ПРАЙМЕРИЗДІҢ ПІКІРСАЙЫС КЕЗЕҢІ ҚЫЗА ТҮСУДЕ

759 көрілім

Праймериздің пікірсайыс кезеңі қыза түсуде. Үміткерлер сөз сайысында аянып қалған жоқ. Ел игілігін еселеу жолындағы жоспарланған қадамдарымен таныстырып, ұсыныстарын жеткізіп жатты. Үміткерлердің белсенділігі болар, пікірсайысты жүргізушілер уақыттың шектеулі екенін алға тартып жиынды тоқтатуға мәжбүр болды. Осы сында праймеризге үміткер, қалалық «Түркістан», «Туркистон» ЖШС газеттерінің директор-редакторы М.Дәулетовте аламан бәйгеге, яғни пікірсайысқа түсті. Ол өзінің бағдарламасынан бөлек қала аумағында назар аударуды қажет ететін ұсыныстарын көпшілікке жеткізді. Шектеулі уақытқа шақтап үш мәселені алға тартты.

Сонымен аталған үш мәселеге тоқталып өтсек, Түркістан қаласының өзінде дәл қазіргі уақытта құрылыс мамандары тапшы болуда. Елдегі шектеу шараларына байланысты жекелеген азаматтардың құрылысқа қатысты жоспарлары орындалмауда. Бұл отандық құрылысшылардың жетіспеушілігін немесе осы салаға бейім азаматтардың аз екенін көрсетіп келеді. Осы бағытта құрылыс саласындағы немесе өзге де кәсіптік бағыттағы мамандарды көптеп оқытуға және оларды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген мамандарға талдау жүргізіп, әрбір құрылыс мекемелеріне жас мамандарды жұмысқа алу керектігін көтерді.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласына еліміздің барлық аймақтарынан және шетелден келушілердің қатары көп екені жасырын емес. Қала тұрғындары арасында осындай туристерге қызмет көрсету арқылы табыс көзін арттырып отырған азаматтар аз емес. Бірақ, қаламызда осы бағыттағы сервистік қызмет көрсету деңгейі төмен екенін жасыра алмаймыз. Бұл ретте мейрамхана, асхана секілді халыққа қызмет көрсететін жекеменшік нысан қызметкерлерін қайта даярлау курстарынан немесе еліміздің өзге қалаларындағы сервистік қызмет көрсетумен айналысатын үлгілі ұйымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылса және қысқа мерзімді арнайы оқу курстарын ұйымдастыру керектігін баса айтты.

Сонымен бірге, ана тілімізге қатысты мәселеде өзінің тұшымды ойын білдірді. Түркістан қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарға түсініксіз атаулар берілген. Оған қоса қазақ тілінде жазылған сөздерде грамматикалық қателіктер көптеп кездеседі. Бұның барлығы тіліміздің шұбарлануына әкеліп соғатыны белгілі. Осыған байланысты әрбір кәсіпкерлік нысандардың атауын тіркеу кезінде ономастикалық комиссияның немесе қала әкімдігіне қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің келісімі талап етілсе деген ұсыныс жеткізді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы