БІЛІМ БЕРУДІҢ АЛТЫН ҒАСЫРЫ БАСТАЛҒАНЫН НАҚТЫЛАҒАН ЖОЛДАУ

887 көрілім

Елімізде халықтың үміт арта отырып, асыға күтетін оқиғалар қатарында жыл сайынғы президент жолдауы бар екені өтірік емес. Оның көп түрлі себептері бар. Ең өзекті дүние жолдау барысында ортаға салынып әрі шешілуі тиіс болған мәселелер тізбегі. Міне бұл тұрғыда халықтың көптеген армандары орындалуға бір қадам жақындайды деген сөз.

Жылдағыдай жолдау жасалынды. Бұрынғыдан айырмашылығы өте күрделі кезеңде жасалынғаны. Елімізді қала берді тұтас әлемді сарсаңға салған індет жағдайы бәрімізге белгілі. Оның әсері елдік экономикаға немесе басқа да салаларға ықпал етеді. Осы жағдайдан қарағанда алдағы уақыт мінсіз шешімдер мен нәтижелі шараны қажет етеді. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауы көп мәселеге жауап беретіндей. Елді қиын кезеңнен кейінгі жағдайдан алып шығар жол нұсқаушы екені де ақиқат.

Міне осы жолдаудың V бөлімін қолжетімді әрі сапалы білімге арнап, толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек екенін ескере келіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлегенді жөн санады.

Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керегін атап өтті.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығын тілге тиек етіп, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдағанын, жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта беретінінен хабардар етті.

Енді бір сөзбен айтқанда білім саласындағы үлкен өзгерістер соңғы жылдары қарқынды дамыды. Індет жағдайы бұл салада түбегейлі өзгеріс жасап, барлық салада білікті мамандар даярлаудың ауадай қажет екендігін тіпті де терең түсіндіргендей болды. Кешегі өнер-білімге жетелеген  ұлы Абай тағылымы мен білімсіз күнің жоқ дейтін халықтық даналықтың астары терең болғаны тағы бар. Осы айтылған дүниенің барлығы жалаң білімге емес, сапалы білімге мән берудің маңызын тағы қайталағандай.

Неде болса да жолдауда сөз болған сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін жасалынып жатқан барлық мүмкіндіктер ел болашағына арналып отыр. Білім саласын жаңа бағытқа беттеп, терең қолдау білдіру   педагогтар қауымына тың серпіліс беретіні анық. Осылайша елдің болашағы болған жас ұрпақтар өрелі білім ала отырып, жаһандық білім шыңында өздерін көрсете білетін болады. Біліктіліктері еселенген сайын бағындыратын белестері де көбейе түспек. Бұл еліміздің әлемдік көште өз орнын мықтап бекемдеудің барар жолы.

Атаулы жолдау барлық қазақстандықтарды білім саласында таңғажайып жетістіктердің көп ұзамай қолға келетініне, бәз біреулер сын астына алатын білім берудің келмеске кеткенін түсіндірді. Былайша айтқанда педагог мәртебесі көтерілген сайын үздік те, кіл жүйріктердің іріктелетінін, шынайы білімнің алтын ғасыры басталғанын көрсетіп берді.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы