ДАРХАН ДАЛАМЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

553 көрілім

1995 жылдың 30-шы тамызы – Тәуелсіз Еліміздің өркендеуі мен өрлеуінің негізі, мемлекеттігіміздің маңызды нышаны – Ата Заң қабылданған қасиетті күн.

Бұл күн – жүрегі Қазақстаным деп соққан әрбір азаматтың қастерлі мерекесі. Өйткені Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Ата Заң – тәуелсіздікпен егіз ұғым! Осынау 25 жыл біздің ұлттық тарихымызда ерекше орын алары сөзсіз. Сөз жоқ, бұл жылдар республика тарихындағы мейлінше қиын, салауаты мен ғибраты мол кезең. Оның бастысы – заңға негізделген қоғамдық бірлік пен тұрақтылықтың ең асыл қазына, баға жетпес байлық екендігі. Мемлекет дегеніміз – аумақтың тұтастығы, азаматтардың бірлігі, билік институттары ғана емес, сонымен қатар бойына ұлттың өмір тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген ізгі үмітін халықтың тарихи тұжырымы – Конституция арқылы сіңірген жасампаз идеясы деп білу керек.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «заң жоқ жерде теңдік те, шынайы бостандық та жоқ!» дейді. Яғни, Конституция – қоғамдағы теңдік пен әділеттілік рухын қалыптастыратын, әрі оны демейтін ең тегеурінді қуат көзі. 25 жылдың ішінде біздің Ата Заңымыз тәуелсіз еліміздің тез есейіп, бұғанасы қатпаған балаң күйден өз жолы бар, берекелі Ел дәрежесіне дейін жедел жетілуіне жағдай жасады. Өйткені негізгі заң дүние жүзінің ең озық заңнамалық тәжірибесін қорытып, еліміздің ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып жасақталды. Ең бастысы, Ата Заң далалық дәстүр мен халқымыздың ежелгі өркениетінің шеберханасында шыңдалып, бір кездегі билер институты, Жеті Жарғы секілді ұлттық дәстүр мен әдеттің рухын бойына сіңірді. Сондықтан да, Қазақстан Конституциясы әлемнің тәжірибесі және төл мәдениетіміз бен әдебімізге арқа сүйейтін заман талабына сай құжат екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Конституциямыз биік мұраттарға қол жеткізетін басты құндылық – халқымыздың бар болмыс бітімін бейнелейтін сабырлылық, ұлтаралық және азаматтық келісім.

Біздің Конституция ішкі даму мәселелерін тиімді шешу үшін де, сырттан төнген осы заманның жаңа қауіп-қатерлеріне тиісті жауап беруге де қуаты жететін құжат екендігін уақыт дәлелдеді. Сондықтан негізгі заңның мұқалмас күшін әр азаматтың санасында орнықтыру, қоғамдағы беделі мен әр адамның Ата Заңға деген құрметін арттыру – біздің міндетіміз. Конституцияны қатаң сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының және қоғамдағы азаматтық татулықтың негізі. Ата Заңды өмірлік бағдар ету – баршамыздың бойымыздан табылуы тиіс мемлекетшіл мінездің жоғары мектебі. Конституцияны қастерлеу – туған жеріміз бен тарихымызды, тіліміз бен ділімізді қастерлеумен теңесуі тиіс азаматтық парыз. Конституцияға құрмет көрсету, оның нормаларын бұлжытпай сақтау – әр адамның Мәңгілік Елге қосқан үлесі, Отанына деген адалдығының белгісі. Қиындыққа мойымай, озық отыз елдің қатарына ұмтылған еліміздің кемел келешегі үшін Ата Заңға арқа сүйеп, жұмыла еңбек етсек, аймағымыз ажарлы, болашағымыз баянды, жастарымыз бақытты, Еліміз мәңгі болмақ. Сол берекелі істеріміздің алтын арқауы Ата Заң екендігін лайым есте сақтау – баршаға міндет, бас құжатқа лайықты құрмет көрсету арқылы Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелей білу – бізге парыз. Ата Заң күнін атаудың негізгі ғибраты да осы болса керек. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді.

Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы