РАМАЗАН КЕРУЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1  276 көрілім

Кеше Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Түркістан Ахмет Ясауи» орталық мешітінде «Рамазан керуені» қайырымдылық шарасы өткізілді. Игі шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы арнайы қатысты.
– Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлсін. Барша мұсылман бұл күнді асыға күтеді. Және де Аллаһ Тағаладан келесі ораза айт намазына аман-сау жетуі үшін бір-біріне шын ниетпен тілектес болып отырады. Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай жасаған иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан айы болмақ. Әрине қай қоғам болмасын өз даму жолында мұқтаждықтан айналып өтпесі хақ. Сондай жандарға көмек қолын созу сіз бен біздің парызымыз, – деген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы алдағы ораза айтына аман есен жетіп, елімізге ынтымақ пен бірлік, халқымызға береке, дінімізге қуат, өзімізге иман берсін деп – ізгі тілегін жеткізді.
Осы шарада әлеуметтік көмекке мұқтаж 225 отбасыға азық-түлік өнімдері үлестірілді. Азық-түліктер қалаға қарасты мешіттердің имамдарына тапсырылып, олар әрбір отбасыға өздері барып табыстайтын болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы