Елімізде халық жағдайы туралы пікірлер сан алуан. Ал осы халықтың өмір-тіршілігін жаңа деңгейге көтеретін, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін мемлекет екені белгілі. Енді осы мемлекет не істеп жатыр, не істеп бере алды сұрағына жауап беретін жолдау екені тағы бар. Биылғы жолдау халық тұрмысының иріміне арналды десек болғандай. Олай болатыны мынадай қарапайым қағида бар. Халық еңбек етіп тер төгеді. Оның жемісі елдің әлеуетін арттырып, экономикасын көтеріп, бірлігін бекемдеуге арналады.
Ал осы реткі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауы да халық тұрмысының маңыздылығына бағытталып отыр. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі жағдайларға сараптама жасай отырып, індет кезінде атқарған жұмыстар легіне тоқталыпты. Әр саладағы үнсіз еңбек етіп жатқан мамандардың қалтқысыз адалдығын да айтып өтіпті.
Сонымен бірге осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын тілге тиек етіп, осы бір жеңісті жолдарды одан армен дамытып, тіпті де бекемдей түсудің маңыздылығы жайлы сөз қозғапты. Елімізді тіпті де дамыта түсуге нақты жобалар ұсынылып, бірқатар тапсырмаларда шегенделіпті.
Әлемдегі қиын жағдайдан кейінгі кезеңнің салмақты әрі өте қиын екенін ескерсек жаңа бағдардың маңызы ерекше екені шын. Осы тұрғыдан алып қарағанда «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер – қуатты ел» тақырыптары арқылы таныстырылған жобалардың берері мол. Осы арқылы еліміздегі көптеген салаларға өзгерістер мен толықтаулар енгізіле отырып қарқынды даму жүзеге аспақ. Президент өзі уәде еткен саяси жаңғыру үрдісі азаматтар мен мемлекет мүддесіне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асыратынына сөз бергенін ескерсек ел болашағы тіпті де кемелдене бермек.
Мейлі қалай болмасын өзгерістер елдің дамуының алғышарты екені белгілі. Содан да әр саладағы тың бастамалар түбі жеміс берері даусыз. Міне осы жолғы жолдауда қолға алынған көп дүниенің басты мақсаты халық тұрмысын жақсарту болып табылады. Осы бір жобалар жүйелі орындалып, ел игілігіне айналса нұр үстіне нұр болмақ. Қашан болмасын жетер жетістігіміз көп болып көсегеміз көгере бергей. Мемлекеттік әлеуетіміз артып құдіреттене берсек деп армандаймыз. Ол үшін ынтымақ пен жігерімізден айырмасын. Жолдау халыққа жол алып бір қуантса, ондағы дүниелер орындалып марқайтса одан асқан не бақыт болсын. Ақиқаты бұл реткі жолдау билік үнін халық жүрегіне апарар жол екенін айта кету ләзім.
Ұлжан МҰСТАФАЕВА,
Қалалық әйелдер алқасының төрайымы.
