Алдымен сахнада қалалық сазды-драма театры өнерпаздарының әсерлі театрландырылған көрінісі қойылды. Онда Алла Тағаланың ең соңғы әрі сүйікті Елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келгені сомдалды.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген имамдар мен шәкірттер кеш қатысушыларымен бірге Мәуліт оқып, жиналған көпшілікті айрықша әсерге бөледі. Кеш барысында ҚМДБ-нің наиб мүфтиі, Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы Алау қажы Шайқымұлы жиналған қауымды Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күнмен көпшілік қауымды құттықтады. Тәуелсіздігіміздің арқасында өшкеніміз қайта жаңғырып отыр, сондықтан діні мен дәстүрін үйлестірген халқымызға қасиетті ай құтты болсын дей келе Түркістан облысының имамдары мен мешіт қызметкерлері есебінен 3 шәкіртке жылдық оқу ақысын, яғни, сертификаттарды олардың ата-аналарына салтанатты түрде тапсырды.
Сонымен қатар кеште Түркістан облысының өкіл имамы және «Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Мұсабек Ақтамбердіұлы Мәуліт мерекесін ізгілікті, қайырымдылық әрекеттерді жасау арқылы атап өту – баршамызға парыз. Осынау қасиетті айда Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін деген ізгі ниетін жеткізді. Рухани кеш барысында әдеп, тәрбие, имандылық тақырыбында ән мен термелер орындалды.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».