Нұртас ауылының балғындары енді жаңа спорт кешенінде жаттығады. Аталған ауылдағы «Аманкелді» жалпы орта мектебін 1999 жылы бітірген түлектері ауыл балаларын спортқа баулу мақсатында оларға шағын жаңа спорт кешенін тарту етіп, бокстан арнайы турнир өткізді. Салтанатты шараның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары мен ақсақалдары қатысып, ақ баталарын берді.
Кешеннің ашылу салтанатында сөз алған ауыл қариялары Ерғали Тілеубергенов пен Қандәулет Нәлтаев түлектердің игілікті ісіне ризашылығын білдіре келе, мұның барлығы да елдегі ынтымақтың арқасы екенін жеткізді. Ал бокстан балалар бапкері Алмас Исламұлы кешеннің балалар боксына жасалған үлкен қолдау екенін айтып, алдағы уақытта ауылдан чемпиондар шығатын боксшылар дайындауға барын салатынын жеткізді. Түлектер шарасы кешкісін ата-бабалар рухына арналған ауызашарға жалғасты.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ,
«Түркістан».