Елбасы “Түркістан-Арена” стадионына барып, кейін «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залында болды. Нұрсұлтан Әбішұлы концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға арналған көпфункционалды мәдени нысанмен танысты.
Қала төңірегінде дүниежүзі бойынша кең тараған спорт түрі – футболды дамыту мақсатында УЕФА-ның халықаралық талапқа сай 7000 адамға лайықталған алып стадион бой көтерген болатын. 2 спорт зал, әлемдік талаптарға жауап беретін табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер бар спорт кешені пайдалануға берілетін күн де алыс емес. Жаңа стадионда облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары мен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өтетін болады.
Түркістандағы стадионның құрылысына «Asia Sport Construction» құрылыс компаниясы жауапты болып бекітілген. Стадион УЕФА бекіткен талаптарға сай жасақталып, арена құрылысы аяқталған соң «УЕФА-3» сертификатына ие болады. Бұл – стадион халықаралық масштабтағы футбол ойындарын қабылдай алады деген сөз. Оған УЕФА чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды ірі жарыстар мен ұлттық құрамалардың ойындары да кіреді. Демек, түркістандық футболсүйер қауым енді халықаралық деңгейдегі ойындарды өз қаласынан көруге мүмкіндік алмақ.
Стадион 7 мың адамға лайықталып салынған. Жанкүйерлер ауа райының қолайсыз кезінде де стадионда емін-еркін отыра алады. Фанаттарға арналған секторлар толық жабылған. Стадионның жалпы көлемі 36 500 шаршы метрді құрайды. Оның 15 000 шаршы метр аумағында футбол алаңы, жаттығу орны, жүгіру жолақтары орналасқан. Стадионның басты секторында киім ауыстыру бөлмесінен бөлек жаттығу залы, конференция орталығы, БАҚ өкілдеріне арналған бөлме мен құрметті қонақтарға арналған жай орналасқан.
Айта кетейік, Түркістан қаласында әзірге футбол командасы жоқ. Соңғы рет ел чемпионатында ойнаған Түркістанның командасы «Яссы» клубы болған. Ол 2005 жылы жабылған. Содан бері рухани шаһардың намысын қорғайтын команда әлі құрылған жоқ. Бірақ, облыстағы спорт саласының басында жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, жақын күндері «Тұран» клубы құрылады. Онда тек қазақстандық аяқдоп шеберлері доп теппек. Жергілікті футболшыларды қатарына қосатын команда премьер-лига клубтарымен бәсекелесе алатындай болып жасақталмақ.
Түркістан-ақпарат.
