ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

1  093 көрілім

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына келді.  Елбасы Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысты.   Қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған.  

 Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи шешімі шежірелі шаһардың дамуына тың серпін берді. Сапар барысында қаланың бірқатар жаңа нысандарын аралау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында жариялады.

Айта кетейік,   Түркістанда салынып жатқан «Hazret Sultan» әуежайы Гинестер кітабына енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің facebook парақшасында жариялаған болатын. Ол өз сөзінде: «Инвестор әуежай құрылысының әлемде тез салынған нысан ретінде Гинестің рекордтар кітабына енгізу туралы өтініш түсірмекші. Нысан өте жылдам уақытта салынып жатқанымен, Hazret Sultan Airport (HSA) құрылысы сапалы жүргізілуде. Жуырда құрылыс барысымен елордадан келген делегация танысып қайтты. Қонақтарға ұзындығы үш шақырымнан астам, екі шақырымнан асатын ұшу-қону жолағы көрсетілді. Әуежай құрылысын жүргізушілер бұл жерде үлкен ұшақтардың өзі жұмсақ қонады деп уәде беруде. Техникалық ұшырылым осы айдың соңында жүргізіліп, ал толық пайдалануға келесі жылдың қаңтарында берілмек,- деді.

   Әуежай құрылысына 341 жұмысшы мен 106 бірлік техника жұмылдырылған. Халықаралық әуежай терминалының жолаушыларды өткізу мүмкіндігі – сағатына 450 жолаушы, аумағы 10,5 мың шаршы метр, ал ұшу-қону жолағының параметрі 3300х45 метр болады.  Сондай-ақ ұшу-қону жолағы мен перронның 2 қабат шағал-тасты қоспасы және рульдеу жолының 1 қабат шағал-тасы төселген.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы