінің еңбек жолында жауапкершілік, ізденімпаздық, талғампаздык, жаңашылдык, ұйымдастырушылық, үнемі алға қарай ұмтылыс жасап, көшбасшылық қырымен де танылған, әртүрлі ұсыныс пен құнды пікірлер айта білетін қасиеттерімен де ерекшеленеді. Елеулі еңбектері еленіп, Республикалық, облыстық деңгейлердегі төсбелгілерге, «Құрмет грамоталары» мен басқа да түрлі марапаттарға ие болған. Қазақстан Педагогикалық Академиясының Профессоры атанған Ақмарал Үсенқызы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісінің, «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Желтоқсанның 30 жылдығы» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалдарының иегері.
Түркі дүниесінің рухани орталығы – Түркістан қаласын мәдени, әлеуметтік жағынан дамытуға осындай тұлғалардың қосар үлесі зор болмақ. Сондықтан түркістандық партияластарымды Ақмарал Үсенқызын қолдап дауыс беруге, лайықты таңдау жасауға шақырамын. Ендеше, лайықты тұлғаны таңдайық.
Ләззат САРЫБАЕВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
