Мамыр айының 18-23 жұлдызы аралығында Ақмола облысы, Атбасар қаласында 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігінде еліміздің барлық облыстары мен үш қаласынан келген 170 астам жас былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда кім мықтыны анықтады.
Аталмыш чемпионатта сынға түскен жас жерлесіміз Ерсұлтан Төлеген 50 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы атанды. Тартысты өткен сайыс барысында өз қарсыластарынан басым түскен Ерсұлтан киелі қаламыздың мәртебесін тағы бір рет асырды. Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінің тәрбиеленушісі әкесі әрі бапкері Марат Әбдиевтің қол астында 2015 жылдан бері бокспен айналысып келеді. Айта кетсек, Ерсұлтанның бұл алғашқы ірі жарысы. Демек, жас өреніміздің қадамы сәтті болды.
Енді Ерсұлтанды Кувейт елінде тамыздың 1-9 аралығында өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Жолдаманы жеңіп алған жерлесімізге дүбірлі додада көк туымызды желбіретіп, абыроймен оралуына тілектеспіз.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».