ОНЛАЙН КОНФЕРЕНЦИЯ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

1  199 көрілім

Алтын Орданың 750, жазушы Сәбит Мұқановтың 120 және ақын Міртемір Тұрсыновтың 110 жылдығы кең көлемде аталып өтілді.

Қаламыздағы Қожа Ахмет Ясауи атындагы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркі тілдес халықтар кітапханасында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Алтын Орда руханиятынан арна тартқан» тақырыбында Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция өтті. «Жанубий Қозоғистон» облыстық газеті және «Ижодкор» әдеби бірлестігінің бастамасымен өткен аталмыш жиынға әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, жазушы Мархабат Байғұт, «Жанубий Қозоғистон» газетінің директор-бас редакторы Алишер Сатвалдиев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, БАҚ өкілдері және ұстаздар қатысты.
Жалпы 24 түркі тілде 49 мыңнан астам құнды кітаптар қоры жинақталған түркі тілдес халықтар кітапханасында татулық, ынтымақ, руханият және әдебиет байланысын нығайтуды мақсат еткен онлайн конференция модераторы «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек Алтын Орда тарихын бүгінгі күнмен байланыстырып кіріспе сөзімен ашты. Түркістаннан шыққан атақты ақындар Адыл Якубов, Насыр Фазыловтардың шығармаларын ұлы ақын Міртемір Тұрсынов және әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтармен байланыстырып, абыз тұлғалар жайлы терең ойын жеткізді. Биыл 75 жасқа толған жазушы, халықтар достығы мен әдебиет байланысы жанашыры, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт өз сөзінде бүгінгі алқалы жиын қазақ-өзбек халықтары бірлігі мен татулығын нығайтуға, достық байланысын одан ары бекемдеуге арналғанын атап өтті. Өз кезегінде шараның ұйымдастырушылар тарапынан Мархабат Байғұт ағамыздың мерейтойына орай иығына шабан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ, шара барысында онлайн тізімі бойынша облысымыздағы барша аумақтар көрші Өзбекстанмен байланыс орнатып, экранда педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Қазақбай Жолдасов бүгінгі шара ел бірлігі мен рухани байлығымызды нығайтуға зор мүмкіндік беретінін атап өтсе, ақын Міртемірдың Ташкентте тұратын 72 жастағы ұлы Мырзатайдың әкесінің кіндік қаны тамған Түркістанда өткізіліп отырған бүгінгі ғылыми-теориялық конференцияның мәні мен мағынасына терең тоқталып, алғысын жеткізді.
Аталмыш шара аясында Міртемір Тұрсыновтың 110 жылдығына арналған Халықаралық мүшәйраға Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан көптеген ақындар белсенді қатысып, барлық шығарма авторлары марапаттан шет қалмайтыны айтылды. «Әдеби достық – мәңгі достық» дегендей, Түркістанда өткен онлайн конференция алдағы уақытта екі халықтың ынтымағы мен достығына қызмет ететініне бек сенімдіміз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы